- Advertisement -

Шерхан Мұртаза мен Шыңғыс Айтматов: ой — таным үндестігі

621

- Advertisement -

Әдебиет – ұлы күш. Халықтың рухани байлығы – көркем әдебиетті жасайтын тек қана талантты, ұлы дарындар. Талантты тұлғалардың әрбірінің өмірі мен шығармашылығы өзінің туған халқының тағдырымен, өркендеу тарихымен табиғи байланысты. Әрбір халықтың да генофонына саналатын ұлы тұлғалары болады. Оларсыз ол ұлттың рухани дамуы еш мүмкін емес. Қырғыз халқының осындай ұлы тұлғасы Шыңғыс Айтматов болса, қазақ халқының кесек тұлғасы Ш.Мұртаза – тек алғыр журналист, шебер прозашы, дарынды драматург қана емес, публицистика мен аударма жанрында да елеулі еңбек еткен талантты сөз зергері. Ақпараттық жаһандану жағдайындағы мәдениетаралық қарым-қатынастарды жаңғырту, оның сапалық құзыреттілігін жаңа деңгейге көтерудің бір тәсілі – аударма. Қазіргі таңда қазақ аударматану ғылымы жедел даму үстінде. Қазақ ақын-жазушыларының туындыларының әлемдік деңгейде танымал бола бастауына соңғы жылдары ғана мүмкіндік туды.

Аударма шығармашылығы – интеграциялық үрдістердің жедел қарқын алуына ықпалын тигізетін тілдік және мәдениеттанымдық тетіктердің бірегейі саналады. Соған орай, бұл да заман талабынан туындап отырған өзекті мәселелер деуге болады.

Осы тұрғыдан алғанда әрбір аудармашының көркем аудармадағы шеберліктерін саралап, көркемдік танымға қосқан үлесін бағамдауды рухани жаңғыру бағытындағы, ұлттық әдебиетіміздің даму ерекшеліктерін айқындаудағы маңызды қадам деп бағалауға болады. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да дербес қолтаңбасы айқындалған, өзіндік стилі бар қаламгер ретінде аударма жанрына ерекше ыждаһаттылықпен қарады.

Жазушының өмірбаяндық деректеріне қарап отырсақ, шығармашылықтың өзіне аударма жанры арқылы келгендігін бағамдаймыз.

«Аударма бұл адамзат әрекетінің күрделі де көп қырлы түрі. Әдетте аударманы «бір тілден екіншісіне аудару» деп қарастырғанмен, шындығында аударма жай ғана бір тілді екінші бір тілмен алмастыру үдерісі емес. Аударма барысында әртүрлі мәдениеттер, тұлғалар, түрлі әдебиеттер, дәуірлер, дамудың түрлі деңгейлері, салт- дәстүрлер қақтығысады. Аударма мәселесі мәдениеттанушыларды, этнограф, психолог, тарихшы, әдебиеттанушыларды қызықтырады және аударма іс-әрекетінің әртүрлі жақтары сәйкес ғылымдар аясында зерттеу нысаны бола алады». Жалпы аударма жасау өте күрделі де қиын жұмыстардың бірі. Бұл жұмыспен айналысу үшін аударма ісінің қыр- сырын білетін жетік маман болу қажет. Талантты туындының рухани әлемі – көпке ортақ. Аудармашының жасаған аудармасы төрт аяғынан тең түсіп жатса, мұның өзі – үлкен бақыт. Осы тұста қырғыздың классигі Шыңғыс Айтматовты «бағы жанған қаламгер» деп айтсақ, асылық емес. Шерхан Мұртаза оның «Қош бол, Гүлсары!», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» сынды шоқтығы биік туындыларын қазақша сөйлетті. Бір ғажабы, Шыңғыстың шығармаларын бір Шерхан Мұртаза ғана емес, қазақтың өзге де қаламгерлері басқа шығармаларын тамаша аударған. Мәселен, Әбіш Кекілбаевты («Ерте келген тырналарды» орысшадан аударған), Қалжан Нұрмахановты («Жәмилә», «Құс жолы», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстазды» қырғызшадан қазақшаға), Айқын Нұрқатовты («Шынарым менің, шырайлым менің» орыс тілінен аударған), Зейнолла Қабдоловты («Қызыл алманы» орысшадан аударған), Қалтай Мұхамеджановтарды («Ақ кемені» орысшадан аударған) атап айтсақ болады.

