Жаңалықтар

Қарағандыда ұсталған қылмыстық топтан киіктің 700-ден аса мүйізі тәркіленді

Қарағандыда ұсталған қылмыстық топтан киіктің 700-ден аса мүйізі тәркіленді

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде соңғы бірнеше жыл ішінде аталған екі облыс аумағында Қызыл кітапқа енген киіктерді заңсыз атумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық порталында жарияланды. Қылмыстық топ мүшелері мерзімді түрде киіктерді атып, мүйіздерін Қытайға жөнелту мақсатында оңтүстік өңірге сатып отырған. Олар қылмыстық жолмен алынған киік мүйізінің бір келісін 80-100 мың теңге аралығында сатқан.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-1-бабына (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлардың, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу әрекеттерімен Қарағанды облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушілері айналысып жатыр.