Сарысу даму жолына түсті
Сарысу даму жолына түсті
Қанатбек МӘДІБЕК, Сарысу ауданының әкімі.
Тарихи жолы сан тарау, небір «тар жол, тайғақ кешуден» өткен Сарысу ауданы Тәуелсіздіктің арқасында қанатын жайып, өрлеу жолына түсті. Әсіресе, кейінгі жылдары Жаңатас қаласы құлпырып, ауылдар гүлденіп жатыр. Аграрлы әрі өндірістік өңірге айналған аймақтың бүгінгісі баянды, келешегі кемел. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының жемісі бұл. Енді биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсiп саласындағы қол жеткен табысты сөз етсек, кәсiпорындар ағымдағы бағалармен – 1,4 миллиард теңгенiң өнiмдерiн өндiрді. Ауданда химия өнеркәсібінде ірі жобалардың бірі – «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС кешенді минералды тыңайтқыштар өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыруда. Жобаның қуаты – жылына 1 миллион тонна минералды тыңайтқышты құрайды. Жобаның құны – 97,8 миллиард теңге. Мердігерлердің барлығы да жергілікті салық комитетіне тіркелген. «Жаңатас монтаж сервис» компаниясы ауданда тіркеліп, тас жол құрылысына қажетті қиыршық тастар (доломит) өндеуде, бүгінгі күнге 2,0 миллион теңге салық төлемдерін түсірді. Алдағы уақытта «Казхиммонтаж» АҚ-ның мердігерлері ауданда өндіріске қажетті құм, бетон (шлакобетон) өндірмекші. Жаңатас қаласында Химиялық кешен құрылысының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Химиялық кешен бойынша бас жобалаушы тағайындалып, ол бойынша толық келісім-шарт жасалды, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Аймаққа табиғи газ жеткізу жоспарлануда. Облыстық бюджеттен 49,0 миллион теңге бөлініп, жобаның техникалық экономикалық негіздемесі дайындалуда. Алдағы уақытта Жаңатас қаласы мен 13 елді мекен газбен қамтамасыз етілетін болады. Жоба құны шамамен 8,8 миллиард теңге.
Жыл басынан негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 6,0 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,9 есеге артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 3,1 миллиард теңгесі «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-на тиесілі. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 3,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артты. Ауылдың болашағы – аймақтың, өңірдің болашағы. Біздің аудан – аграрлық аудан. Аудан халқының 50 пайызы ауылдарда тұрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға артып, 2,1 миллиард теңгенi құрады. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға биыл бюджеттен 120,2 миллион теңге субсидия бөлінбекші, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есеге артық. Биылғы жылы егілген ауылшаруашылық дақылдар көлемі 2,1 мың гектарға немесе 14,8 пайызға артты. 2014-2015 жылдардағы мал қыстату кезеңіне 85,0 мың тонна мал азығы дайындалды. Ауданда мал басы тұрақты өсуде. Қазір аудан бойынша 41 бас асыл тұқымды бұқа бар. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жұмыс атқарып отырған 8 шаруашылықта асыл тұқымды бұқа саны 22 басқа жетті, биыл «Ынталы» шаруа қожалығы 80 бас сиыр алу үшін несие алуға құжаттарын рәсімдеуде. Ауылдық аймақтарда ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен шаруа қожалықтарының жанындағы 10 шағын өндіріс орындары айналысады. Мал өнімдерін өңдейтін цехтар ашуға 2 кәсіпкерге мемлекет тарапынан гранттар берілген, біреуі таяуда, ал жыл аяғына дейін екіншісі іске қосылады. Алдағы уақытта 2 шаруа қожалығы шұбат-қымыз өнімдерін өңдейтін цехтар ашуға құжаттарын дайындап, аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынды. 6 ауылдық аймақта 1750 бас уақ мал мен 20 бас мүйізді ірі қара малын бордақылау орындары бар. Жаңатас қаласынан бір мал бордақылау алаңының құрылысы аяқталып, қажетті құжаттары рәсімделуде. 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға 5 гектар жер рәсімделуде. Аудандағы мал бордақылау алаңдарының есептік нөмір алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлемінде 2 мал сою алаңы жұмыс істейді Жаңатас қаласында – 2, Саудакент ауылында 1 ет сату орындары бар. Ет сату орындары арнайы тоңазытқыштармен қамтылған. Жаңатас қаласында мал сою алаңының құрылысы басталады, биылғы жылы 5 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, салада проблемалар да жоқ емес. Соның бастысы, ауыл шаруашылық құрылымдарының дамуына ең үлкен тежеу болып отырған ұсақ тауарлық өндірісті орта және ірі тауарлы шаруашылықтарға біріктіру мәселесі. Екінші, бір түйіні шешілмей келе жатқан мәселе – жайылымдық суға байланысты. Сарысу ауданы Шу, Талас, Аса өзендерінің төменгі сағасында, шөл және шөлейт аймақта орналасқан. «Қырым-Қанды безгегі» ауруы бойынша экологиялық апатты, күрделі аймаққа жатады. Биыл Шу мен Талас өзендерінің бойынан барлығы 41,0 мың гектар жайылымдық жерге су жайылды. Аудан жеріне келетін Талас, Аса өзендерінің бойында 19,2 мың гектар шабындық, 139,8 мың гектар жайылымдық, барлығы 159 мың гектар жер бар. Осы өзендердің бойында орналасқан Байқадам, Игілік, Жайылма, Жаңаталап, Тоғызкент, Досбол барлығы алты ауылдық округте 17,1 мың халық тұрады. Ол аудан тұрғындарының 39,3 пайызын құрайды. Олардың иелігінде 153,1 мың бас қой-ешкі, 18,1 мың бас ірі қара, жылқы, түйе бар. 2014 жылы лизингке және өз қаражаты есебінен 8 техника алынды. Тағы да 23 шаруа қожалығы лизингке техника алуға құжаттарын дайындауда. Жыл басынан бері Жаңатас қаласы мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлік мақсатқа арналған жер учаскелерін жеке меншікке сатқаннан жергілікті бюджетке 9,3 миллион теңге түсті. Жыл сайын жолаушы тасымалдау қызметі тұрақты дамып келеді. Биылғы жылы облыс әкімі К.