Шерхан Мұртаза оның шығармаларын аударуды «Ботагөз» повесінен бастаған болатын. Аудармашы ретінде ол Шыңғыс Айтматов шығармаларының рухын тура бере білген.

Шерхан аудармаларында Шыңғыс Айтматовтың түпнұсқадағы көркемдік әлемі, идеяны жеткізудегі өзіндік машық-мәнері түгел сақталғанымен қатар, тілдік құрылым жағынан өте шебер қолданыстар болғандығын көреміз. Жалпы Шыңғыс Айтматов шығармаларын аударуда Шерхан Мұртазаға сол кезеңдегі цензура да көп әсерін тигізген. Қазақ арасындағы кең таралған көреалмаушылық шығармашылық өкілдерінің арасында да болғаны жасырын емес. Солардың түрлі қауесетін естіген үкімет басындағылар мен зиялы азаматтар Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы қазақ даласының суреттеудегі шеберлігін тіпті басқа қырынан сипаттады. Осыдан келіп, Шерхан Мұртазаға Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын аударуына үзілді- кесілді қарсы шыққандар да болды.

Бұл туралы аудармашы — жазушының өзі былай дейді: «Менің əр кітаптан үзіп-жұлып алып отырғаным – Айтматов көтерген зілмауыр проблемалардың бірлі- жарымы ғана. Жазушының жүрегін тас жарғандай жарып өтіп, əлем, адам алдына қойылған қаншама сұрақтар тұр десеңізші.

«Боранды бекетті» қазақшаға аударып жүргенде мынадай бір сорақылау əңгіме болды. Сол кездегі Госкомиздаттың бастығы баспаның директорын қысады: «Буранный полустанокті» аударуға неге шарт жасастың? – деп. – Қалайда шартты бұз. Мұртазаевқа айт: басқа кітап аударсын!», – деп. Мұртазаев оған көне қоймайды. Ол кітап аударса, ақша табу үшін аударып жүрген жоқ. Өзінің жазатын дүниесі жетеді. Аударса, Айтматовтың кітабын шын құлай сүйгендіктен, бар жан-тəнімен беріле аударады.

Сан жөнінен, көлем тұрғысынан қарағ ан да, Шың ғ ыс А й тматов туындыларының мөлшері көп емес, кез келген əдебиеттегі қарабайыр, коңыртөбел прозаиктердің бірқатары ондай нəрселерді елуге жетпей-ақ, жазып тастай береді ғой. Ал мағына, тереңдік, көркемдік критерийлеріне жүгінсек, қазіргі əлем өнерінің ең үздік шығармаларының қатарында Айтматов туындыларының көрінуі, қырғыз, қазақ əдебиеттері үшін ғана емес, кеңес əдебиетінің мерейі, халықтық, гуманистік мұраттарды ұстанатын өнер салтанаты.

Шыңғыс Айтматов талантының сапалы бір ерекшелігі, ол əрбір кезекті шығармасында тың өмірлік материалды ала отырып, соны стильдік, композициялық форма пайдаланып, жаңа образдар, тосын тұлғалар тудырып, ерекше көркемдік əлем ашады. Айрықша ескерер жайт – күні бүгінге дейін ол бір шығармасында қолданған баяндау тəсілін, архитектоника элементтерін екінші рет қайталаған жоқ. Үнемі, тұрақты қайталанатын бір-ақ нəрсе бар. Айтматовтың барлық туындысының темірқазығы – адам, ауыр тағдырлы, трагедиялық қаһарман.

Жазушы творчествосындағы ең үлкен сарын, басты пафос өмірдің сұсты келбетін, тіршіліктің қаһарлы сырын реалистік дəлдікпен, азаматтық адалдықпен, суреткерлік шыншылдықпен, қаламгерлік тереңдікпен бейнелеу, адамдар тағдырындағы диалектикалық қайшылықтарды ашу, өмір мен өлімнің мəңгілік тайталасындағы жеке адамның орнын көрсету, жазушы науқандық, өткінші ұрандарға бой алдырмай, көркемдік, идеялық, шыншылдық талаптарын берік те қатал ұстанады. Əдебиет тарихы қанша тереңде жатқанымен, жазба ескерткіштері мол болғанымен, қазақ, қырғызда реалистік əңгіме, повесть, роман дəстүрінің шағындығы əр кезде шаң беріп қалады. Біреулер фольклорлық сарындарға түсіп кетсе, екіншілер əдеби схемаларға құрылады. Аңыз, миф байлығы мен реализм мектебіндегі шеберлік сырларын əлеуметтік, психологиялық проза сабақтарына берік ұластырып, қазіргі заманның күрделі шындықтарын ашатын, ұлттық бояуы қанық, интернационалдық байлығы мол, философиялық терең мазмұнды формасымен көз тартатын жүзіктің көзінен өткендей көркем, ықшам, қорғасындай салмақты туындылардың тұтас галереясын жасады.

