Жаңалықтар

Жасөспірімдер Қордайда доп тепті

Жасөспірімдер Қордайда доп тепті

Қордай ауданында 2007 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан ел чемпионаты өтіп, додаға Қызылорда облысы Арал және Сырдария аудандарының, Түркістан облысы Төле би, Жетісай аудандарының, Жамбыл облысы Талас, Мойынқұм, Қордай аудандарының жасөспірім аяқдопшылары қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай: «Күн сайын спортқа ден қойып жатқан тұрғындар қатары көбейе түскені – қуанышты жағдай. Бүгін біздің аудан спортшылары облыс, республиканың мақтанышы болып табылады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов пен Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Түркістан облысының спорт ардагері Болат Базарбаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Доп додасы ә дегеннен қызықты басталды. Төле би ауданның жасөспірімдері Жетісай ауданынан келген қарсыластарын 5:1 есебімен ұтса, аралдықтар Мойынқұмнан келген команданы 6:2 есебімен жеңді. Қордайлықтар болса Талас ауданынан келген талапкерлерден 11:0 есебімен басым түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Қордай ауданы жеңімпаз (бірінші орын) атанды. Келесі жүлделі орындарды Түркістан облысы Төле би ауданынан, Қызылорда облысының Арал ауданынан келген командалар өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және сыйлықтарға ие болды.  

Бекжол ӘПІЛЖАНОВ,

журналист.

Қордай ауданы.