- Advertisement -

Бағалауға тұрарлық бастамалар көп

41

- Advertisement -

Аймақта алғашқылардың бірі болып Жамбыл ауданының шаруалары жуа жинау науқанына кірісіп кетті. Пияздың ерте жетілетін сұрпын еккен жамбылдық диқандар қазір әрбір гектардан 70 тоннадан өнім жинауда. Биыл ауданда 5585 гектар алқапқа пияз себілген. Оның 30 гектары ерте жетілгендіктен қазуға түсті. Бүгінгі таңда 30 гектардың 8 гектарының өнімі жиналып, нарыққа жол тартты.

– Пияз ылғалды қажет ететін дақыл. Сондықтан оны ерте көктемде егеді. Қарапайым пияз тұқымы 120 күннен кейін өнім беріп жатса, біз биыл пияздың «Спэниш медальон», «Универса», «Манас», «Месс», «Қаратал», «Берекет» сынды тұқымдарын егіп көрдік. Өнімділігінде сөз жоқ. Қазір гектарына 70 тоннадан пияз жинап жатырмыз. Тағы бір таңдай қағатыны, аталған тұқым 90 күнде өнім беріп отыр. Оған қоса суды да көп қажет етпеді, – дейді шайқорықтық шаруа Дәурен Әбдешов.

Иә, шаруаның бұл бастамасын жоғары бағалауға болады. Пияздың ерте пісетін тұқымын егу арқылы мол ырыздыққа кенелген шаруаға Жамбыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов та қолдан келгенше көмек беріп жүр. Оның айтуынша, жиын-терімге қажетті техника жеткілікті екен. Маусымдық жұмыс кезінде 35 адам жұмыспен қамтылса, егістік басынан пияздың килограмы 120 теңгеден өткерілуде. Ерте піскен пияз өнімін Тараз қаласынан бөлек, Түркістан облысының кәсіпкерлері де алып кетіп жатса керек. Жалпы, жамбылдық шаруалардың пияз егудің ерекше тәсілдерін, әсіресе тұқым таңдауды терең меңгере бастағанын осыдан аңғаруға болады. Олар құрғақшылық пен ауа райының күрт құбылуына төзімді тұқым өсіріп қана қоймай, тамшылатып суару әдісі арқылы еселеп өнім алып жүр.

Ауданда ағын су мәселесі бұрыннан өзекті екені белгілі. Осыған орай судың техникалық шығынын азайту мақсатында каналдарды бетондау, апатты жағдайдағы су қоймаларын жаңғырту жұмыстары жыл санап қарқын алып келеді. Одан бөлек, жамбылдықтар жерасты суын тиімді пайдалануға да ерекше көңіл бөлуде. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың сөзіне сүйенсек, аймақта жалпы 1 миллиард 715 миллион текшеметрді құрайтын жерасты суының қоры бар екен. Осы жерасты суын тиімді пайдалану мақсатында арнайы әзірленген жол картасы аясында облыста 2022-2024 жылдар аралығында 646 ұңғыма қазу жоспарланған. Егер ұңғымалар толық қазылып іске қосылса, вегетация кезеңінде жетіспейтін 275 миллион текшеметр сумен егістік алқаптарын қамту мүмкіндігі туады. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 200-ге жуық ұңғыма қазуға өтінім түскен. Бүгінде 22 ұңғыма қазылып, іске қосылған.

– Өткен жылы диқандар қара жерге төккен маңдай терін ақтай алмады. Оған себеп – қуаңшылық. Ал биылғы көктем айлары жауын-шашынды болды. Нәтижесінде, егін де, шабындық та бітік шықты. Дегенмен жаңбырға да иек артып, қол қусырып қарап отыра беруге болмайды. Сол мақсатта Кеңес үкіметінің тұсында қазылған ұңғымаларға толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жарамдыларын кәдеге жаратып, жарамсыздарын жөндеуден өткізуді бастап кеттік.

Аудан көлемінде барлығы 30 ұңғыма қазу жоспарланса, оның бүгінде 22-сі қазылып, іске қосылды. Егер жоспарланған жұмыстар жүйелі жүрсе, 800 гектар алқапқа тіршілік нәрі жеткізілмек. Айта кететін жайт, жеке шаруалар өз қаражаты есебінен ұңғыма қазып, инфрақұрылымын жүргізетін болса, жұмсалған қаражаттың 50 пайызын Үкімет субсидиялайды. Дегенмен жерасты суларын да тиімді пайдалану үшін жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісін қолдану қажеттігін естен шығаруға болмайды. Сондықтан аудан шаруалары қажетті жаңбырлатып, тамшылатып суару техникаларын лизинг арқылы «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы ала алады, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support