Экономика

МЕРЕЙЛІ МЕРКІМ МЕНІҢ, МЫҢ ЖАСА, ЕРКІН ЕЛІМ!

МЕРЕЙЛІ МЕРКІМ МЕНІҢ, МЫҢ ЖАСА, ЕРКІН ЕЛІМ!

Бірлескен істе береке бар

10Бақтияр Көпбосынов, Меркі ауданының әкімі.

Елдің ырысты болуы оның ынтымағы мен бірлігіне байланысты деп ойлаймын. Ілгеріде бір абыз: «Ырыс қайда барасың? деп Ырыстан сұрайды екен. Сонда Ырыс: «Ынтымағы жарасқан елге барамын» десе керек. Ауданымызда ынтымағы жарасқан 17 ұлттың өкілі тонның ішкі бауындай болып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Түрік ғардаштар мен өзбек ортақтар, түбі бір түрік ағайындар қыз беріп, қыз алысып құдандалы болып, тіпті балаларын қазақ мектептеріне беріп оқытып, көрші ақысын жемей өмір сүріп жатыр. Меркі ауданына әкім болып келгеніме бір жылдан ғана асты. Осынау ынтымағы мен бірлігі жарасқан елді көріп, қазыналы қарттарымен, жері шұрайлы, табиғаты әсем өңірмен танысқалы оның таусылмайтын қазынасы – халықтың ынтымағы екенін ұқтым.

