- Advertisement -

Мал – баққанға, егін – еккенге бітеді

47

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты былтырғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «…Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету» деп түрлі деңгейдегі әкімдерден бастап Үкіметке дейін нақты міндет жүктеді. «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы наурыздағы Жолдауында да: «Аса тұрақсыз жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор» деп атап көрсетіп, егін егу науқанын сапалы өткізуге назар аудару қажеттігіне тоқталып өткені белгілі. Үкімет пен әкімдіктер бұл міндетті ерекше бақылауға алу қажет екенін ескертті. Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда Талас ауданында бірқатар жұмыс жүзеге асты, әлі де атқарылуда.

Ауданда биыл жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 8550,4 миллион теңгені құраған. Оның ішінде, мал шаруашылығында 8531,8 миллион теңгенің және өсімдік шаруашылығында 5,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 100,2 пайыз болса, мал шаруашылығы – 100,2, өсімдік шаруашылығы – 100 пайыз. Төрт түлік мал өсірумен аты шыққан ауданда мал басын сақтау және өнімін ұлғайту жыл сайын қарқын алып келе жатқаны көңіл қуантады. Биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша мүйізді іріқара – 32610, қой-ешкі – 433563, жылқы – 1393, түйе – 2521 бас және үй құсы 42330 басқа жеткен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мал басы да, құс саны да еселеп артқан. Алты айда мал мен құс етінің тірідей салмағымен – 6678,2 тонна, сүті – 5554,5 тонна, алынған тауық жұмыртқасы 1341,0 мың дана болған. Мұнда да ілгерілеушілік бар.

– «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан Қаратау ауылдық округіндегі «Нұр-Ислам» шаруа қожалығы 24,0 миллион теңге несие алып, 480 бас қой және Берікқара ауылдық округіндегі «Омар» шаруа қожалығы 40,0 миллион теңге несиеге 571 бас қой, 30 бас жылқы сатып алды. «Әулие-Ата» несие серіктестігі ЖШС арқылы мал сатып алу үшін 7 шаруа қожалығы 85,92 миллион теңге несие алды. Атап айтқанда, Қаратау ауылдық округіндегі «Дәурен» – 3,6 миллион теңгеге 8 бас жылқы, Ойық ауылдық округіндегі «Ерзат» 23,575 миллион теңгеге 22 бас жылқы, «Мұса» 18,1 миллион теңгеге 40 бас жылқы, Бостандық ауылдық округіндегі «Бірлесу» 15,0 миллион теңгеге 303 бас ұсақ мал, «Жандарбек» 15,5 миллион теңгеге 148 бас қой, 18 бас жылқы, Аққұм ауылдық округіндегі «Қожа» шаруа қожалығы 3,4 миллион теңгеге 68 бас қой сатып алған. Ойық ауылдық округіндегі «Мұса» 18,1 миллион теңгеге 40 бас жылқы, Бостандық ауылдық округіндегі «Жарылқасын» шаруа қожалығы 10,5 миллион теңгеге 120 бас ұсақ мал, 10 бас жылқы алу үшін құжаттары несие серіктестігіне өткізіліп, қаралуда.

Реті келгенде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Қызыләуіт ауылдық округінен «Еламан» шаруа қожалығы 2025 жыға дейін 414,0 миллион теңгеге 5000 басқа арналған қой бордақылау алаңын іске қосатынын да еске сала кетейін. Былтыр 80,0 миллион теңгеге Қызыләуіт ауылынан электр желісі тартылып, 1000 бас қой бордақыланды, – дейді аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.

Биыл 8 шаруа қожалық 250 гектардан аса егіс көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егісін суаруда. Бұл өміршең әдісті енгізуде Бостандық ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы өткен жылы 77,0 миллион теңгеге инвестициялық жоба жасап, жаңбырлатып суару құрал-жабдығын және сусорғысын сатып алып, 50 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып, «Зерхат» шаруа қожалығын 70 гектар жерге көкөніс, бақша, картоп, «Жаңалық» шаруа қожалығы 30 гектар жерді тамшылатып суаруда. Келер жылы «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығы егіс көлемін 106 гектарға, «Зерхат» шаруа қожалығы 100 гектар ұлғайтуды көздеп отырса керек.

Ауданда төрт жылыжайда көкөніс өнімдері өндірілуде. Атап айтқанда, Үшарал ауылдық округінде 0,20 гектар алқапты алып жатқан бір, Ойық ауылдық округінде 0,03 гектар алқапта екі және Қаратау қаласындағы 0,20 гектар жылыжайларда қияр және қызанақ өнімдері өсірілуде. Биыл Ақкөл ауылдық округіндегі 0,02 гектар жылыжай қайта қалпына келтіріліп, іске қосылатын көрінеді.

