Қайырбек АСАНОВ — ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: «Тоғыз жылдық университеттен өттім»

55

Қайырбек АСАНОВ — ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: «Тоғыз жылдық университеттен өттім».

– Биыл Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы. Мерейтой аясында бірнеше іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Сіз қазақтың Шерханымен тоғыз жыл қызметтес болсаңыз да, топ алдында суырылып сөйлей бермейсіз. Біз әңгімелеп отырған Халық жазушысымен қай жылы, қалай таныстыңыз?

– Әңгімені Шерхан ағамен алғашқы таныстығымнан бастайын. Әрі сұрағыңа да жауап берген боламын. Адамзат баласының қас-қағым сәттік өмірінде естен кетпес елеулі кезеңдері болатыны белгілі. Мен үшін сондай елеулі кезеңнің бірі 1979 жылы 19 тамызда әкемнің дүниеден қайтқан күні еді. Қаралы хабарды естіген бойда Күләш екеуміз елге кеттік. Ол кезде мен республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің спорт және әскери патриоттық тәрбие бөлімінің меңгерушісі едім. Еліміздің маңдайалды спорт журналисі, белгілі жазушы Несіп Жүнісбайұлы екеуміз бір бөлмеде отырушы едік.

Әке алдындағы перзенттік парызымды өтеп, жұмысыма қайта кіріскен күндердің бірінде бас редакторым Сейдахмет Бердіқұлов шақырып алды да: «Шерхан ағаң көңіл айтам деп келе жатыр, орныңда бол!» – деді. Ол кезде Шерағаң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы. Халықтың назарына ілігіп дүркіреп, кейде күркіреп тұрған кезі. Бір-екі рет дастарқандас болып, анда-санда амандасып жүргенім болмаса, көп араласқан емеспін. Баспасөзден оқып, теледидардан көріп, әбден риза болатынмын. Қазақтың намысты ұлы осындай болуы керек деп ойлайтынмын. Сонымен Шерағаң кабинетіме келіп, қайғыма ортақ екенін білдіріп, жұбатып, жақсы тілектерін жаудырып кетті. Байқаймын, Шерағаң келіп, кеткенін көрген кейбір әріптестерім маған басқаша көзқараспен қарай бастады.

Осы жағдайдан кейін Шерхан ағамен жиі-жиі кездесе бастадық. Оған себеп: ағаның үйіндегі Мәрия жеңгей Күләштің жақын әпкесі болып шықты. Марқұмның жатқан жері жайлы болсын өте мейірімді, бауырмал кісі болатын. Көп кешікпей Шераға мен Мәрия әпкеміз шаңырақтарына шақырып, шай берді. Алматыдағы ағыл-тегіл дастарқанды алғаш рет осы үйден көрдік. Осыдан кейін-ақ, отбасылық сыйластығымыз қалыптасып, Шерағамен бір жағы бажа, бір жағы аға-іні болып, жарасып жүрдік.

– Сейдахмет Бердіқұловтың мектебі де үлкен тәжірибе емес пе? «Қазақ әдебиетіне» қалай ауысып жүрсіз?

– «Лениншіл жас» – жастар газеті болатын. Қалыптасқан дәстүр бойынша мұнда жастықтың жарқын шақтарын ғана пайдалану керек. Мен болсам отыздан асып барамын. Ертерек жыл орнымды табайын деген ниетпен, Бердіқұловқа рақмет-ризашылығымды білдіре отырып, «Жазушы» баспасына жұмысқа ауыстым. Баспаның директоры Әбілмәжін Жұмабаев деген кісі болатын. Ол кісімен жерлестігіміз бар. Сыншы Тұрлыбек Мәмесейітов басқаратын сын бөліміне аға редактор етіп қабылдады. Қысқасы, қарбалас тірлікке үйреніп қалған маған бұл жұмыс қолайлы болмады. Жалығып кеттім. Сөйтіп әрі-сәрі болып жүргенімде директор Жұмабаев өзіне шақырды да: «Шерханнан сені жұмысқа шақырған қатынас қағаз келді. Барасың ба?» – деді. «Барамын» дедім сөзге келместен. «Онда ертеңнен бастап, сол қызметке барасың», – деді де құттықтап, қолымды қысты.

Ертеңіне республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның алдында отырдым. Бұл – 1980 жылдың 20 сәуірі еді.

