Жаңалықтар

Баға тұрақтылығы – басты назарда

Баға тұрақтылығы – басты назарда

Күзде қоймаларды астыққа толтырып, қыстың көзі қырауда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстаудың қам-қарекетін қазірден ойластырған дұрыс-ақ. Сол секілді әлеуметтік дүкендер мен сауда нүктелеріне алқаптағы өнімді сөреге делдалсыз жеткізудің жайы әлі өзекті. Азық-түлік бағасына қатысты осы және өзге де өзекті мәселелер облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте кеңінен қаралды.

Бүгінде облыста 32 әлеуметтік дүкен бар болса, оның 16-сы Тараз қаласында. Қалада орналасқан әлеуметтік дүкендерге «айналым схемасы» шеңберінде ұн, күріш, жұмыртқа, сүт, тұздалмаған сары май, картоп, пияз, сәбіз тұрақты жеткізілуде. Сонымен қатар әлеуметтік дүкендер қосымша тауардың 10 түрі бойынша тұрақтандыру қоры және тікелей жеткізу арқылы азық-түлікпен қамтылып жатқан көрінеді. Басқосуда осы және өзге де мәселелер жөнінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев толығырақ айтып берді. – Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында осы уақытқа дейін 4,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде тұрақтандыру қорына 1,5 миллиард теңге, ал «айналым схемасына» 2,7 миллиард теңге қаралды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде «айналым схемасы» қатысушысы ретінде 5 кәсіпкерге несие ұсыну бойынша шешім қабылданды. Қазірде тұрақтандыру қорында барлығы 1094,8 тоннаға 6 тауар түрі бойынша қор қалыптасқан. Атап айтқанда, 68 тонна қарақұмық жармасы, 196,8 мың литр күнбағыс майы, 801,2 тонна ұн, 85,2 тонна күріш, 137,1 тонна қант, 3,2 тонна тұз. Тұрақтандыру қорына қосымша қалыптастыру үшін қарақұмық жармасы, картоп, қырыққабат, сәбіз алынады, – дейді басқарма басшысы. Бүгінде Жуалы ауданындағы алқапта қырыққабаттың килограмы 12 теңгеден саудаланса, картоп 60-70 теңге және пияз бағасы да сол шамада. Осы жайдан хабардар өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жауаптылардан бағаға қатысты апта сайын статистикалық мәлімет алынғанымен бағаның әлі күнге дейін түспеуінің себебін сұрады. Бұған Аспандияр Сейсебаев, тауарлардың бағасы жаппай төмендеуге басымдық берілсе, бақыламаса, қыс айларында түскен бағалар қайта өсіп кететінімен байланыстырды. Әйтсе де Нұржан Молдиярұлы алқаптағы арзан өнімге тек 15 пайыз үстемақы қосу арқылы бағаны төмендетуге негіз бар екенін айтып, ескертті. – Тауарлардың бағасын реттеу бойынша 5 кәсіпкер несие алуда. Оларға 200 миллион теңгеден астам ақша беріледі. Сол кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеңіздер. Әлеуметтік дүкендегі бағалар көрсеткіштегі бағадан жоғары болмауы керек. Енді несие алған кәсіпкерлер 4 позиция бойынша шаруа қожалықтарынан өнімді сатып алып, қоймаға жинауы керек. Кейін олар желтоқсан айынан алқаптағы арзан бағадағы өніміне 15 пайыз үстемақы қосып сатуы керек. Сосын шаруалармен келісімшарт жасасқан соң, алатын өнімнің көлеміне қарай ақшасын да ертерек беріп қойыңыздар. Сонда өнім жинайтын мезгілде баға өссе, келісімшарттағы баға сақталады,–дейді Нұржан Молдиярұлы. Кеңес отырысында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев маусымаралық кезеңнің алдында, яғни келер аптада Тараз қаласы мен 5 аудан азық-түлік тауарлары бойынша атқарған жұмыстары жөнінде есеп берсе деген ұсыныс тастады. Бұл ұсынысты облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қолдады. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, жол картасы мен даму жоспары аясында биыл өңірде 4 миллиард теңгеге азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 8 қойманың құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 19,4 мың гектар алқаптан 616,6 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған десек, көкөніс өндірісінің көлемі былтырға қарағанда 15 пайызға артқаны байқалады. Қарап отырсақ, шаруалар өнім беруде қол қусырып отырған жоқ, керісінше биыл жұмыс қарқынын үдеткен. Әйткенмен сол тауарларды қала және аудандағы дүкендерге делдалсыз жеткізудің қарекетін жүйелі іске асыру маңызды. – Қалада әлеуметтік дүкендер көп, басқармалар да қалаға көмектесуде. Бірақ бағаны негізсіз көтергендерге неге айыппұл салу жағы ақсап тұр. Қалада 440-тан астам дүкен бар. Сол дүкендегі бағаның шамасын көріп, біліп жүрміз. Қалада неге кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жұмыс істемейді? Қазір кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы 4 позиция бойынша қаладағы ірі сауда орындарына тауар жеткізуде. Ал шағын дүкендерді ауыл шаруашылық бөлімі неге зерделемейді? Мысалы, Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандары күніне бір маршрут қойып, аудандағы дүкендерге тауар жеткізуде. Қалада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің басын қосса, кәсіпкерлік бөлімі көлікті қамдаса, ал ауылшаруашылық бөлімі қай жерде қандай өнім бар екенін көрсетсе үйлесімді іс тындыруға әбден болады. Бізден Үкімет осыны сұрап отыр. Бұл шаруаны тек тиімді ұйымдастыру керек, – деді Нұржан Молдиярұлы. Кеңес отырысында қалада апта сайын өтетін жәрмеңкеге қоғамдық көлік жайын қарастыру және қала ішінде күнделікті шағын жәрмеңке ұйымдастыру туралы ұсыныс қабылданды. Бұл дегеніңіз алқап басынан келетін тауарларды қалаға молынан әкелу арқылы өнімін қымбат саудалайтын делдалдарды ығыстырары анық.  

Сәндібек ПІРЕНОВ