9 Егініне – ырыс, өрісіне құт қонған мерейлі Меркі жері барлық жақсылықты Көктен күтіп отырған жоқ. Әлі де түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы алқаптар көп-ақ. Әйтпеген күнде биыл қамбамызға 27502 тонна астық құяр ма едік. Қуаңшылық жағдайында әр гектардан орта есеппен 9,3 центнерден өнім алу оңай емес. Биыл 9 айдың ішінде бюджетті 98,5 пайызға игердік. Жылды табысты аяқтау үшін әлі үш ай мерзім бар. Демек, жоспар толығымен орындалады. Біз қаржыны игеру жөнінен облыс бойынша үшінші орында тұрмыз. Дәлірек айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда бюджеттік болжамды 177,8 миллион теңгеге, яғни, 16,8 пайызға артығымен орындадық. Бірақ, жағдай солай екен деп, тоқмейілсіп отырған жоқпыз. Нақты айтқанда, салық төлемдерімен жұмысты жандандырудамыз. Соның нәтижесінде 9 айға бекітілген бюджеттік болжам 143,7 миллион теңгеге немесе 9,9 пайызға артығымен орындалды. Бюджеттің кіріс бөлігі 5 миллиард 981,6 миллион теңгеге, яғни 99,4 пайызға орындалды. Инвестициялық 2 жоба іске асырылды. Алғашқы жоба бойынша «Сыпатай батыр» ЖШС «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы 16,4 миллион теңгеге тамшылатып суғару қондырғысын сатып алып, 55 гектар алқапты суарудың тиімді әдісіне көшірді. Осы тиімді жобаға «Ақарал» өндірістік кооперативі де назар аударып, 69 миллион теңге көлемінде несие алып, 30,2 гектар интенсивті алма бағы мен 70,8 гектар жүзімдік өсіруді қолға алды. Тамшылата суару әдісінің тиімділігі өте жоғары. Ақаралдықтар тағы да 101 гектар жерге алма мен жүзім отырғызу жобасын пысықтауда. Осы екі шаруашылықтың тәжірибесін үйренуге ниет білдірген «Совет» шаруа қожалығы 20 миллион теңге несие алып, 20 гектар интенсивті алма өсіруге бетбұрды. Жылдан-жылға мал басы да өсіп келеді. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда, жылқы – 519, қой мен ешкі 3576 басқа өсті. Қаңтар мен қыркүйек айларының арасында өндірілген сүт 23959,1 тоннаға, ет 3677,1 тоннаға, жүн 787,2 тоннаға жетті. Облыс әкімінің ет пен сүт өндіретін тауарлы-сүт фермалары мен мал бордақылау кешендерін ашу жөніндегі тапсырмасы да ыждаһаттылықпен орындалуда. Мәселен, «Олжа» шаруа қожалығы өз қаржысы есебінен 3000 бас ірі қара мал бордақылауға арналған кешен құрылысын осы жылдың аяғына дейін салып бітіріп, алдағы жылдың басында ет өндірудің интенсивті жолына көшетін болады. Қазір қожалықтың малын бордақылау алаңында 850 бас бұқа мен өгізше бағылуда. Ал «Нейла-С» шаруа қожалығы бір мезгілде 288 бас ірі қара малын бордақылайтын алаңды іске қосып та үлгерді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша әжептәуір іс тындырды. Аталған бағдарлама бойынша 112 бас сауын сиыр, 6 бұқа сатып алынды. Сонымен қатар, «Аграрлық несие» корпорациясы арқылы 160 бас сиыр сатып алу үшін екі қожалықтың құжаттары комиссияға өткізілді. Меркі ірімшік зауыты Аспара, Андас батыр, Ақарал, Меркі ауылдарына сүт қабылдап алатын 5 танкер орнатты. Алтыншы пунктті «Нұрдәулет» шаруа қожалығы ашты. Облысымызда елді мекендерге табиғи газ әкелу көптен шешімін күткен мәселелердің бірі еді. Газ өзге емес, өз облысымызда шығып жатқанда оны өзіміз неге пайдаланбаймыз? Осы түйткілді мәселені шешуге Парламент Сенатының депутаты болған А. Савченко үлкен ықпал етіп, республикалық бюджеттен 500 миллион теңге қаражат бөлгізді. Міне, соның арқасында Қазақдиқан мен Тұрлыбай ауылдарына көгілдір отын келді. Енді Аспара мен Қайыңдысай, Ақермен мен Кентай, Алтынарық ауылдары тұрғындарының да көгілдір отын жағатын күні алыс емес. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдарға ауыз су әкелу мәселесі де күн тәртібінде тұрған маңызды шаралардың бірі. Мәселен, Жамбыл ауылдық аймағына қарасты Талдыбұлақ елді мекені таулы-қыратты өңірге жататындықтан біз жобалаған 150 метр тереңдіктен су шықпай қалды. Жобадағы 46 миллион теңгені мердігерлермен келісіп, 22 миллион 600 мың теңгеге төмендеттік. Сөйтіп, су 300 метр тереңдіктен шықты. Қазір талдыбұлақтықтар өңірдегі ең таза суды ішіп отыр. Қызылсай ауылына ауыз су беру үшін құжат әзірлеудеміз. Алдағы жылы олар да ауыз судың тапшылығын көрмейтін болады. Барлық мәселені бір мезгілде шешу мүмкін емес. Рет-ретімен шешіле бермек. Еліміздің Үкіметі орта және шағын бизнесті дамытуға айрықша ден қойып отырғаны белгілі. Осыған орай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өндірістік инфрақұрылымдарды дамытуға да көңіл бөлінуде. Банк несиелерінің пайыздық мөлшерінің бір бөлігін субсидиялау бойынша жобаға қатысқан «Самат и К» серіктестігі жақында тіс емдеу құрал-жабдықтарын сатып алу үшін 4 миллион 500 мың теңге несие алды. Сол сияқты жеке кәсіпкер Үмбетқұлова массаж орталығын ашуға 4 миллион теңге, Әлімбекова наубайхана ашуға 2 миллион теңге несие алуға қол жеткізді. Ауданда кәсіпкерлік саласында он үш мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың орта және шағын бизнесті дамытуға үлкен қозғаушы күш бола алатынына күмәнім жоқ. Мемлекетіміз білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекітіп берді. Алдағы жылы он екі жылдық оқыту жүйесі енгізілмек. Осы мақсатта біз №18 Ақкөз батыр Қосанов атындағы орта мектеп жанынан үш магниттік мектепті біріктіретін Тірек мектебі ресурстық орталығын аштық. Оған «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің ұсынысымен «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіге ие болған осы оқу орнының басшысы Бауыржан Қылышбеков жетекшілік етеді. Аудандық білім бөлімінде қазіргі таңға 1195 жеткіншек балабақша кезегінде тұр. Осыны ескеріп, біз Сармолдаев пен Жеміс-жидек ауылдарындағы екі 140 орындық балабақшаны күрделі жөндеуден өткізудеміз. Ал алдағы жылы Жамбыл ауылдық аймағынан 280 орындық балабақша пайдалануға берілетін болады. Жеке меншікке өтіп кеткен 3 балабақшаны қайтарып алу жөнінде де жұмыстар жүргізілуде. Биыл 9 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оларға қажетті қыстық отын жеткізіліп қойды. Осының барлығы балалардың алаңсыз оқып, білім алуы үшін алдын ала жасалып жатқан шаралар. Жергілікті халық елді мекендер мен аудан орталығындағы жолдың ойлы-шұқырлы болып жөндеу көрмегенін айтып, бізге жиі шағымданады. Ол рас, ауданда осындай жолдарды қалпына келтіру үшін бізге 2 миллиард теңге қаражат керек екен. Бұл аудандық бюджет қоржынына түсетін қаржыдан екі есе көп. Жолдарды жөндеу жұмыстарының тығырыққа тіреліп отыруының бірден-бір себебі осы. Енді алдағы жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді деп күтілуде. Биыл сондай-ақ, Ақтоған мен Кеңес ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтуде. Тәтті мен Беларық ауылдарындағы клубтарды жөндеуге де қаржы қарастырылды. Спорттағы жетістіктеріміз де жаман емес. «Сабақты ине сәтімен» деген сөздің төркінінде көп нәрсе жатыр. Алдымызда алынбаған асулар әлі де көп. Меркі өзінің бұрынғы даңқын қайтарып ала алады. Ол үшін біз жұмыла жүк көтеріп, «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» болуымыз керек деп ойлаймын.