Көкірекбаевтың қолдауымен «Жаңатас-Тараз» бағытында заманауи талаптарға сай жабдықталған 3 жаңа жолаушылар вагондары қатынай бастады. Жол ақысы да қымбат емес – 330 теңге. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 2014 жылдың қаңтар-тамыз айларында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,0 пайызға өсіп, 1,7 миллиард теңгені құрады. Кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 бірлікке өсті. 1655 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Саладан бюджетке түскен түсімдер 31,8 миллион теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 6,0 пайызға артты. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың екінші жарты жылдығында құны 360,0 миллион теңгені құрайтын «Асыл-тұз компаниясы» ЖШС-ның тұз зауыты құрылысының жобасы ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта құжаттары рәсімделу үстінде. Сонымен қатар, «Нар» ЖШС мен «Жаңатас ВЭС» ЖШС-ның желден электр қуатын өндіру жобаларын бағдарлама аясында Индустрияландыру картасына енгізу жоспарлануда. Аудан аумағынан Индустриалдық аумақ құруға 60 гектар жер белгіленген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақта 12 жаңа инвестициялық жоба іске асатын болады, жалпы құны 1,2 миллиард теңге. Аймақта кірпіш, ас тұзын өндеу, асфальт-бетон зауыттары және тағы басқа өндіріс орындарын ашу көзделуде. Бүгінгі уақытта осы өндіріс орындарының құрылыстарын салуға жер учаскелері аукцион арқылы сатылып беріліп жатыр. Аудан кендік емес пайдалы қазбаларға – құрылыс материалдарына, оның ішінде өңдеу тастары, әктастар, әрлеу, құрылыс тастарына өте бай. Ауданда құрылыс материалдарын өндіруді дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Халықтың саны күн санап өсіп келеді. Қазір аудан халқының саны 43,7 мыңға жетті. Оның ішінде Жаңатас қаласында 21,8 мың адам тұрады. Қалада бала санының өсуіне байланысты «Дегерес» аймағынан жаңа балабақша құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. 740 бала балабақша кезегінде тұр. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының негізгі талабы – халықты тұрақтандыру және кәсіпкерлікті дамыту. Біздің бұл талап бойынша көрсеткіштеріміз жақсы. Осы бағдарлама аясында несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялауға бағытталған жобалар іріктеліп, 4 жобаға 13,5 миллион теңге төленді. Жаңа өндіріс орындарын ашуға 3 кәсіпкерге 8,0 миллион теңге қаражат берілді. Кәсіпкерлікті шағын несиелеуге бөлінген 44,7 миллион теңге «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ-на аударылды. Несие алуға ниетті азаматтардың тізімі жасақталып, несие қаражаттары берілуде. Биыл 220 пәтерлі екі көпқабатты үй қалпына келтірілді. Оның біреуі «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ипотекаға беріледі. Бүгінгі таңда ипотека арқылы пәтер алуға 130 азамат тілек білдірді. Келесі жылға қайта қалпына келтіруге 190 пәтерлі екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары жоғары орындарға ұсынылды. Жалпы, Жаңатас қаласы бойынша 19 көпқабатты үй қайта қалпына келтіруге жатады. Тұрғын үй кезегінде 1219 адам тіркелген. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілген сайын және халық санының өсуіне байланысты олардың күнделікті мұқтаждықтары да көбеюде. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар пәтерлерді жалға алуда, жалдау құны шамамен 15-20 мың теңге көлемінде. Қалада пәтерлердің сатылу құны да бұрынғы деңгейден жоғары. «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша елді мекендерді дамытуға өткен жылы 15,5 миллион теңге бөлінген болатын, биылғы жылы 17,4 миллион теңге қаралды. 11 ауылда көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін әлеуеті төмен ауылдардың қатарына кіріп кеткен Қызыл Дихан, Маятас, Әбілда, Досбол, Шағалалы, Шығанақ, Жайлаукөл сияқты 7 елді мекен даму деңгейі орта ауылдар қатарына енгізілді. Бұл ауылдарға келер жылдан бастап «Өңірлерді дамыту бағдарламасына» сәйкес қосымша қаржы бөлінеді. Саудакент ауылы тірек елді мекені болып белгіленді. Барлық ауылдық округтар орталықтарының даму жоспарлары бекітілді. 2014 жылдың 1 қыркүйегіне аудан бюджеті кірістер бойынша 100,3 пайызға орындалды. Мемлекеттік бюджетке 887,2 миллион теңге салықтар және міндетті төлемдер аударылып, бекiтiлген жоспар 104,4 пайызға қамтамасыз етілді. Өткен жылмен салыстырғанда 26,9 пайызға артығымен орындалды. Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша да атқарылып жатқан тірлік аз емес.