- Advertisement -

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

67

- Advertisement -

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Білім күні қарсаңында оқушылардың оқулығы, киім-кешек дауы, орын жетіспеушілігі сияқты мәселелер алдымыздан шықпай қоймайды. Сондай-ақ жаңа оқу жылы өзінің бірқатар жаңалығын ала келетіні де анық. Шындығында бүгінгі мектептер жай ғана мектеп емес – озық білім мен үздік тәжірибе ұштасатын интеллектуалды орталықтарға айналуы керек. Аймағымыздың да білім жүйесі еліміздегі үлкен өзгерістерден қалыспай аталған бағытта тың қадамдарға баруы шарт. Кеше осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өткізіліп, оқу жылына білім ошақтарының дайындығы барысы талқыланды.

Жаңа оқу жылында облысымыздың 447 мектебі 240 мың оқушыға есігін айқара ашады. 22899 оқушы жаңадан 1-сыныпқа келеді. Биылдың басты жаңалығы деуге болады, 1-сыныптар тек қазақ тілін ғана оқиды. Орыс тілі 2-сыныптан, ал ағылшын тілі 3-сыныптан бастап жүргізіледі.

«Оқу жылына оқулықтар мен оқу- әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін қажетті қаржы бөлінді. Оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

Сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мектептер мен балабақшаларға толығымен бейнебақылау камераларын орнаттық», – деді облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы.

Бүгінде облыста ерекше білімді алуға қажет ететін 7 898 бала бар. «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ» сынды республикалық қайырымдылық қорларымен бірігіп, осы топтың өкілдеріне қолдау көрсетілген. Атап айтқанда 5 ресурстық орталық пен инклюзивті қолдау кабинеттерінің және «Асыл Мирас» аутизм орталығының материалдық-техникалық базасы жабдықталыпты.

Қазіргі таңда облыста 1 апатты, 3 ауысымды, 2 орын тапшылығы бар мектептер бар. Бұл мәселе де жуық арада шешімін табады. 2022 жылы 15 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізіліп, осы оқу жылында оның 10 мектебі пайдалануға берілгелі отыр.

Тағы бір түйткілді мәселе, балалардың мектепке дайындығына кеп тіреледі. Шыны керек, мектепке дайындық жыл сайын қымбаттап келеді. Бұл уақытта саудагерлер өз мүмкіндіктерін жібермей, тауар бағасын өсіріп қояды. Бұл қымбаттауға биылғы нарықтың құбылысы қосылып, ата-аналардың аңтарылып қалған жайы тағы бар.

«2022 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамсыздандырылған және көпбалалы отбасынан шыққан 47 601 оқушыны әлеуметтік қолдауға 4,8 миллиард теңге бөлінді. Биыл жекелеген санаттағы балаларды киім, аяқ киім, кеңсе тауарларын, керек-жарақтарын сатып алуға жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Киім-кешекке бөлінген қаржы есебінен осы жылдың 11 тамызынан бастап ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің жеке шоттарына 32500 тенгеден аударылуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейі 37 389 теңге болғандықтан, бұл көмекті де осы көлемде беру үшін 226,7 миллион теңге бюджеттен қосымша тағы бөлінеді. Қыркүйек айында әр балаға қалған 4889 теңге ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің жеке шоттарына аударылатын болады», – дейді Еркін Құлымбайұлы.

Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы биыл да 1-30 тамыз аралығында өтті. «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық!» ұранымен өткізілген қайырымдылық шарасы аясында аймағымыз бойынша жалпы 1382 балаға 29 843 000 теңге шамасында көмек көрсетілді.

Жаңа оқу жылына дайындық кезінде әлеуметтік себептеріне байланысты мектепке бара алмайтын балалар баршылық. Көпбалалы отбасылардың балалары мен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық және басқа да көмек көрсететін ауқымды шара осымен тоғызыншы рет өткізілді. Жоба аясында аудандарда бірнеше рет мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда мектеп формасы, оқулықтар, балаларға арналған түрлі бағыттағы танымдық кітаптар, сөмкелер, кеңсе заттары, мектепке арналған аяқ киім мен күртешелер, басқа да қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер төмендетілген бағалармен сатылды. Дәл осындай жәрмеңке Тараз қаласы бойынша алдағы демалыста ұйымдастырылады.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды алаңдататын тағы бір сауал бар. Ол – баласының мектепке дайындығы, соның ішінде мектеп формасы мәселесі. Себебі әр жылдарда киімнің түсіне қатысты талаптар үнемі өзгеріп отыратын. Сәйкесінше, ата-аналар да шығынға батып келді. Ал биылғы оқу жылынан бастап әр өңірдің өз мектеп формасы болады.

«Жамбыл облысының да барлық орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылдарында 1-сынып оқушылары үшін бірыңғай қою көк түсті мектеп формасы ұсынылып отыр. Ата-аналарға бұл форманы базардан да, сауда үйінен де сатып алуға ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар оқушы мектеп ауыстырған жағдайда да жаңа форма сатып алудың қажеттілігі болмайды. Яғни ата-ананы бір өндірушіден сатып алуға міндеттемейді. Дегенмен оқушылардың алдыңғы оқу жылында алынған мектеп формаларын тозғанша киюге рұқсат беріледі», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Орынбекқызы.

Әр мектеп, түсін өзгертпегенімен, түрін өзгертіп, өз дегендерін жасай беруге де болмайды. Әу баста, қалтаны қақпаудың, әлеуметтік теңсіздікті жоюдың амалымен жасалған бірыңғай форманың артықшылығы да – осы. Мұны мектеп директорларының өз пайдаларына шешуіне енді жол берілмейді.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support