Жаңалықтар

Жазғы ойындардан жүлдемен оралды

Жазғы ойындардан жүлдемен оралды

Талдықорған қаласында өткен IV Ауыл жасөспірімдерінің жазғы республикалық ойындары өз мәресіне жетті. Жазғы ойындардың мақсаты – ауылдарда бұқаралық спортты дамыту, өңірлердегі дарынды спортшылардың көзге түсуіне жағдай жасау, ел Президенті Қ.Тоқаевтың халық арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту туралы Жолдауын іске асыру болып табылады.

Бұл жуырда ғана құрылған Жетісу облысында ұйымдастырылып отырған алғашқы ірі спорттық шарада 12 спорт түрінен (шағын футбол, волейбол, баскетбол, көгалдағы хоккей, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес пен үстел теннисі) 3000-ға жуық қатысушы сайысқа түсіп, жүзден жүйрік шығуға тырысып бақты. Аталған додада ауданымыздағы №5 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының еркін күрес үйірмесінің оқушысы Исмаил Рзаев 51 килограмм салмақ дәрежесінде бозкілемге шығып, еркін күрестен жүлделі үшінші орынды иеленді. Сол секілді тоғызқұмалақтан №19 БЖСМ-ның спортшысы Азихан Жарылғаста үшінші орынды қанжығасына байлады.