Білім

«Балаңды қазақ мектебіне бер!»

«Балаңды қазақ мектебіне бер!»

деген Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектеп оқушылары білім мен өнерге құштар

Тараз қаласындағы Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектепке табан тірегенімізде ұрпақ тәрбиесін өмірінің мәні деп білетін қаламгердің өміріндегі ең басты мақсатының орындалғанын ұғынғандай болдық. Өйткені, мектептің ауласында бізге «Келіңдер, қазақ мектебінің қамын қылыңдар» дегендей қасқайып, өзінің мүсіні тұр еді. Бұл бейне білім алуға асыққан мыңнан астам оқушыны күн сайын жадырап қарсы алады. Мектеп директоры Баймұрат Жақсыбековтің айтуынша, оқушылардың сабақ үлгерімі жоғары деңгейде. Әсіресе, олардың арасында әдебиетке, мәдениетке құмарлары тіпті көп. 

Мектепке ене берген тұста бір топ оқушының Шона Смаханұлының шығармашылығына арналған баннерге қарап, ұстаздарының айтқандарын ұйып тыңдап тұрғанының куәсі болдық. Бұл көрініс бізді қуантты. Мектеп басшысы қазақтың әдеби, мәдени өміріне өшпестей із қалдырған көрнекті күрескер қаламгердің 90 жылдығы қарсаңында мұндай дәрістердің көптеп өткізіліп отырғанын тілге тиек етті. Осы сәтте сазгер Әбиірбек Тінәлиевтің «Анамның тілі» әні зор құрметпен шырқала жөнелді. Ақынның сөзіне жазылған бұл ән тек осы мектептің ауласында ғана емес, қазақтың дархан даласына кең жайылмап па еді?! Оқушылардың арасында ақ бантигі желбіреп, ерекше ықыласпен ән шырқап тұрған ең кішкентай қыз назарымызды еріксіз аудара беріп еді: «Бұл Айша Шонаева деген оқушымыз. Шона атамыздың немересі. Өзі өлең шығарады. Атасына ұқсап, ақын болғысы келеді» деді оқу ісінің меңгерушісі Сәрима Жүсіпбекова. 3 сыныптың үздік оқушысы Айша өзімен бірге мұнда інісі Әбдімәліктің де білім алатынын жеткізді. Бүгінде ақынның ұрпақтары мектеппен етене байланысып, түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүр екен. Осы екі баланың әкелері Ұлан – Шона Смаханұлының кенже баласы. Ол да өз кезегінде асқар таудай әкесінің атындағы білім ошағына қолынан келген қамқорлығын көрсетуден танған емес. «Мектепте бұрын Шона Смаханұлының атындағы мұражай болған екен. Қазір оның жұмысы тоқтап қалған. Осыны енді қайтадан қолға алып, қаламгердің мерейтойына арнап, ашқалы отырмыз. Онда ақынның өзі тұтынған заттары, оның шығармашылығы мен қайраткерлігіне арналған кітаптар қойылады. Журналист Ерман Әбдиев кітапханамызға Шөкеңнің таңдамалы шығармалар жинағы мен ол кісі туралы айтылған, жазылған құнды дүниелер топтастырылған кітаптарды тарту етіп кетті. Біз бұған қатты қуандық. Енді оқушыларымыз да, мұражайға келген қонақтарымыз да Шона Смаханұлы туралы толық мағлұматқа қанығатын болады» дейді мектеп директоры. Бұдан бөлек екі жылдан бері волейболдан қыздар арасында Шона Смаханұлы атындағы қалалық жарыс тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді екен. Мектепаралық «Шона оқулары» да өткізіледі.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».