Елім бай болсын десең, еңбектің көзін тап
Елім бай болсын десең, еңбектің көзін тап
Барлық салада даму бар, деген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев атқарылуы тиіс жұмыстардың ауқымды екенін де еске салды
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің «Жамбыл облысының 2014 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі әлеуметік-экономикалық дамуының қорытындысына» арналған мәжілісі салтанатты жағдайда ашылды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, облыстық мәслихаттың сессиясының шешімімен облыстың 75 жылдығына орай Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын алған ардагерлерге Кәрім Нәсбекұлы мен облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов куәліктері мен төсбелгілерін салтанатты жағдайда табыс етті. Өздеріне үлкен құрмет көрсеткен облыс басшылары мен халық қалаулыларына аға буын өкілдері ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне жеміс тіледі. К.Көкірекбаев пен Б.Қарашолақов өңірдің жоғары атағына ие болған азаматтармен ескерткіш суретке түсті.
Одан кейін облыс әкімі әкімдік мүшелеріне өзінің орынбасары болып тағайындалған Тимур Амантайұлы Жанкені таныстырып, оның кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық мәселелермен айналысатынын жеткізді. Ал,бұған дейін осы мәселелерге басшылық етіп келген орынбасары Қалижан Әбдірайымов ауылшаруашылығы мәселелерімен шұғылданады. Мәжілістің күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Өңірдің бас экономисінің баяндауынша облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 422,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өскен. Ал, тоғыз айдың қорытындысында облыс экономикасының ауылшаруашылығынан басқа барлық салаларында өсім қамтамасыз етіліпті. Есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 196,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 1,9 пайызды құраған. Өңірлер арасында өнеркәсіп өндірісі объективті себептерге байланысты Байзақ, Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандарында кеміген. Баяндамашы өнеркәсіп өндірісі көлемінің қандай себептермен төмендегенін нақты мысалдармен атап көрсетіп, индустрияландыру картасының шеңберінде енгізілген 29 кәсіпорынның жұмысын слайд арқылы жан-жақты айтып берді. Тоғыз айда осы өндіріс орындары 29,2 миллиард теңгенің өнімін шығарған.
Өндірісте өрлеу болғанымен ауылшаруашылық өнімінің көлемі 4,3 пайызға, оның ішінде егін шаруашылығы 12,3 пайызға төмендеген. Аграрлы өңір саналатын облыста биыл көктемде және жаз мезгілінде көктен бір тамшы тамбады. Осындай құрғақшылық астық өнімділігін 2,2 есеге дейін төмендетіп жіберді. Алайда, Ж.Әмірхановтың баяндауынша мал шаруашылығында өндіріс көлемі 4 пайызға жоғарылапты. «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл 3300 мал басын сатып алу жоспарланып, 34 шаруа қожалығына 391,8 миллион теңге несие беріліп, осы қаржыға 2302 мал басы алынған. «Мүйізді ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін жоғарылату» бағдарламасы бойынша облысқа «Герефорд», «Ангус» және «Лимузин» тектес асыл тұқымды 222 мал басы әкелінген.
