Әлеумет

Шариғат ысырапты құптамайды

Шариғат ысырапты құптамайды

«Aq jol» газетін тұрақты оқып, газет көтерген өзекті мәселелерге үнемі назар аударып отырамын. Жақында «Кісінің қаза болғаны да той ма?» деген мақаланы оқып, көңілімде жүрген мәселелерді айтқым келді. Қазіргі таңда кісісі қайтып, қара жамылған үй аза тұтып қана қоймай, кісі күту, жылқы сою, табақ-табақ ет тарту, жыртыс беру, ақша тарату мәселелерімен де айналысып кетеді.

Оған жетілігі, бейсенбілігі секілді жиындарды қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, ет жақын, бауырлары қайтқан кісіні жоқтап, арулап қоюынан гөрі қонақ күту және басқа да сыртқы шаруалар тасқыны өте көп болып тұр. Сонда ол отбасы қайтқан адамын қай кезде жоқтап, аза тұтады. Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Басқа ұлт өкілдері өз өңірімізде де, айналамызда да көптеп кездеседі. Олардың тіршілігі жергілікті халықтың тіршілігімен біте- қайнасып кеткен. Мысалы, өзімізбен бір тудың астында өмір сүріп жатқан ұйғыр, түрік, өзбек, дүнген ағайындардың мұсылмандық рәсімін де көріп жүрміз. Шариғат заңы барша мұсылман халықтарына бірдей емес пе? Сонда біздікі не шашылу, қандай заң? «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» деген. Байдың жасағанын жасаймын деп талай адам несие алып, оны төлей алмай, сенделіп жүр. Осы дұрыс па? Көршілес Түркістан облысында бір ауыл мешітінің бас имамы өз ауылының жамағатына: «Егер кісісі қайтыс болған үйде жаназа шығарып жерленген күні дастарқан жайып ас беретін болса, жаназасын шығаруға бармаймын» деп ескертіпті. Содан барып бұл ауылда жетісіне дейін қонақасын беру тыйылыпты. Мүмкін осындай бір үлгілермен жүру керек шығармыз. Әр мешіттің имамдары жұмаға жиналған жұртшылыққа осы мәселені, дастарқанның қарапайым болу жағын ескертіп отырса, құба құп болар еді.  

 Нарынбек ОҢЛАБЕКОВ,

зейнеткер.

Тараз қаласының

тұрғыны.