«Секретариат жұмысын жақсы білетін адам бар ма? – деп Аян Нысаналиннен сұрап едім, ол сенің есіміңді атады», – деді Шерағаң көзілдірігін столға қойып жатып. Онан соң: – «Әрине, секретариат жұмысы оңай емес, оны беріліп істеу керек, газетті көптеп-көмектеп, жақсартып, тиражын көбейтсек дейміз», – деп тағы бір нығарлап қойды. Мен сабырмен тыңдап отырмын.

«Жауапты хатшының орынбасарлығына сені қалап отырмын, қарсы емессің бе?» – деді Шерағаң сен не дейсің дегендей.

«Сізбен бірге қызмет істеу мен үшін абырой, қандай жұмысқа жексеңіз де адалмын», – дедім.

«Онда құтты болсын қызметің!» – деп, Шерағаң қолымды қысты да, ұжыммен таныстырды. Міне, осыдан кейін-ақ шын мәніндегі жақындық, шын аға-інілік сыйластықпен жұмыс істеген кезеңдеріміз басталып кетті. «Қазақ әдебиетіне» осылай келдім.

– Алыстан сыйласу бөлек, қарамағында жұмыс істеу бір басқа. Сонымен Мұртазаның ұлы қандай бастық екен?

– Ол кезде газеттің макетін қызыл-жасыл бояу карандаштарымен сызатынбыз. Нөмірге баратын барлық материалдарды әртүрлі орналастырып, газет бетінің келбетін шырайландырып, бас редакторға бекітуге апарамыз. Ол жерде жауапты хатшы, кезекші бөлім меңгерушісі де отырады. Сол кезде жауапты хатшы белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев болатын. Мен бұл жұмысқа қиналғаным жоқ. Өйткені «Лениншіл жас» газетінде жинаған біраз тәжірибем бар. Макет сызу бұдан гөрі жастар газетінде жауаптырақ болатын. Дегенмен Шерағаңа көрсеткелі тұрған макетім бірінші рет. Бар өнерімді салып, оның үстіне материалдарды мазмұнына орай орналастырғанымды айтып, баяндап бердім. Байқаймын, Шер-ағаңның жүзі жылынып, іштегі ризашылық сезімін алғашқы күннен сыртқа бұрқ еткізгісі келмегендей, салқынқандылықпен:

«Жалпы, макеттің сызылуы дұрыс сияқты. Сендер қалай қарайсыңдар?» – деп жауапты хатшы мен кезекші редакторға қарады. Сол-сол екен, екеуі де жақсы, – деп қоштай жөнелді.

«Онда нөмірдің макетін бекітемін», – деп Шерағаң өзінің қолтаңбасын қойып жатты. Бас редактор қол қойғаннан кейін макетті өзгертуге болмайды. Егер шұғыл материалдар берілетін болса, тек Шерағаңның рұқсатымен ғана басылады. Бағанадан бері булығып тұрған мен есіктен шыға бере «ух» деп терең демалғаным есімде. Өйткені Шерағаңның талапшылдығынан сүрінбей өту үлкен абырой еді.

Аптасына бір рет шығатын газетті секретариаттағы екі жігіт кезектесіп шығаратын едік. Мен өзім макетін сызған газетті шығарып, алғашқы нөмірін таңертең Шерағаңа әкеп көрсеттім. Шерағаң газетті асығыс бір қарап шықты да: «Қолтаңбаң жақсы екен», – деді. Жақсы пікірге мен мәз болып қуанып қалдым.

«Болашақта да жаман болмас», – дедім, мен де Шерағаңның көңілін көтеріп. Сол күні лездеме (летучка) болып, қызметкерлердің көбісі газеттің мазмұны мен сапасын, көркемдік безендірілуін мақтай жөнелді. Мен іштей риза болып отырмын. Лездемені Шерағаңның өзі қорытындылап:

«Газеттің ажары кірген сияқты. Жоғары жақтан маған да телефон шалып айтып жатыр. Жақсы сөз естіген әрқайсымызға да жақсы емес пе? Қайырке, рақмет! Еңбегіңіз жана берсін, жақсы нөмірлер жалғаса берсін, дейік», – деді де жиналысты аяқтады. Сыртқа шыққаннан кейін әріптестерімнің бәрі қолымды қысып, құттықтап жатыр. Сол күні мәртебемнің өскенін ешуақытта ұмытар емеспін. Мұның бәрі Шерағаңның арқасы. Менің еңбегімді көріп, бағалай білгендігінде екенін ұқтым. Көрсе де көрмегенсіп, жұмған аузын ашпайтын басшылар да бар емес пе? Мұртазаұлының осындай әділетті басшы екенін алғашқы күндерден-ақ байқадым.

– Сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің таралымы адам айтса, сенгісіз тиражға өскен екен. Осы рас па? Оған қол жеткізудегі бас редактордың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Шерағаң бас редактор болған соң 2-3 жылдың ішінде «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандары жүз мың тиражға жетті. Бұл дегеніңіз ерлікке пара-пар іс. 1983 жылдың желтоқсан айының бас жағында болған лездемеде Шерағаң жауапты хатшы Қоғабай Сәрсекеевке қаратып: «Аққоғаш (Қоғабайды осылай еркелетіп атайтын) Құдай бұйыртса келесі жылы (жаңа жылға бір ай ғана қалған) жүз мың оқырман жинайтын шығармыз. Соған орай ұжымды жаңа жылда жақсы жерде демалдырайық. Қаперіңде болсын», – деп тапсырды. Қоғабай ағамыз ұйымдастыру мәселесіне өте ширақ болатын. Бас редактордың айтқанын орындап, жаңа жыл кешін қарсы алу рәсімін сол кездегі Алматыдағы ең мықты мейрамхананың бірі – «Отырарда» өткізді. Бұл басқосуға ұжым қызметкерлерінің барлығы тегіс келді. Әншейінде себеп-салдарды көбірек айтып, ұжымның отырыстарынан сырттап жүретіндер де аталған жаңа жыл кешінің куәсі болды. Бас редактордың бұл идеясына да риза болдық. Біріншіден, әрбір ұжым мүшесімен кеңірек танысудың үлгісін көрсетсе, екіншіден, әрбір кешті осылай керемет өткізу керек екен деген ойға жетеледі. Кештің көңілді өткені сонша ел-жұрт тарқағысы келмеді. Қоғабай Сәрсекеев үйіне ұжымды түгел шақырып, таңға жуық әрең тарқағанымыз бар. Шерағаның ерекшелігі – ұжымнан жұмысты талап етумен қатар қызметкерлерінің жоғары деңгейде демалысына көңіл бөле білуінде. Бұл кешті мен неге қазбалап айтып отырмын. Өйткені ол әрқайсымыздың санамызда ұзақ сақталатын тарихи күн болды. Басты қуанышымыз – газеттің жүз мың оқырман

жинауы. Мұндай оқиға «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихында бұрын-соңды болған емес.

– Бір қараған кісіге Шерхан Мұртаза өте сұсты, қайсар көрінетін. Редакцияда ол кісімен батылы жетіп, әзілдесе алатын қызметкерлер бар ма еді?

– Ұжымымызда Шерағаңмен ықпай қалжыңдасатын бір адам болды. Ол – фототілші Сайлау Пернебаев болатын. Жұмыссыз жүрген кезінде осы газетке келуіне көмектескен едім. Кейде Шерағаңа қатты-қатты әзілдер айтқанда төбе шашым тік тұратын. Оңашада Сайлауға: «Байқап әзілдессеңізші» деп қоюшы едім. Ол ескертуімді тыңдамақ түгілі, өршелененіп, өрекпи түседі.

Бір күні кезекті лездеме өтіп жатыр еді. Сайлау қолын көтеріп: «Бір кәрістің фамилиясын ұмытып кетіпсіздер ғой!» – дегені. «Нені, нені ұмыттық? – деп Шерағаң түсінбей қайта сұрады. «Ли деген кәрістің фамилиясы түсіп қалыпты» – дейді Сайлау ентелей түсіп. «Мынау не дейді?» – деп Шерағаң ашуға булықты. «Мен әзілдесіп тұрғаным жоқ. Республикалық деген сөздің «ли» деген екі әріпі түсіп қалып, «Респубкалық» болып жазылып кетіпті», – деді Сайлау өз сөзін дәлелдеп. Оқып қарасақ, шынымен де солай екен. Сайлаудың тапқырлығына бәріміз түгел күліп алдық. «Бұл кезекші редактор мен корректордың тікелей кінәсі. Жауапты адамдар жазасын алсын» деді қыран-топан күлкіден кейін шешімін де айтып.

