Жауапкершілік арта түсті
Жауапкершілік арта түсті
Ағымдағы жылдың 5 шілдесінде Мемлекет басшысы әкімшілік-деликтік заңнаманы жаңарту мен жаңғыртуға, азаматтардың қорғалуын және мемлекет мүддесінің құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғалуын арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қол қойды.
Кодекс 920 баптан тұрады. Онда қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің уақыт сынынан өткен негізгі Ережелері мен Жалпы, Ерекше және Рәсімдік бөлімдер деп бөлінген құрылымы сақталды. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі (әрі қарай -кодекс) 2015 жылдың 1 қаңтарынан заңды күшіне енеді. Жаңа басылым бойынша нормативтік-құқықтық актілер тіркеу саласы 457-бабын қамтиды. Аталған бап бойынша жасалған құқық бұзушылыққа жауапкершіліктің нақтыланғанын және артқанын көреміз. Ал қазіргі заңды күшіндегі Кодекстің 354-бабы бойынша нормативтiк-құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеудiң ережелерiн бұзу: 1. Азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерiн қозғайтын нормативтiк-құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеудiң заңнамада белгiленген қағидаларын лауазымды адамдардың бұзуы - жиырма айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер, - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады делінген. Кодекстің жаңа редакциясының 457-бабында нормативтiк-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу: 1. Лауазымды адамның мемлекеттiк тiркелуге жататын нормативтiк-құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде осындай тiркеуге ұсынбауы - он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 2. Лауазымды адамның белгіленген тәртіппен күші жойылған, сот жарамсыз деп таныған, белгіленген тәртіппен ресми жарияланбаған, қолданысқа енгізілмеген не қолданысын уәкілетті орган тоқтата тұрған, сондай-ақ әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген нормативтiк-құқықтық актiнi қолдануы - жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Жоғарыдағыларды басшылыққа ала отырып, нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу саласына қатысты жауапкершілік бұрынғыдан да артқанын байқаймыз.
Нұрлан Егінбаев, облыстық әділет департаментінің басшысы.