Әдебиет

Әдебиет – адам тәрбиесінің құралы

Әдебиет – адам тәрбиесінің құралы

ЖАСТАР ЖАЗУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

19Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері жазушы, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналы-ның бас редакторы Несіпбек Дәутаев пен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлымен кездесу өткізді. «Қоғам және қаламгер» деген тақырыпты арқау еткен кездесу барысында қос жазушының шығармашылығына арналған кітаптар мен мақалалар көрмесі де ұйымдастырылды.  

Бірінші болып сөз алған Несіпбек Дәутайұлы өзінің Қордай ауданы, Кенен атамыздың ауылында туғанын, әдебиетке деген құштарлығы туған ауылында эпостық жырларды оқудан басталғанын айтты. Сонымен бірге жазушы: – Жазушылық – тағдыр. Тағдыры жоқ адам, қанша жерден талантты болса да, жазушы болып қалыптаса алмайды. Ал әдебиет – адам тәрбиелеудің құралы. Әдеби кітаптарды оқыған адам жан-жақты болады. Мені де жазушы еткен ең алдымен – кітап. Мұнымен қоса, адам жеке тұлға болып қалыптасу үшін, әрине, еңбекқор, қажырлы болуы керек. Талант пен еңбекқорлық адамды толыққанды тұлға етіп қалыптастырады. Ұлттың болашағы ертеңгі ұрпақтың, мына сендердің еншілеріңде. Ұлтжанды деген беріде пайда болған сөз. Ұлтшылдық – өз ұлтының қадір-қасиетін білетін, оның рухын бәрінен биік қоятын, осы ұстаным арқылы өзге ұлттардың да қадірін біліп, құрметтеп, сыйлайтын қасиет. Ұлтшылдық болмаған жерде ұлттың болашағы бұлыңғыр, – деді. Студенттер болса, жазушының «Құдірет пен қасиет», «Айғыр кісі» сынды шығармаларының кейіпкерлері жайлы сұрап, қызықты да танымы мол жауаптар алды. Ал келесі сөз алған Көсемәлі Сәттібайұлы: – Мен өз әңгімемді Несіпбек ағаммен байланыстырып бастайын. Өйткені Несіпбек ағамен 1977 жылдардан бері, университет қабырғасынан таныспын. Ол кезде бұл кісі облыстық «Еңбек туы» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі еді. Алғаш оқыған «Ақ көгершін» шығармасы мені қатты баурап алды. Мен де ұдайы «Ұстазым – кітап» деймін, оның ішінде кітаптары арқылы алғашқы ұстаздарымның бірі болған осы Несіпбек аға дер едім. Өз шығармашылығымнан аз-кем айтар болсам, «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» деген балаларға арналған хикаятыммен әдебиет есігін аштым. Одан бері де көптеген әңгіме, повестер жазып келемін. Бірнеше кітаптарым арқылы бірқатар бәйгелердің жүлдегері атандым. Әлі де көптеген шығармалар жазамыз деп ойлаймын, Егеменді елімізге, халқымызға осылайша қызмет етіп келеміз, – деді. Жастарды, сондай-ақ, облыстағы бас басылымның бас редакторының журналистік қызметі де қызықтырып, сол салаға байланысты сұрақтарын қойды. Мұнан соң студенттер қос жазушыға арнау өлеңдерін оқыды. Осылайша ел ағалары жастарымызға әсерлі кездесу сыйлап қана қоймай, кейбірінің жүрегіне «жазушы болсақ» деген арманның үміт отын да тұтатқандай болды.

Дана ТІЛЕМІСОВА, Әсел СЕЙДУАЛИЕВА, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі филология кафедрасының оқытушылары.