- Advertisement -

Аудандарда аяқсыз қалған жобалар көп

145

- Advertisement -

«Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық көлік транзиті бойында орналасқан Жуалы ауданының əлеуметтік-экономикалық əлеуеті жыл санап артып келеді. Бірақ ауданда құрылысы жарты жолда қалып, тоқтап тұрған жобалар да жоқ емес. Соның бірі – Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты «Гамбург» ЖШС 1200 мүйізді ірі қараға арналған сүт тауарлы фермасы.

Оның құрылысы осыдан бес жыл бұрын басталса да аяқталар түрі жоқ. Мұнда кімдер келіп кетпеді десеңізші. Ауыл шаруашылығы министрінен бастап облысты басқарған әкімдер де бірінен кейін бірі келіп, көріп кетіп жатыр. Ал қабырғасын қалқайтып тұрғызып қойған серіктестік директоры Егор Кох құрылыс жұмысын аяқтау үшін биліктен көмек сұрауын тоқтатар емес.

– 1200 орындық сүт тауарлы ферманың құрылысын өз күшімізбен бастаған едік, бүгінгі таңда қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бұл жобаны сапалы аяқтау үшін мемлекеттің қаржылай көмегі керек, нысан субсидияға енгізілсе деген тілегім бар. Өз күшіммен аяқтай алмайтыным анық. Өйткені құрылысты аяқтау үшін 700-800 миллион теңге қаражат қажет, – дейді серіктестік директоры.

Аталған серіктестікте 125 ауыл тұрғыны еңбек етуде. Онда 1500 мүйізді іріқара, 100 жылқы бар. Сауын сиыр саны – 600. Қожалықтың жемшөбі 2500 гектардан дайындалуда. Техника базасы жеткілікті.

Енді біреулер сүттен қыруар табыс тауып жатыр деп те ойлауы мүмкін. Ал шаруашылық директоры Егор Кох бір ғана сүттен түскен табыспен құрылысты аяқтап, биліктің көмегінсіз шаруасын соңына дейін жеткізе алмайтынын айтып, ақталуда.

Серіктестік директорының сөзінен ұққанымыз нысан субсидияға ілінсе деген үміті бар. Бұл мәселеден облыс әкімі де хабардар. Серіктестік басшысының ұсыныстары билікте қаралып жатқан сияқты. Енді бұл нысанның қашанға дейін қалқайып, қаңырап тұратыны белгісіз.

Ауданда құрылыс жұмыстары сиырқұйымшақтанып, тағы бір аяқсыз қалған жоба – «Қаралма» тау-шаңғы кешені. Оның құрылысының басталғанына да бес жылға жуықтапты. Инфрақұрылымы тартылған кешеннің құрылысы біраз уақытқа созылып кеткені белгілі. Енді осы жобаны өз қолына алған «Тараз строй-2004» ЖШС бар күшін нысанды аяқтауға жұмылдырыпты-мыс «Қаралма» тау-шаңғы кешені пайдалануға беріледі дегелі бері де бес жылдың жүзі болды. Биыл да құрылыс жұмыстары аяқсыз қалып, тоқтап тұр. Ал облыс жұртшылығы болса «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің пайдалануға берілуін тағатсыздана күтуде. Жобаның құны 4 миллиард 867 миллион теңгені құрайтын тау-шаңғы кешенінің базасы 22 гектар аумақты алып жатыр. Туристік нысан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен қол созым ғана жерде тұр. Ол нысан Алатау баурайында теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте бой көтеруде.

Бүгінде Алматыдағы «Шымбұлақ», Түркістан облысындағы «Тау самалы» тау-шаңғы демалыс аймақтарын білмейтін адам кемде-кем. Ал «Қаралма» кешенінің еліміздің өзге өңірлеріндегі қысқы демалыс орындарына қарағанда мүмкіншілігі мол. Мәселен, еліміздегі аспалы жолдардың ұзындығы «Шыңбұлақта» –1200, «Тау самалында» – 1300 метр болса, «Қаралмада» ол – 2500 метрді құрап, сырғанау жолағы 2300 метрге дейін ұлғайтылмақ. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізіліп, орнатылған.

Сонымен қатар мұнда келушілердің жыл он екі ай бойы демалуына мүмкіндік жасалып, жылына 45 мың адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Жаз мезгілінде тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Демалыс кешенінде саумалмен, қымызбен емдейтін, салт атпен серуен құратын орындар ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ 100 орындық қонақ үй, 70 келушіге арналған мейрамхана және 20 коттедж, 2 автотұрақ, басқа да спорт алаңдарының құрылысы басталған болатын.

