- Advertisement -

Қордайлықтар ән салды қоңырлатып…

70

- Advertisement -

«Ән – көңілдің ажары» деп бекер айтылмаса керек. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Әуенді Тараз кештері» жобасы аясында Қордай ауданының өнерпаздары концерт қойды.

Қордайлықтар сонша шақырымнан бекерге келмеген екен, қоржындарын ән мен күйге толтыра келіпті. Кенен Әзірбаевтың елінен келген өнерпаздардың концерті Балдат Бейсеқожаның орындауындағы Кенекеңнің «Ой жайлау» әнімен басталды. Махаббат Бәденова басқаратын «Махаббат» халықтық би ансамблі орындаған «Алтынай» биі де көпшіліктің көңілінен шықты. Күйші Қуаныш Ахметовтің орындауындағы «Мәңгілік», «Шаттанамын» күйлері де жиналғандарды керемет әсерге бөледі.

«Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблі орындаған орыс халқының әндері де жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, «Эх, гармошечка», «Как по горкам», «Играй, гармонь» әндері жүректен шығып, жүректерге жетіп жатты. Махаббат Баденова орындаған «Хорезм» биі де, Гафар Агачиев орындаған шығармалар да жиналғандарға жақсы әсер қалдырды. Жас әнші Жаңыл Оңғарова «Қазағым», «Шағала» әндерін және «Поппуриді» жоғары шеберлікпен орындады.

Қордайлық әншілер соңыра Ғани Мәтебаевтың «Жайна, Жамбыл» әнін хормен орындап, әнсүйер қауымның көңіліндегіні дөп басты. Тараздықтар осынау сырлы әндер мен әсерлі күйлерге толы концертті қызыға тыңдап, жақсы демалысқа бөленді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып жатқан бұл жоба өзінің жемісін беріп жатыр. Біз оны әр ауданның өнерпаздары келген сайын аңғарып отырмыз. Концерттен соң Тараз тұрғыны Ерғали Шахановты сөзге тартқан едік.

Ол: «Мен он жылдан астам Қордай ауданында қызмет істеп келген едім. Құқық қорғау саласынан зейнетке шыққанмын. Қордай мен үшін ыстық. Сондықтан осы концертке арнайы келдім. Қордайлық өнерпаздардың біразын танимын. Жақсы концерт болды. Көрермендер өте риза болған сияқты. Өнерпаздың да халық алдында жоғары деңгейде өнер көрсетуі жеңіл нәрсе емес. Оған да шабыт, дайындық, көңіл-күй керек. Қордайлықтар бүгін сол көпшіліктің үдесінен шықты деп айта аламын», – деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support