Жаңалықтар

Бірқатар өңірде жаңа мектептердің құрылысы кешігіп жатыр – «AMANAT»

Бірқатар өңірде жаңа мектептердің құрылысы кешігіп жатыр – «AMANAT»

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі талқыланды.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін елімізде 1,2 млн оқушыға арналған 1080 мектеп салынатынын мәлімдеді. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр 160 мыңнан астам оқушыға арналған 277 жаңа мектеп ашылды. Соған қарамастан, елімізде үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер саны артып келеді. Егер жыл басында елімізде 136 үш ауысымды және 31 апаттық жағдайдағы мектеп болған болса, бүгінде үш ауысымды мектептер саны 151-ге, ал апаттық жағдайдағы мектептер 37-ге жетті. Мұның бір себебі – өңірлік білім басқармалары құрылысты көші-қон процесі мен демографиялық ахуалды ескермей жоспарлап отыр.

Айта кету керек, былтыр үш ауысымды және апаттық жағдайдағы 40 мектептің мәселесі шешілді. Биыл осындай 35 мектеп проблемасын алдын алу жоспарлануда. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәлімдегендей, «AMANAT» партияының сайлауалды уәделерін орындау шеңберінде биыл 220 орта білім беру мекемесін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жиын барысында Кеңес мүшелері бірқатар өңірлерде мектептер салу және жөндеу бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Мәселен, былтыр Нұр-Сұлтанда 31,4 орындық 15 мектеп салынды. Бұл 4 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге және тағы 7 мектептің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Алайда мектептердегі орын тапшылығы бүгінде 20 мыңға жетіп отыр.

Түркістан облысындағы жағдай туралы өңір әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтып берді. Оның айтуынша, биыл 34 мектеп пайдалануға беріледі.

Алматыда биыл жыл соңына дейін 13820 орындық 18 білім беру нысанын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, 9 мектепте қалпына келтіру жұмысымен сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 4-ін жыл соңына дейін тапсыру көзделуде. Жетісу облысында 2025 жылға дейін 19 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 10-ы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес күрделі жөндеуді қажет ететін білім беру нысандарының тізілімін әзірлеуді ұсынды. Себебі ғимараттарды жөндеумен қатар, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау қажет.