Болмысы бөлек,бітімі дара Күзембай аға

47

Ұлы Отан соғысына қатысқан, саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылының тұрғыны Күзембай Туғанбаев тірі болғанда биыл тамыз айында 100 жасқа толатын еді. Орнында бар оңалар. Күзембай ақсақалдың ұл-қыздары, немерелері мен шөберелері оны туған күнінде еске алып, рухына құран бағыштауды ниет етіп отыр. Дастарқан басында Күзекеңнің майданда көрсеткен ерлігі, бейбіт өмірдегі өнегелі де игі істері кеңінен әңгімеленеді. Олар аталарына деген сағынышын басу үшін жыл сайын осылай басқосуды игі дәстүрге айналдырған.

Тағдыр Күзембайды еркелеткен жоқ. Әкесі Туғанбай он жасқа толғанда өмірден өтті. Анасы Зылиха жалғыз ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімнен кем қылмай өсірді.Ұлын жеткізу үшін күндіз-түні колхоздың қара жұмысына жегілді.Күреңбел (бұрынғы Самсоновка) ауылында орталау мектепті бітірген К.Туғанбаев Түркістан қаласындағы педучилищеде оқыды. Диплом алған соң ауылына келіп, бастауыш сыныпқа сабақ беріп жүрген кезде соғыс өрті бұрқ ете қалды. 1942 жылдың басында Қызыл Армия қатарына шақырылған ол әуелі Алматыда үш ай әскери дайындықтан өтті. Күзембайдың ат құлағында ойнайтынын көрген командирлер оны байланысшылар батальонына жіберді.

Күзембай ұрысқа Ресейдің Витебск қаласының маңында кірісті. 71 атқыштар корпусының 975 жеке байланыс батальонының жауынгеріне штабтағы дивизия командирлерінің құпия құжаттарын атпен қырғын соғыс жүріп жатқан алғы шептегі әскербасыларға жеткізу жүктелді. Бұл – аса қатерлі де жауапты, сәт сайын ажалмен бетпе-бет келетін тапсырмалар еді. Штабтан құпия құжаттарды алған 3 жауынгер күн-түн, қар-жаңбыр демей оқ борап, снарядтар жарылып жатқан алғы шепке асығады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалың жетпесе, өлмейсің» деген рас екен. Фашистердің дәлдеп атқан және қаңғырған оқтардан талай серіктері жолда мерт болды. Күзембай да жауынгерлік тапсырмаларды орындап жүргенде «аман қаламын, елге ораламын» деп еш уақытта ойлаған емес. Жылқы малы қасиетті ғой. Оған қысыл-таяң сәттерде тығырықтан шығуға ақылды әрі адуынды «Малыш» атты аты көп көмектесті.

Украина орманы жауынгерлер үшін бір жағы пана, екінші жағынан ажал апаны болды. Кескілескен ұрыс кездерінде екі жақтан да сарбаздар көп қырылды. Мезгіл – жаз. Орманда бұралаң жолмен келе жатқан үш байланысшы кенет алыстан талып жеткен мотоциклдердің гүрілін естиді. Оларға бас сауғалап, басқа бағытпен кетіп қалуға болатын еді. Байланысшылар дүрбі арқылы бір-бірін өкшелеп келе жатқан төрт мотоциклге сегіз фашист жайғасқанын көреді. Олар жаумен айқасуға бел буады. Шұғыл аттарды таса жерге қаңтарып, үшке бөлініп, оларға тұтқиылдан автоматтармен оқ жаудырады.Бұлар – жаудың шолғыншылары екен. Оққа ұшқан немістерден құнды мәліметтері бар құжаттар да табылады. Көрсеткен ерлігі үшін К.Туғанбаев және қасындағы екі серігі «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Байланысшылар көзге түспеу және тапсырманы орындауға кедергі туындамауы үшін жортуылға көбінесе түнде шығады. Мұндайда кері қайтқан кезде штабты адаспай табу оңай емес. Байланысшылар қайтарда тізгінді босатып, аттарды еркіне жібереді. Есті жануарлар иелерін діттеген жеріне адастырмай алып барады. Аға сержант Күзембай Туғанбаев Ресей, Украина және Белоруссияны азат ету кезінде штабтың жүзден астам тапсырмасын мүлтіксіз орындайды. Аракідік жеңіл жарақатпен госпитальге бірнеше рет түседі. Кеңес әскерлері Еуропаны азат етуге кіріскен кезде Күзембай аяғынан жараланып, госпитальге жіберіледі. Ол осында жатқанда 1944 жылдың соңына таман Сталиннің педагог мамандығы бар жауынгерлерді балаларды оқыту, тәрбиелеу қажеттілігіне байланысты елге қайтару керек деген жарлығы шығады. Госпитальда емделгеннен кейін К.Туғанбаев әскер қатарынан босатылады.

