- Advertisement -

Талас ауданының тіршілігімен танысты

299

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданындағы жұмыс сапарын Үшарал ауылдық округінен бастады. Аймақ басшысы әуелі Үшарал ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысты. Амбулаторияға қарасты Арал, Қайыр ауылдық медпункті бар болса, оларда 2 дәрігер мен 10 медбике еңбек етеді. Құрылыс жұмыстарын «НИК- Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Стандартқа сай нысан газ, су, жарықпен қамтылған. Президент тапсырмасына сай бүгінде ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар іске асып жатыр екен. Яғни халық санына байланысты медициналық пункт, фельдшерлік- акушерлік пункт немесе дәрігерлік амбулатория салу қажет. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылға дейін дәл осындай 60 нысан салу көзделген. Кезең-кезеңімен іске асатын жобалар бойынша биыл облыста бас-аяғы жиырма нысан беріледі.

Осы күні халықаралық стандаттарға сай су жаңа нысанның маңына жиылған ауыл тұрғындарының қарасы қалың болды. Олар медициналық қызметтің сапасы артқанына риза болысып, орталыққа ағылмайтынын айтып, алғыс білдірді. Осы ауруханаға ауылдан 1978 адам тіркелген. Жаңа нысанның ашылу салтанатына барғандардың қатарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев амбулаторияға орталықтан арнайы бағыттағы медицина мамандарын тартып, дәрігерлердің қабылдау ұйымдастыруға болатынын айтады. Басқарма басшысы қызмет сапасына да барынша көңіл бөліп, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға күш салатынын жеткізді.

– Облыста 367 ауылдық елді мекен болса, қазір 23 ауылда медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ 9 елді мекендегі медициналық нысанға 600 миллион теңгеге жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұдан өзге медициналық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет тарапынан бекітілген бағдарламалар жемісін беруде, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов Үшарал ауылының шаруасы Бақытжан Байымбетовтің ауыл іргесіндегі егіс алқабына ат ізін салды. Ауыл тұрғыны 10,5 гектар жерге 7,5 гектар картоп, 2 гектар қауын, 1 гектар қарбыз егіп, шаруасын шалқытып отыр. Егістіктің бір жарым гектарына тамшылатып суару технологиясын енгізген Бақытжан қыс мезгілінде сатуға таптырмайтын қауынның сұрпын әкелгенін айтуда. Алқап басында жердің жайын бес саусағындай білетін агроном шағын аумақтан еселеп өнім алудың қарекетін жасағанын айтады. Мысалы, биыл өнімдерді Тараз, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтуде. Осы маңда аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов бақша дақылдары мен ауданның су жүйелері туралы баяндады. Аудан басшылығы дәл қазіргі уақытта ауылға су келіп жатқанын айтып, су жинау маусымына ертерек кірісетінін жеткізді. Осы ретте аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов биыл суды Таластан ары Сарысу ауданына дейін жеткізуге болатынын айтты.

– Былтыр Талас ауданына үш-ақ рет су жібергенбіз. Енді биыл тиісті жұмыстардың нәтижесінде жағдай біршама жақсарды. Қыркүйекте вегетациялық маусымнан кейін қайта су жинауды бастаймыз. Яғни Киров су қоймасындағы суды «Айтақ» каналы мен Аса өзені арқылы жібереміз. Сонымен қатар ПУИД-3 жобасы бойынша 136 каналды жөндеу көзделген. Сәйкесінше, қазір сол каналдарды балансқа алып, жыл соңына дейін құжаттарын реттеп «Қазсушар» мекемесіне тапсырамыз. Кейін дүниежүзілік даму банктері арқылы каналдағы лотоктар жөнделіп, бетондалады, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Аталмыш жобадан Талас ауданы да қалыс қалмады. Аудан басшылығы «Қазсушар» мекемесімен келісіп жыл соңына дейін 41 каналдың құжаттарын реттеуді көздеп отыр. Демек, өңір басшысының судың әр текшеметрін тиімді пайдалану туралы тапсырмасы жоспарлы іске асып жатыр деген сөз.

Бұдан соң аймақ басшысы Ақкөл ауылында құрылысы аяқталған дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне аялдады. Спорт кешенін 336,2 миллион теңгеге «Әл-Мансұр» серіктестігі жүргізген.

