- Advertisement -

Атамұра өнердің абыройы асқан күн

71

- Advertisement -

Таразда «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық қолөнер және өнер шеберлері байқауы өткізілді. Осынау айтулы іс-шараға келген қонақтарды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қабылдап, құрмет көрсетті.

– Осы күнге дейін біздің өңірде 74 мың қандас бауыр бар. Олардың барлығы қоғамның әр саласында еңбек етеді. Барлық аудандар мен қалаларда қандастарымыз қоныс тепкен. Оларға еліміздің азаматтығы берілген. Бүгінгі халықаралық «Қасиетті қазақ елі» байқауына 8 мемлекеттен 35 өнерпаз қатысып жатыр екен. Оның ішінде жерлестеріміз де бар. Барлығына сәттілік тілеймін. Іс-шара жақсы өтсін, – деп тілектестігін білдірді.

Мұнан соң «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы сөз алып, өздерін қабылдап, құрмет көрсеткені үшін облыс әкімі Нұржан Молдиярұлына алғысын білдірді. Оның айтуы бойынша жалпы бұл байқауға 135 үміткер ниет білдірген. Іріктеуден соң 35 өнерпаз негізгі кезеңіне өтіп отыр. Байқау «Терме», «Ән», «Мүшәйра», «Қолөнер» секілді төрт аталым бойынша өтеді деді. Қатысушылар арасында Монғолия, Ресей, Өзбекстан және өзге елдерден үміткерлер бар.

 

Мұнан соң өзбекстандық өнерпаз Мейрамбек Қалышбай, ресейлік қатысушы Аман Тәкібаев және Ресей елінің атынан сынға түсіп жатқан Айнагүл Барамбаева, түркиялық Базар Ыстанұлы сөз алып, өздерінің алғысын білдірді.

Жиынды облыс әкімі қорытындылап, барлық қатысушыларға табыс тілеп, сырт мемлекетте қазақ елінің салтын, әдебін, ғұрпын сақтап жүрген қандастарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ қонақтарға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов түрлі сыйлықтар ұсынып, Тараздан тарту жасады.

***

«Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық қолөнер және өнер байқауы «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтауын жеткізіп, байқауға сәттілік тіледі. Облыстық мәслихаттың хатшысы

Махметғали Сарыбеков те қазақы құндылықтар мен атамұра өнердің маңызы жоғары екеніне тоқталды. Ал «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы сырт елдегі қандастардың тарихи отанмен байланысы Қазақ елінің қандастарға жасаған қамқорлығы жөнінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандастарды ерекше қолдап отырғанына тоқталды.

Мұнан соң өнер байқауы басталды. Қатысушылар күй мен терме, дәстүрлі ән мен вокал, қолөнер және мүшәйра аталымы бойынша сынға түсті. Сырт елден келген термешілер Заңғар Еркебекұлы, Дәурен Жәнібек, Қасқыр Серікбаевтар өнер көрсетті. Қырғыз елінен келген Жанымгүл Мырсалбек, Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл», халық әні «Ақбақай» әндерін керемет орындады. Қырғыз елінен келген Ханшай Бәкірова, ресейлік Диана Жиеналиева орындаған әндер көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Бұдан бөлек қытайлық өнерпаз Базаркүл Сарқытбектің құрақ көрпелері, түркиялық Нұрбазар Жәңгіртегі өз қолымен жасаған ағаш бұйымдары, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойына орай жасаған естелік бұйымдары көңілімізден шықты. Монғолиялық қолөнер шебері сырмақ, қазақы тақия, кесте, қазақы жейделер тігіп келген екен. Ол кісі «Кеше аралап көрдік. Жамбыл жерінде де керемет үлгілі қолөнер шеберлері бар екен. Олардың жақсы жобалары бар. Ол кісілерге де қолдау болса деген тілегіміз бар», деді. Осынау өнер байқауына жазушы Елен Әлімжан төрағалық жасады. Ал қазылар құрамында Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Айгүл Мақашева, суретші Қазым Аманқосов, күйші Ержан Рысметов табылды.

