Құқық

Ашыққаннан құныққан жаман

Ашыққаннан құныққан жаман

Жегі құртқа теңелетін жемқорлық мәселесі қашанда өзекті. Елбасы Жолдауларында жемқорлықпен күреске ерекше назар аударылатыны да сондықтан болса керек. Бұл мәселе облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы мен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысында да көтерілді. 

Алғаш болып баяндама жасаған облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов облыста үстіміздегі жылдың 9 айында мемлекеттік қызметкерге қатысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы 157 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Олардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдар және олардың қарамағындағы қызметкерлерге, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты. Қылмыстың көпшілігі қызметтік жалғандық жасау, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану, алаяқтық, сеніп тапсырған мүлікті иеленіп алумен байланысты. Мысалы, Тараз қаласы ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Сейдахметов азаматша М-ны заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартып, оның конституциялық құқықтарын өрескел бұзған. Бұл дерек бойынша учаске инспекторының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергелуде. Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша қабылданбаған тауардың екі миллион теңгесін мердігерлерге заңсыз аударғаны үшін прокуратура қылмыстық іс қозғаған Мойынқұм ауданы әкімдігі тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Төлепбергенов шартты түрде бір жылға сотталған. Ал Талас ауданы әкімдігінің бұрынғы аппарат жетекшісі Бадаев 2010-2012 жылдары мемлекет қаражатын өз есепшотына заңсыз аударып, мемлекетке 13 миллионнан астам шығын келтіргені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Мұндай мысалдарды тізе берсе, жетіп артылады. Облыстық ІІД бастығының орынбасары Қалижан Шоңғарбаев та өз сөзінде өңірдегі қылмыстық ахуалды баяндап өтті. Облыс әкімі атышулы қылмыстық істердің бірқатарына тоқталып, олардың осы уақытқа дейін ашылмай отырғандығын сын тезіне алды. Бірлескен отырыстың соңында аталған комиссиялардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына байланысты шешімдер қабылданды.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».