Малшылықтан молшылыққа жеткен Мадиярбек

30

Қоғамда қай мамандықтың да орны бөлек. Бәрі де бағалы. Өз мамандығының майталманы бола білу – үлкен жетістік. Еңбек жолын қарапайым малшылықтан бастап, үлкен абыройға бөленетіндер аз емес. Солардың қатарында Талас ауданында мал шаруашылығы саласында тер төккен Мадиярбек Мақажанов та бар.

Мадиярбек аға 9-сыныпты бітіріп, өзінің қалауымен малшылық жұмысқа шығып кеткен екен. Әуелі он алты жасында «Ойық» кеңшарының мал фермаларының біріне көмекші шопан болып жұмысқа қабылданады. Арада бір жыл өткенде аға шопан атанады. Бұл 1958 жыл. Содан табан аудармай ұзақ жылдар аға шопан болып, қоғам байлығын еселеу жолында жұбайы Сиякүл екеуі тер төкті. Әсіресе 1968-1969 жылғы қатал қыс есінен кетпейді. Қардың ерекше қалың түсуі бүкіл облыс жұртшылығын әбігерге салып еді. Отардағы 700 бастан 200 малы аман қалғандар шүкіршілік етті. Ал отарын түгел қырып алған малшыларды да ешкім жазғырмай, ауа райының шектен тыс қолайсыз болғандығы ескеріліп, кеңшілік жасалды. Сол кезде 28 жастағы жас шопан Малдиярбек Мақажанов сондай дүлей боран, ерекше қатал қыстың өзінде 500 бас аналық қойды аман сақтап, пышаққа ілінген буаз 150 қойдың есебінен 419 елтірі өткізеді. Ол кезде қаракөл қойдың елтірісі алтынмен тең болып бағаланатын. Міне, осындай еңбексүйгіштігінің арқасында Мадиярбектің еңбегі елене бастады. 1970 жылы әр жүз саулыққа 166-дан қозы берді. Осы ерен еңбегі үшін «Ленин» орденін омырауына тақты. Дәл осы жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Екі шақырылым бойы Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезінде шөлейтті аймақта орналасқан Талас ауданында талай мәселенің шешілуіне себепкер болды. Атап айтқанда, Ойық ауылындағы орта мектептің құрылысының жүзеге асуына, Ақкөл ауылында жаңа стадион салынып, көшелерге асфальт төселуіне ықпал етті. Мұндай игі істер өзге ауылдарда да жасалып жатты. Жоғарғы Кеңес депутаты кезінде Дінмұхамед Қонаевпен, Асанбай Асқаровпен кездескен сәттері жадынан еш кетпейді. Әсіресе, 1972 жылы Дінмұхамед Қонаев Талас ауданына келгенде басқосу болады. Сол жылы жүздесуде Қонаев ақсақал қасына келіп, Мадиярбектің арқасынан қайта-қайта қаққан екен. Димаш ақсақалдың шапағаты кез келгенге түсе бермейтіні анық қой. 1974 жылы Луговойдағы ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник-мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп, 1975 жылы «Ойық» кеңшарына ірі-қара фермасының меңгерушісі болып тағайындалды. Аталған ферманы 11 бойы басқарып, кейіннен 9 жыл бірнеше фермада зоотехник қызметінде болды. Жұмыста үнемі абыройға бөленді. Әр жылдары Рафик Асадуллин, Рахымжан Ерсейітов, Ералы Дадабаев секілді аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларымен, «Ойық» кеңшарының директорлары Әнуарбек Тәжімбетов, Әлімхан Сықақов секілді басшылармен бірлесіп жұмыс атқарды. Кейіннен Тараздағы «Ақ бидай» өндірістік кәсіпорнында он жыл малшы болды. Сол 1996 жылдары ауылдарда ұн тапшылығы сезілгені белгілі. Сондай қиын шақта «Ақ бидай» кәсіпорнынан Ойық ауылының халқына 100 қап ұн алдырып бергені де нағыз игі іс. Айта берсе, Мадиярбек ақсақалдың мал шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол жұбайы екеуі 9 ұл-қыз өсірсе, қазіргі таңда 7-еуі бар. Атап айтқанда, Ғафур, Қанат, Самат, Қайрат, Манатбек қоғамның әр саласында еңбек етеді. Манатбек Ойық ауылындағы қара шаңырақта отыр. Қыздары Перизат пен Гүлзат та өз істерінің шебері. Өмірлік жары Сиякүлдің 2003 жылы 61 жасында өмірден озып кеткені жанына батады Мадиярбек ақсақалдың. Ұл-қыздарынан 22 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Ойық ауылында тер төккен қария 81 жасында да сергек. Тарихты, ескі жоралғыларды жақсы біледі.

– Ешқашан менің жұмысымды жоғарылатшы, балаларымның шаруасына көмектесші, – деп ешкімнің алдына барған емеспін. Әйтпесе, аудан, облыс басқарған біраз кісілерді танушы едім. Ұл-қыздарым өз орындарын тапты. Кезінде орден де алдық, депутат та болдық. Дәурен басымыздан осылай өте шықты. Енді жастар аман болсын, оның ішінде өзімнің ұрпақтарым да жақсы белестерге жетсін деп тілеуін тілеп отырмын. Тәуелсіз еліміз, байтақ Отанымыз аман болсын деген тілегім бар, – деді байырғы озат шопан Мадиярбек Мақажанов.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.