– Спорт саласы туралы айтар болсақ, облыста биылдың өзінде 11 спорт кешені соғылуда. Оның бірқатары пайдалануға берілсе, соның бірі осы еңселі спорт нысаны. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарының, саясатының арқасында іске асып отыр. Біздің мақсатымыз – мектептегі балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыру. Сондай-ақ балаға кемел білім, тәрбие берумен қатар, дені сау ұлт қалыптастыру да басты міндет. Бүгінде облыста 250 мыңнан астам оқушы бар болса, оның 70 пайыздан астамы спорт нысандарымен, мәдениет ошағымен қамтамыз етілген. Осы межені қазір 100 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін алда әлі талай қыруар жұмыс атқаруға тиіспіз, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Заманауи үлгіде салынған спорт кешенінде енді жасөспірімдер шағын футбол, күрес, үстел теннисі, дзюдо және басқа да спорттың сан түрімен шұғылданбақ. Осы күні кешеннің алдына жиылған ауыл тұрғындары мен балалар өңір басшысына алғыс жаудырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай облыс, қала, аудан әкімдері халықпен кездесіп, қордаланған мәселелерге құлақ түруде. Мысалы, облыста әкімдер жыл басынан бері 583 кездесу өткізген. Осындай басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, шиеленіскен мәселелерді лезде басшылыққа алуда. Осы мақсатта өңір басшысы Нұржан Нұржігітов тиісті басқармалардың және құзырлы органдардың басшыларымен Тамды ауылдық мәдениет үйіне ат ізін салып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.

Кездесуде алдымен Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаров жыл басынан бері ауылда іске асқан ілкімді жобалар жайында, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндады. Ізінше тұрғындар аймақ басшысына ауылда қордаланған мәселелерді жіпке тізіп айтып берді. Мәселен, ауыл тұрғыны Қанат Құралбаев Дулатбай каналын жөндеуден өткізсе, су мәселесі біршама оң шешілетінін айтты. Бұл сауалға Нұржан Молдиярұлы аталған каналдың ПУИД-3 бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізу күн тәртібінде тұрғанын хабарлады. Енді биыл құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары нақтыланса, көп ұзамай келер жылы жөндеуден өтпек. Кездесуде ауыл имамы Нұрбол Төреқұлов облыс әкімінен ауылға күрес залы мен балабақша салып беруді сұрады. Сонымен қатар ауылдықтарды жол мәселесі де алаңдатады. Осы ретте тұрғындардың сауалына назар аударған Нұржан Нұржігітов әр сұраққа нақты жауап берді. Артынша, шаруаларды, кәсіпкерлер мен ауыл халқын мемлекеттік бағдарламалардан қалыс қалмауға шақырды.

– Әр отбасының тұрақты табысы болуы шарт. Ол үшін ауылдықтар мейлінше мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезінуі тиіс. Мысалы, ауданда 85 шаруа қожалығы болса, соның 12-сі ғана субсидия алып отыр. Осындайда неге шаруалардың 50 пайызы субсидияның мүмкіндігін заң жүзінде барынша пайдаланбайды деген сауал туады. Сол секілді кәсіпкерлік саласында да жеңілдіктер жетерлік, – деді облыс әкімі.

Осы күні облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінде қала халқымен кездесті. Мұнда да әуелі қала әкімі Дархан Байымбетов ауылда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

– Қала тұрғындарымен ұдайы кездесу өткізіп тұрамыз. Нәтижесінде үш отбасын асарлатып үй салу жобасы бойынша баспаналы еттік. Арықтарды асарлатып тазалауға қала жастарын көптеп тарттық. Қалада 44 қоқыс алаңшасы бар. Бұдан өзге 78 контейнер жаңартылды. Қала тазалығы бойынша жұмыстар үйлесімді іске асуда. Биыл 13 кәсіпкер кәсібін дөңгелетуге, жылыжай соғуға жер алды. Қаратауға кіреберіс 4,1 километр жол жөнделді. Қала көшелері кезең-кезеңімен жарықтандырылуда. Моноқалаларды дамыту жоспары бойынша 53 көшені нақтыласақ, келер жылы жөндеуден өтетін 18 көшенің жобалық-сметалық құжатын дайындап, тиісті басқармаға өткіздік. Шағын футбол, Street Workаut алаңшаларын салып, абаттандыру жұмыстарына да барынша көңіл бөлінуде. Сонымен қатар 109 бірыңғай диспетчерлік орталығын Қаратау қаласында да іске асыруды көздеп отырмыз. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді ойлаған 101 тұрғынға қайтарымсыз грант беру де биылғы жоспарда бар, – деді қала әкімі Дархан Байымбетов.

Қоқыс шығаратын серіктестіктермен шарт жасасудан жалтарып отырған тұрғындар да бар екен. Осы ретте Нұржан Молдиярұлы тұрғындарды тазалықты сақтау үшін қоқыс шығаратын компаниялармен келісімшарт жасауға шақырды. Ізінше аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке жол, жарық мәселесіне қатысты шаруаларды басшылыққа алуды тапсырды.

Кездесуде қала ақсақалы Қошманбет Қарубаев көшесін жөндеуден өткізуге аудан бюджетінің әлеуеті жетпейтінін айтып, облыстық бюджетке енгізуді сұрады. Кездесуде қала тұрғындары көгілдір отын, саяжайларға ауыз су тарту мәселелерімен қоса 8 көпқабатты үйді жөндеуден өткізу туралы өтініштерін аймақ басшысына жеткізді. Соңыра әрбір сауалға нақты жауап берген қала әкімі барлық шаруаларды бір күнде шешу мүмкін емес екенін айтып, кезең-кезеңімен іске асатын жобалар оң нәтиже беретінін алға тартты.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Талас ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support