- Advertisement -

Қайраткер туралы кітап жарық көрді

108

- Advertisement -

Есімі елінің жүрегінде алтын әріптермен жазылған қаранар қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай «Айналайын ақпейіл жұртым» атты кітап жарыққа шықты. Кітапқа адалдықтың Алатауы атанған ел перзентінің өмірден түйген ойлары, қарасөз қалпында жазылған өрнекті өсиеттері топтастырылып, ғибратты ғұмырының әр сәтінен толағай сыр шертетін суреттері енген.

«Мен тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Еңкейіп отырмын деп еңсемді түсірмеймін. Ат жалын тартып мінген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат – халқыма қызмет ету еді. Ол ниет орындалды. Қалтқысыз қызмет етуге, аманатыңа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жіптен аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елім, саған, алтын бесігім жерім, саған қызмет етуден танбаймын. Менің жан баласына өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе, реніш, наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын.

Тағы да баршаңызға бақыт тілеймін. Арайлап атқан әрбір таң сіздерге қуаныш әкелсін. Алдымыздан ақ жарылқап, күн туа берсін, айналайын ақпейіл жұртым!» – депті өзінің 1993 жылы жазылған естелігінде Димаш Ахметұлы. Саналы ғұмырын ұлтына қызмет ету жолында сарп еткен қайраткердің биылғы 110 жылдық мерейтойына орай қаланың қақ төрінде еңселі ескерткіші бой көтерді. Талас ауданынан мұражай ашылды.

Көзі тірісінде жиһаз емес кітап жинап, елден алған сый-сияпаттарын жетімдер үйіне өткізіп, қарапайымдылықтың қайталанбас үлгісін көрсетіп өткен қайраткердің 110 жылдығы қарсаңында жаңа кітап та жарық көріп, қалың оқырманға жол тартып отыр. Онда ұлт перзентінің өмірі мен еңбек жолының әр сәті қамтылған. Қара сөз түріндегі жазбалары да екі түрлі сипат береді. Бірінде қайраткердің өзінен қалған даналық сөздер болса, екіншісі замандастарының ол туралы айтқан тағылымды сөздері топтастырылған. Ондағы суреттердің басым көпшілігі өзінің атымен аталатын халықаралық қоғамдық қордан алыныпты.

Ал сөздерінің басым көпшілігі өмір мен қоғам, адамгершілік пен қарапайымдылық, жауапкершілік пен перзенттік парыз жан- жақты айтылады. Әр сөзінің өнегелі құны жоғары, терең мағыналы философияға негізделген. Алматыдан басылып шыққан жаңа жинақ қалың оқырманның рухани олжасы болары анық. Халқымыздың біртуар азаматы Д.А.Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Қонаевтың атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғары оқу орындары көптеп кездеседі. Тіпті жер-жерлерде оған ескерткіш те қойылып жатыр.

Тараз қаласында да Қонаев атындағы көше, мұражай, кітапхана бар және ескі бюсттің орнына жаңадан халықтың қолдауымен еңселі ескерткіш орнатылды. Қайраткер жайлы жазылған кітаптар, өлеңдер мен естеліктер де аз емес. Десек те, мерейтой қарсаңында жарық көрген жаңа кітаптың өзіндік орны бар. Бұл жаңа жинақ та халықтың жүрегіне жол табады деген сенімдеміз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support