Жаңалықтар

Бір литр дизель отыны отандастарымыз үшін 230, шетелдіктерге 450 теңгеден босатылады

Бір литр дизель отыны отандастарымыз үшін 230, шетелдіктерге 450 теңгеден босатылады

Жанар-жағармай мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды. Әсіресе дизель отынын қолданатын жүк көліктері мен жеңіл автомобиль жүргізушілері ол нарық бағамына бағынбай жылдағыдай көтеріліп кетеді ме деген алаңдаушылық білдіруде. Оған еліміздің кейбір аймақтарында жанар-жағармай құю бекеттерінде орын алған жағдайлар да себеп болуда. Шекаралы аймақтарда да мәселе бар. Міне, кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осыған жауапты басқарма мен департамент басшылары түсінік берді.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев жүргізушілердің алаңдауына еш негіз жоқ деп сендірді. Оның айтуынша, облыста 264 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс істейді. АИ-92 бензинінің орташа бағасы литріне 179, шекті баға 182 теңге болып бекітілген. АИ-95 бензинінің бағасы 209, ал дизель отыны 450 теңгені құрайды. Бір атап өтерлігі, отандық жеңіл автокөлік иелерімен қатар жүк көліктері және автобустарға соңғы баға жүрмейді. Яғни ел азаматтары автокөліктің техпаспортын көрсету арқылы, жеңіл автокөліктер 100, жүк көліктері мен автобустар тәулігіне 300 литрге дейін дизель отынын еш кедергісіз ала алады, оның бағасы отандастарымыз үшін 230 теңге болып белгіленген. Транзиттік көліктер ел аумағынан дизельді 450 теңгеден құяды. – Облыстың мұнай базалары мен жанар-жағармай құю стансаларында АИ-92 маркалы бензиннің 9,4 мың тонна қоры бар. Ол 9-10 күнге жетеді. Дизельдің 5,2 мың тоннасы болса, ол 4-5 күнге жетеді, айлық қажеттілігі 40 мың тоннаны құрайды. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін күзгі дала жұмыстарына 10 725 тонна дизель отыны бөлінді, оның 5 655 тоннасы шілде-тамыз айларында жөнелтілді. Біздің облыс үшін негізгі жеткізуші шымкенттік «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС болып табылады. Онда дизель отынының орташа тәуліктік максималды шығарылымы 4 000 тоннаны құрайды. Оның 1 500 тоннасы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына, 1 000 тоннасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бөлінеді. Одан қалған 1 500 тонна ішкі нарыққа жеткізіледі, дизельдік отынның бұл көлемі зауытқа жақын орналасқан 5 облыс және республикалық маңызы бар 2 қала арасында бөліске салынады. Осыған орай, облыстағы жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері мұнай өнімдерінің қосымша көлемін тұрақты түрде жеткізіп отырғанымен, жеткізуде үзіліс бар. Бұл ретте кейбір жанар-жағармай құю стансаларының иелері келісім-шарт бойынша міндеттемелерін орындау үшін дизель отынды талонмен немесе «лимиттермен» беруге мәжбүр, – деді ол. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында еліміздің Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайхан, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Нұрдәулет Кезембаев тақырып аясында сөз қозғады. Баяндамашылар егер де мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасынан асыру орын алған жағдайда, жүргізушілер дәлелді құжатпен хабарласатын болса, оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 171-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделгенін айтты. Айтуларынша, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Басасөз мәслихаты барысында спикерлер баспасөз өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді  

Марат ҚҰЛИБАЕВ