- Advertisement -

Сезімдерді тербеткен тәтті мұң

276

- Advertisement -

Қаламгерлік – екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін асыл қасиет. Кім қалай жазады, қалай жаза алады, ол – басқа әңгіме. Әркім қарымы мен дарыны жеткенше жазады. Аянып қалмайды. Еңбек жолын аудандық газеттен бастап, ұзақ жылдардан бері облыстық газеттерде тер төгіп келе жатқан танымал журналист, бірқатар көркем шығармаларымен көзге түсіп жүрген қаламгер Қамар Қарасаева ерекше жазатын, бастысы оқырманына ой сала білетін, көпшілікті ізгілік қасиеттерге жетелей алатын дарын иесі.

Мәселен, Қамардың бір ғана «Адасу» атты әңгімесіне тоқталып өтейікші. «Айнала тым-тырыс. Түнімен жауған қар ұлпаланып, үлбіреп тұр. Шынының сынығындай сәулеленіп, шағылысқан аппақ қарды аяқпен басуға қимайсың. Ешбір қылауы жоқ қалың қар бетіне із салып келеміз», деп басталатын шығармасы одан әрі қарай өзінің пойызда келе жатуымен, жол жөнекей мінген он сегіз жасар қыздың ащы тағдырымен жалғасады. Ой да салады, мұңға да тартады. Осы әңгімесін Қамар: «Тәтті ұйқыдан оянғандай есеңгіреп барып, есімді жидым. Түсетін жеріме келіппін. Жолсерік ағайға рақметімді айтып, пойыздан түстім. Шуылдаған қала тіршілігіне кіріп кеттім. Құж-құж қайнаған көліктермен сапырылыса ерсілі-қарсылы жүрген жолаушылар арасында кетіп барамын. Тарам-тарам қала көшелері. Бұрылыстар, жолайрықтар. Жол айрығында қайда барарын білмей, жанары жаутаңдап жалғыз тұрған, тұлымшағы желбіреген балдырған қыз көрдім. Алдың жарық болғай, адаспағай!» деп аяқтайды. Әңгіменің көтеріп тұрған әлеуметтік жүгі қандай салмақты десеңізші!

Жуырда Алматы қаласынан Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа автордың «Айнымас болмыс» повесі, бірнеше әңгімелері және ертеректе жазылған бірқатар өлеңдері еніп отыр. Қамардың алғашқы кітабының тұсаукесері Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өтті. Тұсаукесердің мұнда өтуі бекер емес. Қамар Қарасаева осы орталықтағы Ардақ Үсейінова басқаратын «Інжу-Маржан» қаламгер қыздар кеңесінің белсенді мүшесі.

Жаңа кітаптың тұсаукесерінде «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт алғашқы болып сөз сөйлеп, Қамардың журналистік, қаламгерлік мөлдір қырларына, ерекшеліктеріне, еңбеккештігіне тоқталды. Меркіден арнайы келген ақын Шырын Мамасерікова толғана сөйлеп, Қамарға сыйлықтар ұсынды. Оралхан Дәуіт пен ақын Ғайни Әлімбекқызы кітаптың тұсауын кесті. Онан соң ақын Үміт Битенова, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, облыстық «Аr-Ai» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек, қаламгер Қамардың тақырып таңдаудағы шеберлігіне тоқталып өтті. Әдеби жиын барысында «Анаға тағзым» орталығының жас тәлім алушылары Аймереке Қайнарқызы, Айзере Мақсатқызы және Қамардың өз қызы Әйкен кеш иесінің әсерлі өлеңдерін оқыды. Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының тәлім алушылары қаламгер әңгімелерінен үзінді оқыды. «Аr-Ai» газетінің корректоры Ғалия Садықова тамаша әндер тарту етті. Кеште ғалым Сейсекүл Исматова, кітапханашы Гүлдариға Жаңабаева, шымкенттік ақын Салтанат Мадияр, қаламгер Марат Құлибаев, Гүлнар Есмаханова, ақын Марал Хантөреқызы, кеш иесінің досы Үміт Серікқызы толғана сөйледі. Марат Құлибаев кеш иесінің «Адасу» атты әңгімесін талдап берсе, Г.Есмаханова өз сөзінде Қамардың әңгімелері мектеп оқушыларына диктант жаздыруға дәл келетінін айтты. Жиын соңында автор Қамар Қарасаева тұсаукесерге жиналған барша көпшілікке, өзіне қолдау білдірген азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да әдебиет алдындағы жауапкершілігін сезініп, көпшілікке ой салатын жаңа дүниелер жазуға күш сала беретінін айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support