Жаңалықтар

Тәуелсіздік пен тұрақтылық кепілі

Тәуелсіздік пен тұрақтылық кепілі

Қазақстан – ұлан-байтақ өңірді мекендеп жатқан қазақ халқының және онымен тарихи тағдыры бір арнада тоғысқан барша ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Елдегі татулықтың үлгісін ең алдымен бұл жердің ежелгі иесі – қазақ халқы көрсетіп, бүкіл іске ұйытқы болып келеді. Бүгінде Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау – әрбір Қазақстан азаматының биік мақсаты, басты борышы десек, оны құқықтық мемлекетке, демократияшыл қоғамға тән заңдылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана жүзеге асыра аламыз. Мұның бірінші шарты – Конституцияны білу, сақтау, қадірлеу болса керек. Сонау әз Тәукенің заманында да қазақ қауымының дәуірлеуі заңды жоғары ұстауына, сол заманға сай мықты заң құжаттарын шығара алуына және соның талаптарына жүгінуіне байланысты болғанын барлығымыз жақсы білеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде егемендігімізді нығайтуға, заңдылықты сақтауға байланысты елімізде қыруар іс тындырылды. Кейінгі жылдарымыздағы қалыпты даму жолдарымыздың бір бастауын осы қағидалардың жүзеге асуынан деп білсек артық айтпаған болар едік. Бүгінгі Қазақстан бүкіл әлемге экономикалық жағынан қуатты, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты мемлекет ретінде танылуы соның арқасы. Қазақстан Республикасы 1992 жылдың наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтіп, дүниежүзілік қауымдастықтағы тәуелсіз мемлекеттердің біріне айналды. Содан бері демократиялық, кұқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құруды бастады. Сондықтан кұқықтық жүйені елде жүріп жатқан түбегейлі экономикалық және саяси-әлеуметтік реформалар талаптарына ғана байланысты емес, бүкіл құқықтық жүйесін жалпы жұрт таныған халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіруге ұмтылды. Тәуелсіз еліміздің 90 жылдардан бергі даму ерекшеліктеріне байланысты конституциялық заңнама үнемі жетілдіріліп, бірқатар өзгерістерге ұшырап келеді. Мұның бәрі мемлекетіміздің бір формациядан екінші формацияға ауысуына, нарықтық экономиканың ерекшеліктеріне, ұлттық жаңғыруға, тоталитарлық жүйеде қалыптасқан түсініктер мен ұғымдардан арылу процесіне, демократиялық құндылықтардың санаға бірте-бірте сіңуіне, көпұлтты мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты болғанын айтуымыз керек. Жалпы алғанда, конституциялық заңнаманың өзі бір қалыпта қалуы мүмкін емес. Көптеген мемлекеттердің саяси тарихы мен тәжірибесі соны көрсетеді. Бұл жерде тұрақтылығы, ілгерілеуі жөнінен үлгі ретінде ұсынылып жүрген АҚШ-тың конституциясын мысалға алуға болады. 1787 жылы қабылданған Конституцияға араға төрт жыл салып, 1791 жылы алғашқы өзгерістер жасалды. Бұдан кейінгі кезеңдерде де 14 мәрте түзету енгізілді. Басқа елдердің тәжірибесінен де мұндай мысалдарды табу қиын емес. Қазақстан сияқты жаңадан құрылған жас мемлекеттің тұрақты Конституцияға ие болуы үшін өтпелі кезеңдерді бастан өткеруі қажет еді. Бұл процесс әлі де жүріп жатыр. Конституциялық заңнаманың осылайша ілгері дамуы бүгінгі өмір шындығына айналған. Биылғы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткені белгілі. Референдум – демократия мен саяси теңдікке жетудің тиімді жолы саналады. Елімізде мұндай саяси шара екінші рет өтті. Бұған дейінгі конституциялық өзгерістердің барлығы Парламенттің отырысында мақұлданып, қабылданып келді. Бұл конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара болды. Референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс берді. Жалпы алғанда, референдумда заңның 33-бабына 56 түзету енгізілді. Бұл 5 бағыт бойынша құқықтық негіз қалыптастыруға арналды. Яғни, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің күшін күшейтіп, мәртебесін арттыру, ел басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру қарастырылды. Президент айтқандай, конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашты. Бастысы, бұл өзгерістер халық өмірін жақсартуы тиіс. Референдумға азаматтар ерікті түрде қатысты әрі бұл жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделді. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін болған референдумға 8 миллионнан астам адам қатысып, олардың 89,1 пайызы қолдап дауыс берген болатын. Ал осы жолы дауыс беруге құқылы 11 миллионнан астам адамның 8 миллионға жуығы қатысып, оның 77 пайызы саяси өзгерістерді құптады. Енді Қазақстан халқы жаңарған Ата заңның тәртібіне сай өмір сүреді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырып, сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді, азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырып, саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырады деп сеніміз. Биыл ҚР Конституциясының қабылданғанына 27 жыл толып отыр. Бүгінгі біздің Ата заңымыз қоғамдық келісімді, адам мен азаматтың құқықтарының сақталуына кепілдік беріп, мемлекетіміздің әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінуіне жол ашқан басты құжат екенін айтуымыз керек. Осы орайда барша жамбылдықтарды еліміздің айрықша мерекелерінің бірі – Конституция күнімен құттықтаймын. Елімізге тыныштық, мемлекетімізге даму мен өркендеу, әр азаматына бақытты ғұмыр кешуді тілеймін!  

Жомарт РҮСТЕМБЕКОВ,

облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі

сот алқасының төрағасы.