***

Екі күнге созылған, Тараз жерінде дүбірлеп өткен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің марапаттау рәсіміне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, сөз сөйледі.

– Құрметті көпшілік! Қадірлі өнерпаз қандас бауырлар! Осынау маңызы ерекше байқау өз тарихында осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Фестивальдің тарихи Тараз жерінде өтуінің мәні зор, мазмұны терең. Бүгінгі таңда әлемнің 43 мемлекетінде 5 миллионнан астам қандасымыз тұрады. Бүгінгі фестивальға әлемнің 8 мемлекетінен өнерпаздар келуі ерекше қуаныш. Қандастарымызды көріп, қуандық. Жамбыл жері сіздерді қай кезде де қарсы алуға, сіздерге құрмет көрсетуге дайын. Өнерлеріңіз өрістей берсін, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Мұнан соң аталған халықаралық байқаудың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы бас жүлдесін Ресей елінен келген қандасымыз, қолөнер шебері Айнагүл Барамбаева иеленгенін хабарлады. Жеңімпазды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, байқаудың бас демеушісі «Qazaq soda mining» компаниясынан Латиф Мехмет мырза (500 мың теңге және теледидар) марапаттады. Осы сәтте сөз алған Абзал Сапарбекұлы: «Екі күннен бері біздерге құрметін көрсетіп жатқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке, облыс әкімі аппаратына, қызмет жасаған барлық басқарма өкілдеріне ризашылығымызды білдіремін. Бұл фестиваль үшін Тараз қаласының таңдалуы бекер емес. Біз қатысушылар өнерін көрсетіп қана қоймай, Түркі мен Ислам өркениетінің бір бөлшегі болған, Жібек жолы бойындағы шаһардан әсер алсын. Қазақтың қасиетті Әулиеата жерін біле жүрсін дедік. Баршаңызға рақмет» деп толғана пікір білдірді. Мұнан соң Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының мүшесі Мадина Қарымбаева Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдені Қытай Халық республикасынан келген Дәурен Құралбекке табыс етті.

Сонымен қатар сахнаға қазылар алқасы да тегіс шақырылып, жазушы, қазылар алқасының төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз сөйледі. «Бұл шын мәнінде үлкен мереке. Қазақ халқы үшін мәні бар деп ойлаймын. Біз тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді қалпына келтіруіміз керек. Ол үшін ұлттық рухымыз биік болуы қажет. Бір-бірімізді бауыр көріп, бауырмал болуымыз керек» деді толғанып. Мұнан соң қазылармен бірге «Мүшәйра» аталымының үздіктерін «Абай-Жидебай» қорының мүшесі Мирас Қосылбаев марапаттады. Бұл аталым бойынша Монғолиядан келген Тілектес Ақылбек бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынға монғолиялық қандасымыз Мырзатхан Данжира, жүлделі үшінші орынға Мейрамбек Әбдіқалиев лайық деп танылды. «Терме-күй» аталымы бойынша Өзбекстан республикасынан келген Жангель Мамбетназаров бірінші орынға ие болса, жүлделі екінші орын ресейлік Жанайдар Мырзалиевке, үшінші жүлде Ресейден келген Арман Байзуллаевқа бұйырды. «Қолөнер» аталымы бойынша Иран елінен келген қандасымыз Кадифи Шала жеңімпаз атанса (бірінші орын), түркиялық Базар Рыстанұлына екінші жүлде бұйырды. Үшінші жүлде монғолиялық Сетерхан Қанжарбайқызына бұйырды. Аталған екі аталым үздіктерін Латиф Мехмет марапаттады.

«Вокал және дәстүрлі ән» аталымы бойынша жүзден жүйрік шыққандарды «Түрксой» ұйымының өкілі және Қазақстанның Стамбул қаласындағы бас консулы Әлім Байель марапаттады. Бұл аталым бойынша Қытайдан келген Нұрзат Зейіпхан жеңімпаз атанса, украиналық қандасымыз Инеш Күдерова екінші жүлдеге ие болды. Қырғыз елінен келген ерекше дауыс иесі Рустам Руслановқа үшінші жүлде берілді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support