Жаңалықтар

Құлшылық жасай ма, қылмыс жасай ма?

Құлшылық жасай ма, қылмыс жасай ма?

Біздің халықта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар. Адам ба, әлде заман азды ма, өкініштісі сол, әйтеуір бұл күнде мешітте ұрлық жасайтындардың саны күн санап көбеюде. Соның ішінде қалта телефоны, сырт киім мен аяқ киім ұрлығы, сондай-ақ садақа жәшіктерін тонау сынды оқиғалар жиі кездеседі. Осындай келеңсіз жағдайдың бірі ағымдағы жылдың сәуір айында Тараздағы «Һибатулла Тарази» орталық мешітінде орын алған еді. Онда белгісіз біреу мешітке келіп, кешкі намаз уақытында сыртқы киімдер ілініп тұратын бөлмедегі күртешелердің бірінен елу мың теңге және «iPhone11» маркалы ұялы телефонды ұрлап кеткен. Жәбірленушілердің тиісті орындарға дер кезінде хабар беруінің нәтижесінде полицияның жедел іздестіру тобының көмегімен көп ұзамай күдікті қолға түсті. Тұрар Рысқұлов ауданының 33 жастағы тұрғыны мұндай әрекетке үлкен мешітте көп адамның арасында көзге түспеймін деген оймен барғанын жеткізді. Бүгінде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Биыл өңірімізде дәл осындай сипаттағы 3 дерек тіркелсе, былтырғы жылы бұл қылмыстың саны 5-ке жеткен.

Қазіргі таңда Әулиета топырағында 326 мешіт болса, оның 35-і Тараз қаласында орналасқан. Имандылыққа бет түзегендер Жаратқанның жер бетіндегі үйі саналатын ғибадат орындарына барып намаз оқуға тырысатыны анық. Тіпті, жұма күндері Алла үйінде ине шаншар орын болмайтыны да белгілі. Қасиетті жұмада қала тұрғындары әдеттегіше алаңсыз намазға жығылып, дұғасын жасауға асығады-ақ. Алайда осы бір оң тенденцияны өз мүддесіне пайдаланып, мұсылман атын жамылғандарды қайтерсіз? Арам пиғылдағылардың кесірінен азаматтар мешітке аяғын аңдап басатын халге жетті осы күні. Жұртшылық намазын оқуға ниет етіп келгенімен, өзіне тиесілі дүниесін түгелдей өзімен бірге алып қайтуды ойлап тұрады. Киім-кешегі мен әмиянын, тіпті аяқ киімін аңдып отыруға мәжбүр. Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Қанат Қожамқұловтың айтуынша, қылмыстың бұл түрі облыс орталығында ғана емес, аудандарда да тіркеліпті. – Осы жылы мешіт ұрлығына қатысты 3 дерек тіркелді. Олар Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарында орын алды. Ардан аттағандар имандылық үйі саналатын мешітте де ұрлық жасап жүр. Қазіргі таңда күдіктілерді анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Қанат Қожамқұлов. «Алла өзі берді, өзі алды» деп, сұғанақ қолды ұрыларды жауапкершілікке тартпай, жайына қоя беруге болмас. Өйткені арсыздардың бұл тірлігіне қоғам болып тұсау салмасақ, баршамызға сын. Алайда, өңірдегі кейбір ауылдағы мешіт қызметкерлері қылмысты жасыру мақсатында құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар бермейтін көрінеді. Осылайша, жұртшылықтан жасырылған жымысқы әрекеттердің беті ашылмай, кінәлілер жазаланбай жатады екен. – Осы уақытқа дейін мешіт имамдары қаншама ұрыны ұстап, заң орындарына тапсырды. Дегенмен, ұрлық тыйылар емес. Олар жамағат көп жиналатын мешіттерге кезек-кезек барып, күнін көріп жүр. Ұрылардың қитұрқы әрекетін түсіну оңай шаруа емес. Бет-әлпетін камераға көрсетпей, бүркеніп алып, керегін қолды қылады. Әр келген сайын түрлі кейіпте келетін әккі ұрылар да кездеседі. Алайда бір камерадан қашқан ұры екіншісіне түсіп қалады. Сөйтіп, мешітте болған ұрлықтың ізі суымай, олар ұсталады. Жасыратыны жоқ, кейбір мешіт имамдары мұндай қылмыстар жөнінде айтпайды. Ол туралы біз уақыт өте біліп жатамыз. Осындай әрекеттердің кесірінен мұндай халге түсуіміздің себебімен емес, салдарымен күресіп жатамыз, – дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Төлегенұлы. Асыл дінімізде ұрлық жасау ең ауыр күнә боп саналады. Ұрының шариғаттағы жазасы – қолын кесу. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы – сол. Алла Үстем һәм Дана» (Мәида, 38). Міне, асыл дініміз де бұл қылмысқа қатаң жаза қолданған. Тараз қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Жұмасейіт Нұрбаевтың пікірінше, бізге де осындай заңды енгізу қажет. Ал баланы ұрлыққа итермелеген ата-ананы жазалау керек. – Шариғатқа сәйкес, ұрлық істеген адамның қолы кесілуі тиіс. Алайда біздің қоғамда мешіт ұрлығы ұсақ бұзақылыққа жатқызылады. Жаза жеңіл болған соң, мұндағы қылмыстар толастамай тұр. Сондықтан иманы әлсіз арсыздарды жазалау мақсатында заңды күшейткен дұрыс-ақ. Құдайдан қорықпаған соң, олар адамнан қорықпайтыны анық қой. Олай болса, тек заңды өзгертіп, басқаша бетбұрыс жасау керек. Мәселен, Қытай Халық Республикасында ұрлық жасаған адамның қолын кесу жазасы әлі де бар. Саусақсыз адамды көргенде оның ұры екенін біліп, өзгелері аулақ жүреді. Содан қорыққан халық та ұрлыққа бармайды. Біз де қоғамдық көліктерде қалта ұрлығын жасайтындардың суреттері ілініп тұрады емес пе? Дәл сол секілді мешіттің кіреберісіне де осындай ұрлық жасағандардың суреті ілініп тұрса, имамдар уағыз айтпас бұрын әлгі ұры-қарылар жөнінде мәлімет берсе, өзгенің мүлкіне қол салатындардың қатары сирейтін шығар. Осылайша, түбінде ұрлықты доғарып, тәубесіне келуге мәжбүр болады. Шыны керек, бүгінгі күні мешіттерде жаңа аяқ киім киіп барудан қалдық, ұрлап кете ме деп мазаң кетеді, – дейді Жұмасейіт Нұрбаев. ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Шындығында, «судың да сұрауы бар» дегендей, кез келген пенденің әрбір істеген жамандығы да, жақсылығы да Қиямет күні әшкере болады. Ол күні сіз бен бізге туған-туыс, дос-жаран тіпті, ата-анамыз да араша бола алмайды. Себебі, ол жақта пара алатын сот, тамыр-таныс атымен жоқ. Әркім өзіне жауап береді. Мешітке келіп, құлшылық емес, қылмыс жасайтындар осыны ескере қойса, қанекей!

  Есен ӨТЕУЛІ