Басқарма басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алуға 39,6 миллиард теңгеге 324 жоба, оның ішінде 2014 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 7,0 миллиард теңгеге 82 жоба мақұлданғанын жеткізді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім көлемі биылғы қаңтар-маусым айларында 6,1 пайызға ұлғайып, 117,7 пайызды құраған. Есепті мерзімде қызмет көрсету саласында да өсім қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, бөлшек сауда айналымы 10,1 пайызға, көтерме сауда айналымы 8,2 пайызға өскен. Көліктің барлық түрлерімен жолаушылар тасымалдау 2,8 пайызға ұлғайса, жүк тасымалдау өткен жылдың тиісті деңгейінде қалыптасқан. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджеттік инвестициялардың үлесі 27,7 пайызды, өзіндік қаражаттар 27,2, банк кредиттері 3,5, басқа да қарызға алынған қаражат 41,6 пайызды құраған. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестициялық қызмет көлемі Байзақ және Меркі аудандарында – 56,6, Жамбыл ауданында 9,5 пайызға төмендеген. Бұған биыл жоғарыдағы аудандарда «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбыры «С» аумағының құрылысының аяқталуы себеп болыпты. Одан әрі баяндамашы құрылыс жұмыстарының көлемі, қосымша бағалау есебімен 76,0 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5,2 пайызға өскенін де атап өтті. Баяндамада жұмыспен қамту, бағаны тұрақтандыру, әлеуметтік көмек, салықтар мен міндетті төлемдер, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салалары, қылмыспен күрес және оның алдын алу шаралары туралы мәселелердің бәрі қамтылды. Кеткен кемшіліктер, орындалмай қалған жұмыстар да баяндамашы назарынан тыс қалмады. Облыс әкімі сыртқы сауда айналымы мен өңдеу өнеркәсібінің төмендеуіне алаңдаушылық білдіріп, басқарма басшысына осы мәселе туралы сұрақ қойды. Ж.Әмірханов экспорттың төмендеу себебі алтын және мазут экспортының қысқарғанынан деп түсіндірді. Мәселен, қайта өңделмеген алтынды экспорттауға шектеу қойылғандықтан және мазут өнімін экспортқа шығаруға шикізат жетпей жатқан көрінеді. Дегенмен, ол жыл соңына дейін экспорт мәселесі қалыпқа түсетінін де жеткізді. Өңдеу және химия өнеркәсібін жолға қою туралы нақты шаралар қабылданып, жұмыс жүргізіліп жатқанын да айтты. Кәрім Нәсбекұлы индустриялық жобалардың тиісті қуатында жұмыс істемей жатқанына да назар аударды. Мәселен, 11 жоба 60 пайыздық қуатынан төмен жұмыс жасауда. Осы кәсіпорындарды толық қуатында жұмыс істету үшін атқарылып жатқан тірліктер туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев мәлімдеді. – Біз кеше орынбасарым Тимур Амантайұлымен Мойынқұм ауданының өндірістік аймағын араладық. «Жамбыл-цемент» зауыты жылына 1 миллион 200 мың тонна өнім шығаруға қуатты. Қазірдің өзінде 1 миллион 170 мың тонна өнім дайындаған. Жыл сайын өнім өндіру көлемін арттырып, 2020 жылға қарай 1 миллион 600-700 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндіктері болатындықтарын зауыт басшысы мәлімдеп отыр. Зауытқа гипс, шлак, көмір, тағы басқа шикізаттар керек. Оның бәрі облысымызда бар. «Көмірді қайдан аласыздар?» десек, «Екібастұздың көмірін тұтынамыз» дейді. Ал, іргедегі «Құлан» көмірін неге алмайсыздар десек? «Сапасы төмен» дейді. Тым болмаса көмірдің 10 пайызын алғанның өзінде қаншама жұмыс орны ашылады. «Шығыс» кен басқармасында да жағдай солай. Өнімін шетелге жөнелтуде кедендік кедергілерге тап болады, –дей келе Кәрім Нәсбекұлы облыстық кеден департаментінің басшылығына да осы мәселені шешуді тапсырды. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевтің сөзіне қарағанда биылғы құрғақшылықтың өзінде 1 миллион тонна мал азығы дайындалып, жоспар 103 пайызға орындалыпты. Дегенмен, салаға бөлінген 7,1 миллиард теңге толық игерілмеген. Облыстың бас аграры жыл аяғына дейін қаржыны толық игереміз деп сендірді. «Сыбаға», «Алтын сақа» және «Құлан» бағдарламалары бойынша да жоспар орындалады деді. Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің хабарламасына қарағанда ауданда үстіміздегі жылдың тоғыз айында 1,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Негізгі капиталға салынған инвестиция 7,5 миллиард теңге болған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,2 есеге артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі 3,9 миллиард теңгені құрап, көрсеткіш 2,3 есеге артқан. Бөлшек сауда тауар айналымы 662,0 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,3 пайыз болған. Аудан әкімі мал басының саны, егіс көлемі де тұрақты түрде өсіп жатқанын да жеткізді. Аграрлық секторда өндірілген өнім 5,2 миллиард теңгені құраған. Хабарламашы аудандық ішкі істер бөліміне мүмкіндіктерінше көмек көрсетіп жатқандарымен өткен жылдарға қарағанда қылмыстық оқиғалардың артып отырғанын, оның ішінде ұрлық, әсіресе мал ұрлығы белең алғанын жасырмады. Кәрім Нәсбекұлы аудан әкімінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің неліктен төмендегенін сұрады. Қ.Мәдібек оның себебі былтырғы қаңтардағы төтенше жағдайдың салдарынан деп жауап бере келе, қазір бұл мәселе қарқынмен өскенін айтты. Облыс әкімі: «Ауданда жұмыс сапармен болғанда жақсы тірлікті көрдім. Сол 10 гектар жерге егілген пияз қазанның соңғы күндеріндегі қара суыққа қалып қойған жоқ па?»-деді. Аудан әкімі өнімнің үштен бір бөлігі жиналмай қалғанын айтып, қазір пияз алқабында 120 адамның жұмыс істеп жатқанын, жинау жұмысы екі-үш күнде толық аяқталатынынан хабардар етті. Облыс әкімі Сарысу, Талас және шекараға жақын Меркі, Қордай аудандарындағы мал ұрлығына қынжылыс білдіріп, барымташыларға тосқауыл қоюды облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Бекет Аймағанбетовке жүктеді. Одан кейін Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов хабарлама жасады. Аудан экономикасының өнеркәсіп саласында кәсіпорындар биылғы тоғыз айда 8 миллиард 503,3 миллион теңгенің өнімін өндірген. Нақты физикалық индекс көлемі 67,7 пайызды құраған. Ауылшаруашылық секторында да оң өзгеріс бар екен. Аудан әкімі басқа да салаларда атқарылған шаруалардан хабардар етті. Облыс әкімі аудан бюджетінің орындалмауының салдарын сұрады. Аудан әкімі бюджеттің орындалмауы аудан аумағынан өтетін жол құрылысының аяқталуынан деп түсіндірді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж.Әмірханов оның себебі мен салдарына жан-жақты түсінік бере келе, Меркі Қордай ауданынан кейін екінші орынға шыққанын жеткізді. Жамбыл ауданында өнім өндіру көлемі төмендеген, туберкулез ауруы көбейген. Аудан әкімі Рүстем Дәулет мұны «Амангелді газ» өңдеу зауыты ЖШС-ның жұмыс ырғағы бәсеңдеуімен байланыстырып, туберкулез ауруы ауданда тіркелген, алайда облыс аумағынан тысқары жерде жұмыс істейтіндер есебінен артуда деді.Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев ана өлімінің алдын алуда қолға алынып жатқан шаралардан хабардар етті. Облыс әкімі аппаратының кеңестерінде күн тәртібіне шығарылған көкөніс қоймаларын көбейту, жылу нысандарына қазандық орнату, «Ақыртас» және «Тау самалы» сынды тарихи орындарға баратын жол мәселесі, қоқыс төгетін орындарды ашу жайы кеңінен сөз болды. Бұл мәселелерді орындау басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне міндеттелді. Кәрім Көкірекбаев облыс әкімдігінің мәжілісін қорытындылай келе тоғыз айдың қорытындысы бойынша барлық салада ілгерілеушілік бар екенін атап көрсетті. Алда атқарылуы тиіс жұмыстардың да ауқымды екенін еске салды. Ауылшаруашылық дақылдарын егу, қысқы маусымды ойдағыдай өткізу, бюджет қаржысының игерілуін қатаң қадағалау, шағын және орта бизнесті өркендету, ана мен бала өліміне жол бермеу, азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, құрылыс нысандарының, оның ішінде Елбасы тапсырмасына орай апатты жағдайдағы мектеп ғимараттарын жойып, жаңадан салынатын құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дер кезінде әрі сапалы дайындау сынды мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Мектеп құрылысының құжаттарын дайындауға тағы да 10 күн беріліп отырғанын жеткізді. Облыс әкімдігінің мәжілісінде басқарма басшыларына, Тараз қаласы және аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді. Әрине, мұны орындау барлық мемлекеттік мекеме басшыларына да міндетті. Ортақ іске шағын және орта бизнес құрылымдары да атсалысып жатса артықтығы жоқ. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Ортақ іске келгенде барлық ұжым болып, бірігіп, жұмыла еңбек етсе алынбайтын асу болмайды. Сонда екі айдан кейін тарих қойнауына енетін 2014 жылды облыс толағай табыстармен қорытындылайды.
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.