Ауылда бас көтерер ер кісілер тым сиреп қалған. Әсіресе педагог мамандар тапшы. Күзекеңді өзі еңбек жолын бастаған Ленин атындағы орта мектептің ұжымы екі жылдан кейін құшақ жая қарсы алды. Өмірден көргені мен көкейге түйгені мол, ізденімпаз азамат шәкірттерінің жүрегіне жол табу, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Білімін үздіксіз жетілдіру, өмір талабынан кенжелеп қалмау үшін аудандық, облыстық және республикалық басылымдарды тұрақты қадағалап оқып отырды. Ол әріптестерінен де осындай қасиеттерді талап етті. «Мұғалім – араб тілінен аударғанда білімді, ғұлама деген мағынаны білдіреді. Біз осындай атқа лайық болуымыз керек» деп жиі айтып отыратын. Көршілес Түлкібас ауданының тумасы Ұлбике атты арумен көңілі жарасып үйленді. Екеуі тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыз өсірді. Ұлбике ерінің алаңсыз жемісті жұмыс істеуі үшін барлық жағдайын жасады.

Білім негізі бастауышта қаланады. Бастауыш сыныптар– білімнің іргетасы. Бастауышта үлгерімі жақсы келешекте де қиналмайды. Болмысы бөлек, бітімі дара, өзгелерден оқыту, білім беру тәсілі ерек Күзембайдың тәжірибесі басшылар назарынан тыс қалған жоқ. Оны аудандық оқу бөлімі басшылары үлгірімі төмен ауылдарға жиі жіберіп отырды. Ол кезде барған жерде дайын үй қайда? Жұбайы Ұлбике екеуі шабаданын арқалап апарып, біреудің аядай бір бөлмесінде күн кешті. Мектепте оқитын мектеп жасына дейінгі балалары Сейдахмет, Сейдазым, Амантай және Мәдинаны қара шаңырақта әжесі Зылиха бағып-қағып қалатын. Жуалы ауданының Рысбек батыр (бұрынғы Луначарка), Қаратас (бұрынғы Чапаев) ауылдарында 1950 жылдары бастауышта оқып, кейін ауданда лауазымды қызмет істеген бірқатар азаматтар ұдайы алғашқы ұстаздарына деген ризашылықтарын білдіріп отыратын.

«Күзембай – еңбекқор, шаршауды білмейтін жан еді» деп еске алады замандастары. Ол жазғы еңбек демалысында үйде қол қусырып қарап отырмай, колхоздың жұмысына белсене араласатын. Чапаев атындағы колхозда сатылы арбамен шөп тасыды, қырманда жұмыс істеді.Оның сүйікті ісінің бірі – жеміс ағаштарын өсіру болатын. Ауладағы 30 сотық жерде жеміс ағаштарының алуан түрі жайқалып тұратын. Олар көп салған жылы алмаға көршілер де қарық болатын.

Күреңбел ауылының тумасы әрі мақтанышы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Күзекеңнің бастауышта оқытқан шәкірті Гүлтас Сайынқызының тұңғыш ұстазына деген алғысы шексіз. Гүлтас өзінің естелік кітабында ұстазына бірнеше беттік мақала арнайды. Оның кісілік келбеті, мұғалім ретіндегі ерекше қасиеттерін кеңінен тебірене жазады. «Сіз бізді білімге құштар етіп тәрбиелемесеңіз, осындай дәрежеге жетер ме едік?», деп ағынан жарылады Гүлтас.

– Күзембай ағамыз білімді, кішіпейіл, салмақты, өзіндік пікірі мен ұстанымы бар, кемшіліктерге төзбейтін азамат болатын. Сондықтан да оны бүкіл оқытушылар ұжымы сыйлап, құрмет тұтатын және үлгі алатын, – дейді онымен 1972-1977 жылдары бұрынғы Самсоновка ауылындағы Ленин атындағы орта мектепте бірге қызмет істеген ҚР Білім беру ісінің үздігі Қалмаханбет Ұрғылжаев.

Оның ұйымдастырушылық қасиетін ескерген аудан басшылары Төңкеріс ауылындағы шаруашылыққа партия комитетінің хатшысы етіп тағайындайды.Ол бұл қызметті де біраз жыл абыроймен атқарады. Замандастары оның бауырмал, көпшіл екенін баса айтады. Әлімбай деген ағайыны жұбайы екеуі өмірден ерте кетіп, соңында Елен және Күлпан атты 3-4 жастағы балалары панасыз қалады. Күзембай оларды үйіне әкеліп, бағып-қағып өсіреді. Жоғары білім әперіп,үйлену тойларын жасап береді.Ұлбике де оларға өзінің туған ұл-қыздарындай қарайды. Бұрын Күреңбел ауылында баспана тапшы. Ауылда қызмет істеуге келгендер қашан тұрғын үйге қолы жеткенше Күзембайдың үйін паналайды екен.

«Пейіліне қарай – пейіш» дейді. Күзекең мен Ұлбике апай өз балаларын жоғары оқу орындарында оқытып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Ұлдары Сейдахмет пен Амантай әкесінің жолын қуып педагогтық мамандықты таңдады. Екеуі де мектеп директорлығынан зейнетке шықты. Майдангер өмірден ерте кетті. Әйтсе де оның әулетінде бүгінде ұл-қыздарынан 13 немере, 15 шөбере өсіп-өніп келеді. Бүгінде Күреңбел ауылындағы орта мектепте К.Туғанбаев атында сынып бар. Оның өмірбаяны мен ізгі қасиеттеріне қанық сынып оқушылары жақсы оқуға, аталарындай елге сыйлы азамат болып өсуді армандайды.

 

Ақылжан МАМЫТ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.