Спорт және туризм

«Тараз-Аренаны» көріп, таңқалдым»

«Тараз-Аренаны» көріп, таңқалдым»

421

дейді генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев

«Тараз-Арена» сарайы үлкен спорттың биігін бағындырған көптеген майталмандар бас қосатын құтты кешенге айналды десек, артық айтқандық емес. Осы жерден бір жылдың ішінде Тараз жерінен түлеп ұшқан саңлақтарды қоспағанда, әлемдік аренада атой салған мықтылармен кездестік. Соның бірі – екі рет Еуропа кубогын ұтып алған атақты «Буревестник» командасының ойыншысы, КСРО спорт шебері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев. Ардагер волейболшы облыс әкімінің кубогы үшін волейболдан ардагерлер арасында өткен жарысқа қатысып, алматылық «ҚазҰАУ» командасы сапында өнер көрсетті. Кезінде Қазақстан орталық комитетінің басшысы Дінмұхамед Қонаевтың күзетін басқарған, Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы, көп жылдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтерді атқарған, 2006 жылдың наурызынан 2009 жылдың желтоқсанына дейін ҰҚК төрағасы, кейіннен республикалық гвардияның қолбасшысы болған генерал-лейтенант спорттық бабын жоғалта қоймапты. Осындай ірі тұлғаның облысымызға келгенін Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойында жүріп естіген газетіміздің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бізге Амангелді Смағұлұлынан жедел сұхбат алуды арнайы тапсырған еді. Осыған орай біз ойын соңында есімі елге белгілі азаматпен аз-кем сұхбаттастық.

– Амангелді Смағұлұлы, Тараз төрінде өткен дүбірлі доп додасы көңіліңізден шықты ма? Жарыс қалай өтті? – Алдымен, мына нәрсені айта кеткен жөн. Жамбыл жері спортшыларымен даңқы шыққан өлке. Өңірде спортты дамытуға баса көңіл бөлінетінін мынау ғажап спорт сарайына қарап-ақ білуге болады. Мен «Тараз-Аренаны» көріп, таңқалдым. Расында да, мақтауға, мақтануға тұрарлықтай екен. Әсіресе, волейбол ойнауға арналған залы қандай тамаша. Едені, залдың биіктігі, торы, бәрі-бәрі... халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге лайықталып жасалған. Мұндай зал басқа облыстарда, тіпті, Алматы қаласында да жоқ. Талдықорғанда салды деп естідім. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында барлық спорт түрі бойынша турнир өткізуге болады, бірақ ол кеңестік кезеңнен келе жатқан кешен. Ал ардагерлер арасындағы турнирге келсек, мұндай өнегелі шара жалғасын табуы тиіс. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы өзі бастап, додаға соңына дейін қатысты. Түсіне білгенге, бұл нағыз идеология. Жастарды спортпен шұғылдануға шақыруда насихат аздық етеді. Сөзден гөрі, осылай іспен көрсеткен дұрыс деп есептеймін. Ал тараздықтар жарады. – Төрешілердің шешуші сәттерде жарыс қожайындарына бүйрегі бұрған жоқ па? – Жоқ, тараздықтар жеңіске лайықты. Ойын қызықты әрі тартысты өтті. Жергілікті команданың сапында бойшаң ойыншылар көп болды. Бұрынғы кәсіби волейболшылар екені қимыл-қозғалыстарынан-ақ көрініп тұрды. Оның үстіне команда капитаны, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың соңына дейін ойнауы ойыншыларға жігер берді деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, әділ шешім болды. Қонақтар деп ешкімге қараған жоқ. «Тараз ардагерлері» кубокты жеңіп алды. Біздің жігіттер алғашқы кездесулерді сенімді өткізгенімен, соңғы сәтте қобалжулары басым болды. Бірақ, сонау Алматыдан кубокты ұтып аламыз деп келгенімізді жасырмаймын. Әйтсе де, ұйымдастырушылар екінші және үшінші орындарға да ақшалай сыйлық тағайындапты. Көп жарыстарда олай бола бермейді. Волейболшыларға осы турнирдегідей сыйлық берілсе, ынталанар еді. – Әлі де бабыңыздасыз. Жауапты, басшылық қызметтерді атқара жүріп, спортты тастаған жоқсыз ба? – Көп жылдар аса жауапты қызметтерді атқардым, басшы да болдым. Дегенмен, спортты тастаған емеспін. «Буревестник» деген атақты команданың сапында өнер көрсеткендіктен бе, әйтеуір әлі күнге спорт залдан шықпай, волейбол ойнаймын. Жарыстардан қалмай жүргенім де соның арқасы. Сол кезде менімен қатар ойнаған Жәнібек Сауранбаев, Александр Портной сияқты волейболшылар қазір зейнеттік демалыста. Кейбірі әлі де жастарға білгенін үйретіп, жаттықтырушы болып жүр. Әлі күнге байланысымызды үзген емеспіз. – Елімізде волейбол дамып келеді, бірақ «Буревестник» секілді команда жоқ... – Қазіргі волейболдың деңгейі бұрынғымен салыстырғанда өскен. Жақсы волейболшылар бар, бапкерлер алқасы жұмыс жүргізуде. Бойлары ұзын ойыншылар көбейді. Бұрын біздің кезімізде ең бойшаң ойыншымыз Валерий Кравченконың бойы 1,98 метр болатын. Қазір бойлары 2,10 метрге жететін спортшылар бар. Тор мен залдың биіктігі сол күйінде қалды, ал волейболшылар өсті. Бізде жақсы мектеп қалыптасқан. Бірақ, өкініштісі кезінде сол мектептің жұмысын біраз тоқыратып алдық. Қазір сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс істеп жатыр. Бұрын Кеңес Одағында бапкер болған Геннадий Паршин федерация басшылығына келді. Тараздағыдай волейбол залдары аймақтарда салынса, волейбол дамиды деп ойлаймын. Жақсы жабдықталған залдар ашылмайынша, ойыншылардың да жоғары жетістіктерге жетуі екіталай. Бұл спорттың келешегі – жастар. Сол үшін жастарға үлгі көрсетер бүгінгідей жарыстарды жиі ұйымдастыру керек. – Волейболды дамытуға жағдай жасалуда, дегенмен әлі де бір нәрсе жетіспейтін секілді... – Еуропа кубогын сарапқа салған жарыста әлі есімде, сырт алаңда – Германиядағы шешуші ойында біз ұтылып қалдық. Қарымта кездесу елімізде өтті. Он мыңнан аса жанкүйер қиқулап атой салғанда біздің ойыншылардың жеңбеске шарасы қалмады. Екінші кубокты солай ұтқанбыз. «Буревестник» волейболшыларының ауызбіршілігі мықты болатын, нағыз команда еді. Бәлкім, қазіргі командаларға сол жетіспейтін шығар. Тактикалық шеберлікпен қатар, намысқойлық та керек. Мәселен, бүгін өз жанкүйерлерінің алдында тараздықтар барын салды ғой. Жамбылдық бапкерлермен сөйлестім, «Тараз» ел біріншілігінде бесінші орынға табан тірепті. Бұл да жетістік. Облыс басшысы волейболға, жалпы спортқа осылай көңіл бөледі екен. Яғни, Жамбыл спортшыларын алда үлкен табыс күтіп тұрғаны анық. – Лебізіңізге, сұхбатыңызға рахмет! Сізге де, спортта, өмірде тек жеңістер тілейміз!

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».