Білім

Тұйықтан шығар жол бар

Тұйықтан шығар жол бар

бюджеттік қаржыландырудан тыс қалған студенттер үшін жеңілдіктер ұсынылуда

Күні бүгінге дейін өздеріне жергілікті бюджет есебінен бөлініп келген оқу төлемақысының тоқтатылуы С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде оқып жатқан жамбылдық 166 студент пен олардың ата-аналары үшін де күтпеген жай болды. Облыстық баспасөз орталығында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов журналистерге бұл мәселенің мән-жайын тарата түсіндіріп берді.

Кезінде өңірдегі мамандар жетіспеушілігін шешу мақсатында жылма-жыл әр ауданнан үш бітірушіден іріктеп алып, жоғарыда аталған медициналық оқу орнына жолдамамен оқуға жіберіп отыру жөнінде шешім қабылданғаны белгілі. Бұл мәселе облыс әкімінің 2011 жылғы 4 наурыздағы өкімімен бекітілген облысты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында да көрініс тапқан-ды. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 Қаулысының ережелеріне сәйкес ендігі жерде жергілікті атқарушы органдарға материалдық жәрдемді тек азаматтардың белгіленген санаттарына мерекелік және атаулы күндерде, олардың материалдық жағдайлары анықталғаннан кейін ғана ұсыну міндеттеліп отыр. Бұдан басқа жағдайларда көмекке мұқтаж азаматтарға өмірде ауыр жағдайға тап болғаны нақтылануымен аудандық, қалалық арнайы комиссиялар шешімі бойынша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осымен байланысты ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлері тапшылығын жою мақсатында қолға алынған жас мамандарды оқытуды аудандардың бюджеттік бағдарламасы аясында қаржыландырудың заңдық негізі жоқ деп табылып отыр. Дейтұрғанмен, білімгерлердің осы санаты үшін бүгінгі күнге дейінгі төлемақы аударымдары кері қайтарылуға жатпайды. – Жоғарыда аталған медициналық жоғары оқу орындарында оқитын студенттерді қаржыландыруға ағымдағы жылы да 90 миллион теңге қарастырылған. Алайда ендігі жерде оны бұл мақсатқа аударудың құқықтық тетігі жоқ. Жақын күндері бұл қаржы облыстың басқа мұқтаждықтарына аударылатын болады, – деді Ерқанат Манжуов. Жоғарыда аталған жайт студенттер мен олардың ата-аналарын ғана емес, жалпы облыс басшыларын да айрықша алаңдатып отыр. Бұл тұрғыда облыс әкімі К. Көкірекбаевтың тапсыруымен тығырықтан шығудың балама жолдарын іздестіру, мәселені студенттердің қолайына қарай оң шешім қабылдау бойынша жұмысшы комиссиясы да құрылған. Тиісінше аудан әкімдеріне студенттер мен олардың ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың жартыжылдық оқу ақысын төлеуге ынталы демеушілер іздестіріп табу тапсырылыпты. Облыс басшылары жаны жомарт, қолы ашық демеушілер табылатындығына да сенімді. Қазіргі таңда аталған медициналық университетте жылдық оқу ақысы 780 мың теңгені құрап отыр. Брифингте Е. Манжуов өзінің аталған университет ректорымен де кездесіп, мәселенің мәнісін зерделеп, оны шешудің ықтимал жолдары белгіленгенін жеткізді. Атап айтқанда, студенттердің биыл емтиханға жіберілуіне кедергі келтірілмейді, аз қамтылған отбасылардан шыққандары үшін өтініштері негізінде университет тарапынан 10-нан 50 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынылады немесе жылдық оқу ақысын бөліп төлей алады, басқа жоғары және орта арнаулы оқу орындарына ауысуына да көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, студенттердің Білім және ғылым министрлігінің қаржы орталығы арқылы оқу несиелерін алуына да мүмкіндіктері бар. Облыста бірқатар оқу орындары, оның ішінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты студенттердің өздеріне ауысып, медицинамен төркіндес биология, дефектология, психология секілді бес-алты мамандық бойынша оқуларын одан әрі жалғастыруына мүмкіндік жасауға әзір. Облыстық мәслихаттың депутаты Г. Нұрымова бұл жай қоғамда алаңдаушылық туындатып отырғанын айтады. Ол өз пікірін «Медицина мекемесінің жетекшісі ретінде өңірімізде дәрігер мамандарына ділгірлік өткір күйінде тұрғанын жақсы білемін. Осы тұрғыдағы аймақ басшыларының тамаша бастамасын одан әрі жалғастыруға әзірге ешқандай тетіктің табылмай тұрғаны өкінішті. Аталған студенттердің дені 3-4 курстарда оқиды, яғни жалпы оқу мерзімінің жартысынан астамына оқу ақысы мемлекет тарапынан төленіп те қойылыпты. Ата-аналар үшін шынында да қиын. Осы ретте олардың ендігі жерде қалыптасқан жағдайға орай жоғарыдағы ұсыныстардың бірін, болмаса оқуларын өз қаражаттары есебінен одан әрі жалғастыруды таңдау мәселесіне түсіністікпен қарауы да тиіс» деп түйді. Брифингте журналистер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».