Осынша ауқымды жобаның сағызша созылып кетуіне кім кінәлі? Мүмкін басқа да себептері бар ма? Бұл сауал үнемі тиісті сала мамандары мен жергілікті әкімдік қызметкерлеріне қойылып-ақ келеді. Бірақ жауапты тұлғалар жалтарумен келеді. Ал компания өкілдері болса, құрылыс жұмыстарының созылуына ауа райының қолайсыздығын кінәлайды. Айталық, алдыңғы жылы ауа райы қолайсыз болды. Былтыр пандемия орын алды, ал биыл оған не кедергі?

Биыл ауданға келген алғашқы жұмыс сапарында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұл нысанды айналып өтіп кетпеді. «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне арнайы соғып, ондағы жағдаймен танысты.

Бүгінде жобаның құрылысын қолға алған «Тараз строй-2004» ЖШС-ның басшысы Мейірбек Жүнісов нысанды биыл пайдалануға беретінін нық сеніммен айтып отыр.

Назардағы нысан биліктің де бақылауында тұрғаны белгілі. Онда сервистік орталық, асхана мен аспалы жол салынған. Тек аспалы жолдың қосалқы құрал-жабдықтарының басын жинап қосу ғана қалған. Ал қонақ үйлер кəсіпкерлердің күшімен тұрғызылған. Қазір қаңқасы қарайып тұрған коттедждер қалашығының шатыр жабыны жабылып, кешен іске қосылса қайта түлеп кеткелі тұр. Жобаның қазіргі жағдайымен танысқан облыс əкімі Нұржан Нұржігітов: «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне демалуға ниетті облыс тұрғындары өте көп. Басталғанына бес жыл болған кешенді қалайда биыл іске қосу керек. Содан кейін жасанды қар жасайтын құралды міндетті түрде орнату қажет», – дей келіп, мердігерге кешенді биыл іске қосуды мықтап тапсырды.

Ендігі жұмыс мердігердің мойнында. Компания мойнына жүктеме алғанымен кешеннің құрылысын аяқтауға асығатын түрі жоқ. Жазда аяқталатын болды, әне-міне дегенше күз де келіп қалады. Оның артында қылышын сүйреп қарт қыс тұр. Биыл өзі «Қаралма» тау-шаңғы кешенінде сырғанаймыз ба? Анығын уақыт көрсетеді.

Басталмай жатып, басы дауға қалған жоба бұл – «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» автожолы бойындағы қызмет көрсету орталығы. Былтыр бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келгенде бұрынғы аудан әкімі Олжас Қаржауов ауданның экономикасын дамытуға арналған жобаларымен таныстыра келіп, Момышұлы ауылы кіреберістегі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы бойынан сервистік орталық ашуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Сол жерде-ақ «Қазавтожол» ЖШС мен аудан басшылығы арасында пысықталмаған жұмыстың бары аңғарылып қалған. Дегенмен араға жыл салып облыстың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов келгенде жобаның қолға алынғанын көріп, қуанып қалғандай едік.

Онда не көрдік дейсіз бе? Жобаны жүзеге асыру үшін 13 кəсіпкердің тартылғанын, олардың жол бойынан аудан брендін өткеретін сүт өнімдері, қымызхана мен азық-түлік дүкендері, асхана, тез дайындалатын тамақ өнімдері, қонақ үй, ТЖО, басқа да нысандардың іргетасының қаланып жатқанының куәсі болдық. Ол нысанды бірер айда аяқтап іске қосу көзделгенін айтты аудан басшылығы. Тиімділігі мол жобаны облыс əкімі де қостады. Бірақ арада тәулік өтпей құрылыс жұмысы тоқтады да қалды. Енді оған кім жауапты? Ол жерден жер алып кәсіп бастаймыз деген кәсіпкерлердің де үміті ақталмай тұр.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Айта берсек таусылмайды. Мұндай жобалар ауданда бұдан да көп. Бұл мақалаға арқау болғаны «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» жолының бойындағы жобалар ғана. Алатаудың етегіндегі Көксай мен Ақсай су электр стансаларының құрылыс жұмыстарының да тоқтап тұрғанына аз бола қойған жоқ. Көксай каналының тұсындағы мыңдаған алқапты тамшылатып суаруға қалдырылған 18 бөлік қондырғы да әлі күнге іске асырылмай келеді. Кім жауапты? Кінәні кімнен іздейміз енді? Кеткен әкімнен бе, әлде келген әкімнен бе?

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support