Айтылған қорытындыларды «По праву памяти, творческое наследие выдающегося мастера художественного слова Ч.Айтматова останется в мировой литературе, поскольку к проблемам планетарного масштаба он выходил через национальное миросозерцание, говоря о проблемам вечных, общечеловеческих. Филологический анализ прозы и публицистики Ч.Айтматова обогатит мировое литературоведение новыми акцентами в анализе стиля и поэтики, новым прочтением малой прозы писателя», – деген пікір де айқындап тұр.

Əлемдік əдебиетке тың тақырып, соны идея алып келген, авторлық концепцияның кемелдігін танытқан Ш. Айтматовтың суреткерлік шеберлігін əдеби-сыни жəне ғылыми тұрғыдан тану қырғыз ұлтының əдебиеті үшін қандай қажет болса, қазақ əдебиеті үшін де үлкен маңызға ие. Қазақ пен қырғыздың салт-дəстүрін, мəдениетін, əдебиетін, мінез-құлық, болмыс-бітімін бала күнінен бойына дарытып өскен Шерхан Мұртазаның Ш.Айтматов шығармаларын аударуға аса ықыласты болуына осы жағдайлар əсер етсе керек.

Өмір жолына көз жүгіртсек, Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан- аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиләдан» бастап, әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте-мөте жақын еді. Жазушының өзі де қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен. Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болған, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айтматов Т.Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті болған.

Бес жасында әкесі Мұртаза «Рысқұловщина» деген жаламен ұсталып кеткеннен бастап, бала Шерханның алаң көңілі қандай қызмет атқарса да, Рысқұлов туралы ізденуде болды. Осылай, Шыңғыс Айтматовпен өмір жолы түйісіп, жазушылық жолында ұлы талантына бас иеді.

Әйгілі жазушы «Ақ кеме» повесінде кішкентай ғана баланың көзімен күллі әлемнің қуанышы мен қайғысына үн қосқан аңыз бен мифті шындықпен астастыра суреттейді. «Қош бол, Гүлсары!» – жүйрік жылқының тағдыры арқылы қоғамдық-әлеуметтік болмысты тереңнен тануға арналған. «Жан пида» романын қалың қазақ оқырманы кезінде жақсы қабылдаған. Роман қасқырлар тіршілігі арқылы табиғат пен адам баласы арасындағы күрделі қарым-қатынасты биік адамгершілік деңгейде көтеруімен терең ой салады. «Ғасырдан да ұзақ түн» романында және «Шыңғысханның ақ бұлты» повесінде заман зарын, адамзаттың трагедиялы тағдырын толғайды. Табиғаттың жазы мен күзі, қысы мен көктемі алмасып келіп отыратынындай, адам баласының да қилы-қилы мінездері «Қызыл алма» шығармасында сәтті ашылған. Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесі кезінде Ресей ғана емес, Еуропаның өзін таңырқатқан.

Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне аударуда Шерхан Мұртазаның жазушының адамдық болмысын жан-жақты тани алғандығын байқаймыз. Ш.Мұртазаның Шыңғыс Айтматовпен ой-таным бірлігі мен ұлттық ұстаным тұрғысында өзара үндесіп жатқандығын аңғарамыз.

Жазушының шығармалары дүниежүзінің 128 елінде 176 тілге аударылған. Классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың соңғы шығармаларының бірі – «Когда падают горы» («Таулар шөккенде») романы. Бұл роман 2006 жылы Мәскеуде жарық көрді. Ал қазақ тілінде жеке кітап болып басылмаған «Тау құлаған», «Кассандра таңбасы» романдары мен «Шыңғысханның ақ бұлты» хикаятын орыс тілінен жазушы Нұрлан Қами аударған.

Заманымыздың ұлы суреткері Шерхан Мұртаза шығармалары да дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылуда. Әрине, оның шығармаларының өзге тілдерге аударылуы автор үшін де, аудармашылар үшін де ерекше олжа екендігін атап кеткеніміз жөн. Шерхан тілін аударушылардың басқа аудармашылар сияқты негізгі мақсат- міндеттері – жазушы шығармаларының рухын оқырманға дәл жеткізе білу. Оның туындылары да одақтық және шетел халықтарының тіліне аударылды.

