- Advertisement -

«Жеңгеңе өзің айта салшы»

73

- Advertisement -

Қазіргі таңда есімін жұрттың бәрі білетін белгілі журналист, талантты телепродюсер Серік Аббас-Шах ең алғаш тілшілік қызметін облыстық «Jambyl» телеарнасынан бастаған. Серік әріптестерімен, оның ішінде өзімен бірге отыратын Есағаңмен (Есенгелді Төреқұлов) қатты қалжыңдасатын. Ол әзілдерді басқа емес, Есағаның өзі мәз болып, еш көңіліне алмай айтып отыратын. Соны естіген біздің құлақ байғұстың не жазығы бар? Бірақ екеуінің арасындағы әзіл хикаялар өте қызық.

Бір күні Есағаң табан астында Жуалы ауданына түсірілімге шығатын болады да қасында отырған Секеңе (Серік Аббас-Шах) :

– Әй, бала, мен іссапарға кетіп барамын. Кешке қарай келермін. Жеңгеңе телефон соқсам, көтермейді. Біраздан соң, қоңырау шалып, айта сал, – дейді де, Жуалы қайдасың деп тартып отырады.

Аманатқа қиянат жоқ, біраз уақыт өткен соң, Секең жеңгейге телефон шалады. Арғы жақтан жеңгесінің «Әлеу» деген қоңыр үнін ести сала:

– Жеңеше, саламатсыз ба?! Бұл мен ғой – Серік. Есағаң «срочно» Жуалыға съемкаға кетті. Бірақ кешке келеді. Таразда Алматыдан келген бір топ ақын-жазушы достары жүр екен. «Кешке соларды үйге ілестіре барамын. Етті молырақ салып, асып қойсын» деп сізге сәлем айтты. Соны маған «айта салшы» деп еді, – деп телефон тұтқасын қоя салады.

Ойында түк жоқ Есағаң кешеуілдетіп үйіне жетсе, есік алдында өзімен бір бөлмеде отыратын әріптесі Серік жүр.

– Ой, Серік, сен мұнда неғып жүрсің? – деп сұрамай ма Есағаң.

– Есаға, сапардан жақсы қайтсам жуамын деп едіңіз ғой, – дейді ол саспастан.

– А, солай дедім бе, есімде жоқ. Жарайды. Жүр, үйге кірейік, – дейді ағасы.

Есаға үйге бастай бергенде Секең:

– Мен жалғыз емеспін. Қасымда біздің үйдегі өзіңіздің келініңіз бен режиссер Нәзила бар, – дейді мәселені бірден шешіп тастағысы келіп.

– Ә, жарайды, шақыр оларды, – деп сапардан көңілді қайтқан Есағаң алға түседі.

Есік ашқан әйеліне:

– Балымжан, қарсы ал, қонақтар келді, – дейді.

– Білем, білем. Келіңіздер, кіріңіздер. Бәрі дайын, – деп ол да бәйек бола қалады. Төргі бөлмеде дастарқан жайнап тұр. Өз көзіне өзі сенбеген Есағаң марқайып:

– Көрдіңіздер ме, менің кемпірім қандай? Жайнап тұр емес пе дастарқан? Бәрі сендер үшін. Ал жайғасыңдар, – дейді.

«Қонақтар» дастарқан басына жайғасып, ас желініп, сусындар ішіле бастаған кезде, бағанадан бері алаңдап отырған Балымжан жеңгеміз Есағаңа қарап:

– Ет езіліп кететін болды, қонақтар қайда? – деп сұрайды ғой. Есі шыққан Есағаң:

– Саған қандай қонақтар керек, міне отыр ғой, – дейді.

– Жо-жоқ. Бұл кісілер де қонақ қой. Әлгі Алматыдан келген ақын-жазушыларды айтам, – деп жеңгеміз алқымнан алып жатыр дейді.

– Оны саған кім айтты?

– Мынау отырған Серік айтты.

Екеуі Секеңе қарайды. Серік болса, мырс- мырс күліп отыр. Есаға не жағдай болғанын түсіне қояды.

– Әй, сен де бір… Не болса да соғымның жартысы кетті. Бәйбіше, мына қайның қатырған екен. Әкеле бер етіңді. Өзім де келін екеуіне ерулік беріп, үйге шақырайын деп жүр едім. Тіпті бұл дұрыс болды, – деп жағымды сөйлегенде, қонақтардың да көңілі жайлана түскен екен. Қалжыңбас қайнысының қалжыңын енді ғана түсінген жеңгей де мырс етіп күліп, ас бөлмеге беттепті.

Еш зілі жоқ, қайны мен жеңгенің арасында жарасым тапқан қайран, қазақтың қалжыңдары-ай, десеңізші!

 

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support