Шерағаң сыртқа сұсты көрінгенімен, жүрегі сондай жұмсақ, әріпестеріне өте мейірімді, жанашыр болды. Ешкімді алалаған жоқ. Ол кісіге шығыстансың ба, батыстансың ба, оңтүстік, солтүстіктенсің бе – бәрібір. Тек адал еңбек етіп, жұмысыңның үдесінен шыға білсең болғаны. Бағалайды. Ұжымның әрбір мүшесімен тең дәрежеде сөйлесіп, жұмыстың аяғына таман бөлмелерді аралап, әңгіме-дүкен құрып отыратын. Сондағы ниеті қызметкерлер орнында отыр ма, жоқ па дегендей түгендеу мәселесі емес, жұмыстан кейінгі олардың көңіл-күйін көтеру, шаршағанын басу еді.

– Сіздің көңіліңізді көтерген тағы қандай сәттер бар?

– Бірнешеу ғой. Біреуін айтайын. Бір күні түске таяу Шерағаң менің кабинетіме келді де: «Қайырке, кофе ішіп қайтайық» деді. Бастығың шақырса, шалқаятын шама қайда, «Жарайды, аға», – деп соңынан ілесіп жүре бердім. «Қаламгер» кафесіне күніне бір рет кірмесек, көңіліміз көншімейтін. Басымыз ауырған кезде кассадағы Роза апайдың қара кітабына аты-жөнімізді жаздырып, қарызданып кете беруші едік. Бұл жолы Шерағаң кофеге ғана тапсырыс беріп, кешегі басқосудан кейінгі әңгімені айтып отырғанбыз. Сәлден соң жанымызға Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов) келіп жайғасты. Шерағаң мені таныстырмақ болып, Қалағаңа қарай беріп еді, ол кісі түсіне қойып: «Қайырбекті білмейтін қазақ бар ма, Қалтай көрмеген азап бар ма?» деп өлеңдете жөнелді. Шерағаң екеуміз күлкіге қарық болып қалдық. «Жөн айтасыз, Қайырбекті танитын қазақ көп» деп, бас редакторым мені көтермелеп, Қалағаны қостап қойды. «Әй, Шерхан! Бұл екеуміздің аунаған топырағымыз бір ғой. Ішкен суымыз бір. Бұның үйіндегі Күләш келіннің Ұлбике деген ақын әпкесі менің аталарыммен айтысып, түгел жеңіп шыққан. Күләш та осал ақын емес, – деп ағынан жарылып еді қайран Қалағаң. Осындай бір көңілді отырысқа Шерағаңның шақыруы себеп болып еді.

– Қайсарлығының, өткір мінезінің пайдасын да көрген боларсыздар?

– Оның рас. Ол қарамағындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын ойлаумен жүретін. Ол кезде Орталық комитетке бағынатын «Дәуір» баспасының басшылары «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін ғана мойындайтын. Ал қалған салалық газеттеріңізді менсінбей, мән де бермейтін. Баспаның менменсіген осындай басшыларына Шерағаң бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде бас игізіп, сәлем бергізді. Бұрын өгей баланың күйін кешіп келсек, енді Шерағаның қолы қойылған қағаздан есеп-қисап бөлімінен тоқтаусыз өтіп жатты. Кей газеттер 20-30 сомнан беретін сыйақысын өткізе алмай қиналса, біздің газет қызметкерлері ай сайын 100 сомнан сыйақы алып тұрды. Міне, осындай жағдайды көрдік. Алғашқы кезде Зоя Федеровна деген бас есепші қиқаңдап еді, Барысханның бір қоңырау шалғаны бас есепшінің «еркелігін» басып тастады. Сөйтіп, біздің газет қызметкерлері ай сайын қаламақы да, сыйақы да алып, әлеуметтік жағдайларын біраз түзеп алып еді. Баспана (пәтер) мәселесін шешуде де Шерағаң алдына жан салмайтын. Әйтеуір ұжымымызда үйсіз-күйсіз жүргендер жоқтың қасы еді. Сондықтан да болар, есімі белгілі журналист, жазушылардың бәрі біздің газетке жұмысқа орналасуға құштар болатын. Бірақ оның бәріне жұмыс қайда? Штат санаулы. Ал қызметкерлер бұл «ыстық» ұжымнан кеткісі келмейтін. Бәрі де Шерағаңның қол астында жұмыс істегенді өздеріне мектеп санайтын. Мұндай бақытқа ие болу кез келген бас редактордың маңдайына жазыла бермейтін қасиет қой. Мұндай бақ пен қасиетті терең ұғынғандар ғана ұстап тұра алар. Шерағаң ұстап тұра алды.

