- Advertisement -

Мың бала қаңғыбас иттерден зардап шеккен

104

- Advertisement -

Қазіргі таңда қаладағы қаңғыбас иттердің мәселесі қызу талқылануда. Себебі қаланың шеткі және әрбір ықшамаудандары тұрмақ, орталықта да өріп жүрген жануарларды кезіктіру қиын емес. Қаңғыбас иттерден зардап шегіп жатқан тұрғындардың саны да жылдан жылға артып келеді. Оған себеп те аз емес. Өйткені, қазіргі таңда қалада ит аулайтын мамандардың автокөліктерінен бастап, құрал-саймандары, материалдық-техникалық базасы түбегейлі ескірген. Бұдан бөлек, олардың арнайы киімдері де жоқ.

Аталған мәселелер Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңындағы мәселелерді талқылау жиынында жан-жақты айтылды. Басқосуда қала тұрғындары мен қоғам белсенділерінің ұсыныстары назарға алынды. Жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешов аталған заң аясында жұмыс жасауда жергілікті атқарушы органдар мен қоғам белсенділерінің әріптестік байланысының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар қазіргі таңда қалада иесіз деп танылған иттерді қамайтын орын жоқ болғанымен, қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев ұсталған иттер жалға алынған, уақытша қамап ұстайтын орындарда, алдағы уақытта нақты осы бағыттағы нысанның құрылысы аяқталатынын жеткізді. Ал облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев мәселеге орай жергілікті нормативтік-құқықтық актілер таяу арада мәслихатта қаралып, бекітілетінін жеткізді. Десек те, ортақ іс оң нәтиже беруі үшін саладағы мәселелер де толығымен шешімін табуы керек. Басқосу барысында олқылықтар да айтылды.

– Жиынның негізгі мақсаты – жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Заңды талқылау. Сондықтан шараға қоғам белсенділері, сала мамандары толығымен шақырылды. Қоғамда қаңғыбас иттерге байланысты әртүрлі пікірлер бар. Осы мәселені реттеу бойынша ұсыныстар айтылды. Қазір осы қаңғыбас иттерге байланысты қалада 109 телефон нөмірі бойынша диспетчерлік қызмет жұмыс жасайды. Түскен өтініштер бойынша біз көшелерге шығып, аулаларды аралап, иттерді алып кетеміз. Ол иттер біздегі уақытша ұстау орнына жеткізіледі. Ары қарай иттің жай-күйін бақылаймыз. Егер ол адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса шара қолданамыз. Көп жағдайда бізге көлік қаққан, кәрі немесе агрессивті иттер түсіп жатады. Қоғам белсенділері тарапынан біздің жұмыстарға көп наразылықтар айтылады. Себебі Заңда жануарларды тасымалдайтын көліктерге арнайы талаптар қойылған. Ал қазіргі таңдағы біздің автокөліктер бұл талаптарға сай емес. Сонымен қатар қаңғыбас иттерді аулап ұстайтын құрал-саймандарымыз да әбден тозығы жетіп ескірген. Бұлардың барлығын жаңартуға мүмкіндігіміз жоқ. Себебі бұл бағытта бізге арнайы қаражат бөлінбейді. Ал қаңғыбас иттерден зардап шегіп жатқандар көп. Адамның өзіне болмаса да малдарына зардабы тиіп жатыр. Жалпы қаңғыбас иттер көптеген жұқпалы ауруларды тасымалдаушы болып есептеледі. Оның ішінде, аса қауіптісі – құтыру, эхинококкоз, қышыма, қотыр аурулары да бар. Өкінішке қарай, көп иттердің иелері Заңдағы талаптарды сақтамайды. Қорадағы иттерін көшеге шығарып жібереді. Салдарынан балалар мен тұрғындар зардабын шегуде. Қаладағы иттерге арнайы мониторинг жүргізіп тұрамыз. Иттер қала ішінде бір күнде қырық шақырымдай жүріп өтеді. Яғни, кей жағдайда қаланың ана басынан мына басына дейін жүре береді. Жұқпалы ауруы бар болса, бұл жағы өте қиынға соғатыны белгілі. Негізі қала бойынша аулада 26 мың ит бар. Бұлардың барлығына біз вакцинация жүргізіп, бақылауда ұстаймыз. Енді жаңа Заң бойынша әрбір иттің ветеринарлық паспорттарын жасақтаймыз. Сондай-ақ барлығы чиптендіріледі, арнайы базаға иттің өзі және иесі туралы мағлұматтар тіркеліп, ақпараттар қолжетімді болады, – деді Тараз қалалық ветеринариялық стансасының директоры Қанатбек Қартабаев.

Басқосу барысында қаңғыбас иттерден зардап шеккендердің, жануарлар дүниесі жанашырларының да жан-жақты пікірлері тыңдалды. Сала мамандарының ғана емес, сонымен қатар ит иелерінің де жауапкершілігі сөз болды. Мамандардың сөзінше, жоғарыда аталған 109 қызметіне жыл басынан бері 1733 өтініш келіп түскен.

– Облыс бойынша соңғы онжылдықта иттің салдарынан жұққан аурудан 4 адам қайтыс болды. Құтыру ауруы өте жұқпалы және өте ауыр. Құтыру жұқса ол дерттен құлан таза айығып кету мүмкін емес. Ол дерттің нәтижесі тек адам шығынымен ғана аяқталады. Соңғы жағдай біздің өңірде 2016 жылы болды. Сонымен қатар 7 айлық қорытынды бойынша қалада қаңғыбас иттерден зардап шеккен 2 172 адам тіркеліп отыр. Бұл тек медициналық көмекке жүгінгендер. Ал медициналық көмекке жүгінбей жүретіндер қаншама. Осы санды үш есе көбейткенде нақты көрсеткіш шығады. Статистика бойынша ит тістеген халықтың үштен бірі ғана медициналық көмекке жүгінеді. Ауыл тұрғындарының көбісі немқұрайды қарап, жүре береді. Сол аталған азаматтардың 1 262-сін өздерінің иттері тістеген. 910-ын белгісіз, яғни қаңғыбас иттер тістеген. Оның 1001-і 14 жасқа дейінгі балалар. Яғни, елу пайызы жастар, балалар зардап шегуде. Соңғы 15 жылда облыстағы 1 342 жануарға зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның 282-сі құтыру ауруына оң нәтиже көрсеткен. Демек, олар адам өміріне тікелей қауіпті деген сөз, – деді облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимов.

Жиын барысында қаладағы қаңғыбас иттерге қатысты басқа да мәселелер мен ұсыныстар қаралып, аталған бағытта біржақты емес, бірлесіп шешілетін жайттар зерделенді.

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support