«Ақпейіл, азат, ырысты, Айналдым туған халқымнан...»
«Ақпейіл, азат, ырысты, Айналдым туған халқымнан...»
2 қараша – сатираның көрнекті өкілі Шона Смаханұлының туған күні. Осы атаулы күннің қарсаңында Талас ауданы Сейілбек ауылындағы Шона Смаханұлы атындағы негізгі мектепте «Ақпейіл, азат, ырысты, Айналдым туған халқымнан...» тақырыбында Ш.Смаханұлының шығармашылығын насихаттауға арналған әдеби-танымдық кеш болып өтті. Аталмыш шараға ақынның жары Аманкүл Үсіпбекова, жиен қарындасы ТарМУ-дың аға оқытушысы Мадина Үсіпбаева, ұлы Ұлан, келіні Гүлназ және шонатанушы, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті бас редакторының орынбасары Ерман Әбдиев, ауыл тұрғындары қатысты. Ойық ауылдық округіне қарасты Д. Қонаев, Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектеп, Жаңатұрмыс негізгі мектебі және С. Шәкіров ауылындағы Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің оқушылары қатысқан шара үш бөлімнен тұрды. Атап айтқанда, «Ақпейіл, азат, ырысты, Айналдым туған халқымнан...» аталымында жас ақындар өздерінің шығармашылығынан елге, ана тілге арналған өлеңдерін оқыды. Келесі «Әнімен елтіп, сөзімен желпіп...» аталымында Шона ақынның сөзіне жазылған әні орындалса, соңғы «Сөйлесем көпке, өрлесем көкке...» аталымында Шона Смаханұлының шығармалары оқылды. Расында, шара барысында мектеп оқушылары туған жерден түлеп ұшқан Шона Смаханұлының шығармаларын жетік білетіндіктерін танытты. Сөйтіп, байқаудың қорытындысында жас ақындар жарысында Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ардақ Сапибулла, Шона ақынның сөзіне жазылған әндерді орындауда Д.Қонаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Гауһар Әбілжан, ақынның өлеңдерін шебер оқуда Ш.Смаханұлы атындағы негізгі орта мектептің 8-сынып оқушысы Мейіржан Әмірбек жүлделі бірінші орындардан көрінді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Ақ жол-Ақпарат».
Талас ауданы.