Әдебиет атты ардың ісіне белсене араласқан Ш.Мұртаза өзіндік бедер қалыптастырған, ұлттық қазынамызды алтын сандығын байытып, шоқтығы биік шығармалар сыйлады. «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген Саққұлақ бидің айтқанының нақты мысалы Шерхан Мұртаза деп тануға болады.

Шыңғыс Айтматов – әлем таныған тұлға. Ал Қазақстанда Шерағаны білмейтін адам жоқ. Көркем шығармалары арқылы адамзаттың ой-өрісін көтеріп, санасына сәуле құйған, руханияттың көшін сүйреп, өмір философиясын шерткен екі замандас сөз зергерінің де өзіндік мектеп қалыптастырғаны анық.

Екі тұлғаның өмір жолы мен ұлтқа деген қалтқысыз сүйіспеншілігі ұқсас. Балалық шақтары соғыстың отына шарпылып, түтініне қақталған ұрпақтың өкілі.

Қазақ әдебиетінің әлемдік арнада көрініп, таралуы кең өріс алып келеді. Мұның өзі егемен елдің тәуелсіздік тұғырын рухани салалар арқылы нығайтып, шеңбер-аясын жаңа тақырып, мазмұнмен, соны түр, өлшем-өрнектермен көркем бедерлей түскенінің бір белгісі болса керек.

«Адамзаттың Айтматовы» аталған Шыңғыстай ұлы жазушының шығармашылық мұрасы әлемге паш етілді, көптеген зерттеулер жүргізілді. Ал осы алып жазушының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалау арқылы шеберліктің шыңына шыққан Ш.Мұртаза секілді белгілі жазушының аудармашылық қырын, айқындауға ұмтылдық. Көрнекті қаламгердің аударма саласына қосқан үлесін, өз шығармаларының басқа тілдерге аударылуына да өте жауапкершілікпен қарап, аудармашылармен достық қарым-қатынаста болғандығын таразылау арқылы шынайы талант иесі, дарынды қаламгер ретіндегі қолтаңбасын бағамдауды мақсат еттік. Әсіресе халық қалаулысы бола отырып, халқының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген қайраткердің ар- абыройдың ең биігінде тұрған ерен тұлға екендігін түйсіндік.

Ш.Мұртаза – әмбебап тұлға. Оның аудармашылық қыры туралы сөз қозғағанда Шыңғыс Айтматов туралы айтпау еш мүмкін емес. Ұлттық рухтан нәр алып, қанаттанған қос қайраткердің де ұлы мұраттар жолында атқарған істері өте көп. Ш.Мұртазаның ұлы мұрат жолындағы Тұрар Рысқұловтай тұлғаны тірілтіп, әдеби ескерткіш орнатуы, осы жолға ширек ғасырдан астам уақытын сарп етуі, сол арқылы оның шәкірті болған Шыңғыс Айтматовтың талантын жоғары бағалап, ерекше ден қойғаны да өзінше ерлік.

Қорыта айтқанда, Шыңғыс пен Шерхан шығармашылығындағы рухани ұқсастығы олардың эстетикалық танымдарының жалғастығында. Шыңғыс Айтматовтың көркем әдебиетке деген адалдығы Шерхан аудармаларында нақты жеткізіліп, өзінің көркем туындыларында көркем проза тілімен көркемделіп жарқырай түсті. Көркем әдебиеттегі басты талап пен биік тұғыр – өмір шындығы мен көркемдік шешімнен бастау алары хақ. Бұл тұрғыдан алғанда, екі ел әдебиетінің нар суреткері өмір шындығының сәулесіне баланатын қоғамдық болмысты образдар арқылы бейнелейді.

Шыңғыс Айтматов та, Ш.Мұртаза да кез келген тақырыпты талғамсыз, кездейсоқ жазбаған. Олар өздері көріп- білген жайларды тереңнен толғап, шабытпен, серпінмен жазады. Өздерін толғандырып, қолына қалам ұстатқан тақырыбын жаңа көзқарас, бедерлі бейнелеулер арқылы ұтымды, әсерлі етіп береді. Бұл – екі суреткердің де ой- танымының үндесіп жатқандығының кепілі, жазушылық, шығармашылық кредосы.

 

 Ерболат САУРЫҚОВ,

 филология ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support