– Сол кезде «Қазақ әдебиетінде» істеген қаламгерлерге тоқтала кетсеңіз…

– Айтайын. Оралхан Бөкей, Әбіраш Жәмішев, Асқар Егеубаев, Жүрсін Ерман, Әлия Бөпежанова, жоғарыда айтылған Қоғабай Сәрсекеев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Оразбек Сәрсенбаев, Сайлаубек Жұмабеков, Дидахмет Әшімханов, Әмірхан Меңдеке, Мереке Құлкенов, Көпен Әмірбеков, Тұтқабай Иманбеков, Еркін Жаппасов. Кейіннен бәрі де үлкен ақын-жазушыға айналды ғой.

– Шерағаңның еліміздің бірнеше негізгі басылымдарына бас редакторлыққа таңдалуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Жауапкершілігі мен еңбеккештігінде дер едім. Шерағаң басшы болған баспасөз көп ұзамай-ақ құлпырып, оқырмандарының саны артып шыға келетін. №1 бас редактор саналды ғой. Шерағаңның абырой беделі халық арасында, зиялы қауым ішінде ерекше болатын. Жазушылардың пленум, съезд сияқты ірі-ірі басқосуларында Мұртазаның баласы сөйлемей кеткен емес. Шындықты айтып, жиналысты дүр сілкінткені үшін көптеген жазушылар риза болып, арнайы іздеп келіп, Шерағаңның қолын қысатын. Кейбір сөздерін жаттап алып жүретін.

– Өзіңіз Шерағадан бөлек қандай қабырғалы жазушылармен байланыста болдыңыз?

– Оның бәрін қазір айтсақ ертегі секілді ғой. Дөңгеленген дүние-ай! Қазақстан Жазушылар үйінде жұмыс істеген уақытта әдебиеттің тірі алыптарымен үнемі жүздесіп тұрушы едік. Айта берсем, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шаймерденов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин, Серік Қирабаев, Кемел Тоқаев, Қасым Қайсенов, Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев және өзгелер Одақтың сәнін, жазудың мәнін келтіріп жүруші еді. Қазір кімді үлгі тұтарымызды білмей қалдық. Шерағаң сол көздерден қалған асыл еді ғой.

Сұхбат соңында 2012 жылдары Шерағаңа арнаған өлеңімді оқып берсем деймін.

Шерхан аға, шыңға шыққан шындығым,

Ұмытпаған Құдайға да құлдығын.

Адамзаттың әділдігін айтсын деп,

Алмас қылыш кескен екен кіндігін.

 

Қилы заман қиындығын тартса да,

Мойымаған, батпан жүкті артса да.

Елін, жерін еміреніп сүйеді ол,

Ызғар желі арқасына батса да.

 

Озбыр дәуір кімге торын құрмады,

Сол боданға қарсы тұрды, қыңбады.

Отырғанда талай билік басында,

Бар қазақты бауыр көрді, бұрмады.

 

Тас түйіндей әрбір айтқан сөзі де,

Халқын сүйді жан-жүрегі езіле.

Асқақтатты біртуар ұл – Тұрарды,

Сол арқылы биіктеді өзі де.

 

Парламентте парасатты ой айтып,

Қалғығанды ұйқысынан оятып.

Арыстандай айбаттанып қарады,

Мықтыларға сұрақтарын боратып!

 

Қара қылды қақ жарғандай қуатты,

Мейірленсе күн нұрындай шуақты.

Ақыл-ойы таусылмайтын қазына,

Дархан дала данышпаны сияқты.

 

Сөзін сөйлер ұл-қызыммен халқым бай,

Найзағайдың жасынындай жарқылдай.

Аман-есен жүре берші, Шераға,

Асулардан аса берші, алқынбай! – деппін. Шерағаңның мұралары мәңгілік қой.

 

– Әсерлі де, мазмұнға толы әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.