- Advertisement -

Димекеңнің бір ауыз сөзі

202

- Advertisement -

1980 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың Жамбыл облысының Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапары туралы «Правда» газеті ресми хабар берді. Онда «Камчатка» түбегінде әскердемін. Одақтың бас басылымын әскери бөлімдегі бүкіл қазақ жастары болып, жата-жастана оқып, мәре-сәре күйге түскеніміз естен кетпейді. Әр ұлттан жасақталған әскери бөлім алдында «Димаш Ахметұлы мен туған ауылға барды» деп төбем көкке жеткендей қуанғанмын. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері мен кандидаттарының портреттері ілінген Ленин бөлмесінде Димекеңнің маңдайы жарқырып, жүзінен шуақ шашып тұратын. Үлкен кісіні орыс, украин, беларусь, грузин, армян, әзербайжан, татар, шешен, Сібірді мекен еткен аз ұлттың өкілдеріне дейін зор құрмет тұтып, ерекше сыйлайтынын сонда көрдім.

Дінмұхамед Қонаев Жаңатас қаласының тіршілігімен танысып, «Қаратау» өндірістік бірлестігінің кен орындарын аралап, Байқадамға келіпті. Іргелі ауылға жақындағанда алдынан дәм-тұз алып шыққан «Байқадам» кеңшарының көкөніс өсірушісі Тамдыкүл Жамбылова мен «Коммунар» кеңшарының механизаторы Көрғұлы Қойқаповтың күн қатқан жүздеріне мейірлене қараса керек. Үлкен кісінің жанары Тамдыкүл апамыздың Ленин орденіне түсіп, «Хасан-ау, Социалистік Еңбек Ері араларыңызда жүр ғой» деп обкомның бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановқа қарайды. Көп ұзамай байқадамдық көкөніс өсіруші ананың Димаш Ахметұлының бір ауыз сөзінің арқасында ерен еңбегі ескеріліп, омырауына «Алтын жұлдыз» тақты.

Одан әрі іргелес жатқан «Коммунар», «Байқадам» кеңшарларын аралап, ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегімен танысады. Бүгінде Игілік аталатын ауылда тұрғындармен кездесуге келгенде үлкен мекеннің ес білген баласынан, еңкейген қариясына дейін көшеге шығады. Елмен емен-жарқын әңгімелесіп, балаларды құшағына алып, құшырлана иіскейді. Қариялармен әңгімелесіп, хал-жағдайларын, сұрайды. Сондай бір сәтте ауыл үлкендерінің бірі – Бермағанбет қарияның қолын алып тұрып, «Ақсақал, қаншаға келдіңіз? деп сұрайды. «Димеке, сексенге келіп қалдық қой» десе, «Соны да жас деп тұрсыз ба, еркек екі елу жасайды» депті.

Аудан орталығы – бүгінде Саудакент аталатын ауылға келгенде иін тірескен халық нөпірін көріп, көлікті тоқтатып, тағы да кең құшағын ашып, сарысулықтармен ашық- жарқын әңгімелеседі. Байқадам – 124-ші кәсіптік-техникалық училищеде болғанда жас кадрлардың ұстаханасындай болған оқу орнының жұмысына ризашылығын білдіріп, директоры Жақсылық Бозжігітовтің еңбегін жоғары бағалаған. Үлкен кісінің ризашылығын естіп, батасын алған Жақаң одан кейін де білім саласында басшылық қызметті жемісті атқарды. Байқадам ауылдық аймағының әкімі болып еңбек еткен жылдары сан ғасырлық тарихы бар киелі мекен – Саудакентті нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде бүлініп, қирап кетуден аман алып қалды.

Сол жылы күзде әскерден елге оралғанда сарысулықтардың ауызында Дінмұхамед Ахметұлының шалғай өңірге жасаған сапары желдей есіп тұрды. Үлкен кісімен амандасқандар «апталап қолын жумапты» дейді. Сәлем беріп, әңгімелескендер ағайын-туыс, көрші қолаң, дос-жарандарын мал сойып, үйлеріне дәмге шақырумен болған. Тіпті өмір есігін ашып жатқан нәрестеге есімін қойдырған отбастары апталап кісі күткен. Бүкіл қазақстандықтар сияқты сарысулықтардың да Дінмұхамед Ахметұлына деген құрметі ерекше еді.

Сол кезде үлкен кісінің Сарысу сапарында бірге болған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Асан Нүркенов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов та жоқ бүгінде. Социалистік Еңбек Ері, даңқты көкөніс өсіруші Тамдыкүл Жамбылова мен тағы бір атақты механизатор Көрғұлы Қойқапов, «Коммунар» кеңшарының директоры Жүніс Жұмабеков және Байқададам – 124 кәсіптік-техникалық училищесінің директоры Жақсылық Бозжітовтің де бақилық болғанына жыл артынан жыл өтіп жатыр. Жас мамандарын даярлайтын оқу орнын, аудан, облыс, республиканы басқарған осындай жүректері ел деп соққан есіл ерлерді, еңбекпен ауылдың, ауданның атын аспандатқан бейнетқор жандарды Сарысудың жасампаз жұрты ұмытқан емес, үлкендер жағы еске алып, естелік айтады. Рухтарына тағзым етеді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support