2022 жылдың 6 айында аудан бойынша 132,293 миллион теңгеге 35 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Оның жетеуі трактор және 28 әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары. Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару көрсеткіші 4,6 пайызға орындалса, жылдық жоспар 11 пайыз екен. «Бұл жұмыстар жалғасын табады», – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

2022 жылғы суару маусымына дайындық ретінде ұзындығы 56,4 километр 21 канал механикалық тазалаудан өткен. «КазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны есебіндегі ұзындығы 23,4 километр 13 канал және асарлатып тазалау бойынша ұзындығы 33,0 километр 8 канал тазаланған. Сонымен қатар «КазСушар» РМК Ақкөл өндірістік бөлімшесі өздерінің теңгермесіндегі «Жартас» су қоймаларының бас су құрылғысы мен дамбасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. «Жамбыл су қоймалары» КМК теңгермесіндегі «Қазақбай» су қоймасы дамбасының 1,5 километр, «Тамды» су қоймасы дамбасының 0,5 километр жері ағымдағы жөндеуден өткен.

Биылғы жылы жөндеуден өткізу үшін аудандық коммуналдық меншіктегі 8 каналдың 526 997,0 мың теңге болатын жобалық-сметалық құжаттары жасалып, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына қайта қалпына келтіру үшін ұсынылған. Ақкөл ауылдық округіндегі 4 латок арық пен Тамды ауылдық округіндегі 4 латок арықты қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Мұнымен қоса, Тамды ауылдық округінде «Дулатбай» су қоймасы, Қызыләуіт ауылдық округінде «Әбдірәсіл» су қоймасы қайта қалпына келтіру үшін құжаттары заңдастырылуда.

2022 жылдың өнімі үшін барлығы 4195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 1193 гектар пар дайындалып, барлық егістік жердің 76 пайызы игерілген. Күздік бидай 5000 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4465 гектарды құрайды. Көктем айларында 4730 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 1600 гектары жаздық арпа, 500 гектар дәндік жүгері, 750 гектар мақсары, 50 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс және 1200 гектар көпжылдық шөп себілген.

Мемлекет басшысы биылғы наурыздағы Жолдауында шаруаларды қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы,

тұқым мен тыңайтқышқа дейін назар аударып, нақты тапсырмалар беріп, жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізуді міндеттеді. Көктемгі егіс-дала жұмыстарына 260 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, оны ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне сатып алуды, жеткізіп беруді және таратуды ұйымдастыру үшін операторлыққа «Таң» және «АТФ Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бекітіліп, литрі 194 теңгеден таратылған. Көктемгі егіс-дала жұмыстарына қажетті 260 тонна кепілдендірілген дизель отынына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырыс берілді. «АТФ Энерджи» ЖШС 130 тонна және «ТАҢ» ЖШС-да 130 тонна. Тұқымнан да, тыңайтқыштан да мәселе туындамаған. Аудан бойынша өткен жарты жылдықта 10 шаруа қожалығы субсидияланған бағамен 413 тонна минералды тыңайтқыш сатып алған. Жоспар 135 пайызға орындалған.

Қазіргі кезде Берікқара, Қаратау, Қасқабұлақ ауылдық округтерінің Қаратау жотасында орналасқан масақты дәнді дақылдарының өнімін жинау жұмыстары қызу жүруде. Биылғы жылы арпа-бидайдың шығымы жаман емес. Жалпы аудан бойынша 6600 гектар масақты дәнді дақылдар орылады. Атап айтқанда, Берікқара – 2610, Қаратау – 2525, Қасқабұлақ ауылдық округі – 1365 гектар. Осы егін орағына – 14 комбайн, 18 автокөлік және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылуда. Күздік бидайдың орташа түсімі гектарына – 15-16 центнерден, жаздық арпа – 10-12 центнерден айналуда. Әзірге 15 тамызға дейін 87 пайыз жердің өнімі жиналған.

Масақты дәнді дақылдарды ертерек жинап, қамбаға құйып алуға орақ науқаны қызған шақтағы жауын-шашын кедергі келтірсе керек. Әйтпесе жауапты науқанды ойдағыдай өткізу үшін аудан әкімдігі тарапынан да, ауыл шаруашылығы бөлімінен де тиісті көмек те, қамқорлық та жасалған. Оның үстіне егін егумен айналысатын шаруаларда жер жыртып, егін егуде ел ырысына шалғы салуда мол тәжірибесі бар. Мал – баққанға, егін – еккенге бітеді, мұны құт дарып, береке қонған Талас ауданының шаруалары жақсы біледі.

 

Амангелді ӘБІЛ

 Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support