Саясат

Елбасына берілген марапат – елге көрсетілген құрмет

Елбасына берілген марапат – елге көрсетілген құрмет

37Жақсылықбай Тәжібаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген байланыс қызметкері.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы бедел-абыройы арқасында Қазақстанның мәртебесі тағы бір белеске көтерілді деп айта аламыз. Оған дәлел, жуырда Елбасы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы аясында «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды. Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстары үшін берілгені мәлім. Нұрсұлтан Әбішұлы марапаттау рәсімінде Қазақстанның соңғы бес жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналатынын, елімізде ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейтінін атап өткеніне көңіліміз марқайды. Ел игілігі үшін жасалып отырған маңызды шаруалардың өз жемісін бергеніне қуандық. Осы жерде ескере кетерлік жайт, ислам қаржыландыру қағидаттарына сәйкес, ақшаны айырбас құралы немесе табыс табу көзі ретінде пайдалану ынталандырылады. Бірақ, ақшаны пайдаланғаны үшін пайыздық үлес алуға тыйым салынады. Сондықтан да ислам қаржы институттарында дәстүрлі түрдегі депозиттер, заимдар, тағы басқалар атымен жоқ. Бұдан бөлек, темекі, алкоголь өнімдері, қару-жарақ және оқ-дәрі, ойын-сауық, құмар ойындары сияқты салаларға қаржы салуға рұқсат берілмейді екен. Жалпы, ислам қаржы құрылымдары үшін басымдықтар экономика, өңір сапасын арттыру мәселесінде үлкен маңызға ие салаларға беріледі. Мысалы, инфрақұрылымдық жобалар, ауылшаруашылығы, тамақ өнеркәсібі. Міне, осындай талап қатаң сақталып, тұрғындардың басым бөлігі мұсылман болып табылатын көптеген елдерде ислам қаржы құрылымдарының пайда болуы «көлеңкеден» айтарлықтай көлемдегі қолма-қол ақшаны алып шығуға мүмкіндік бергендігі бекер емес. Сайып келгенде, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараның табыспен жүзеге асуына айрықша үлес қосқан Елбасына берілген марапатты біз Қазақстанға көрсетілген құрмет деп білеміз.