Жаңалықтар

Бір баланы мектепке дайындау – 83 865 теңге

Бір баланы мектепке дайындау – 83 865 теңге

Үш аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Жергілікті базарлар мен сауда орталықтарында оқушылардың мектеп фор­масы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарға сұраныс артты. Сұра­ныстың артуына байланысты бағаның да шарықтайтыны айтпаса да түсінікті. 

Қазақстан ТМД елдері ішінде киім-ке­шек бағасының қымбаттығы жағынан Ресейден кейін екінші орында. Биыл елімізде киім-кешек пен аяқкиім ба­ғасы 10 пайызға өскен. Тек маусым айын­да сауда сөрелеріндегі аяқ киім мен киім бағасы 1,4 пайызға қымбаттаған. Осы бір айдың ішінде аталған тауар­лар­дың бағасы Солтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау және Қызылорда облыс­тарын­да ерекше өскен. Қымбатшылық науқаны балаларға ар­налған киім-кешек пен аяқ­киім­ге де жет­кен. Сыртқы киім бағасы бір ай­да 1,1 пайыз­ға, аяқкиім бағасы бір айда 1,9 пайыз­ға, бір жылда 14,7 пайызға кө­теріл­ген. Нақтырақ айтатын болсақ, соңғы бір жылда футболка (12,8 пайыз), пи­­жа­ма (11,9 пайыз), шұлықтар мен голь­фи­лер (10,9 пайыз), мектеп жасындағы ба­лаларға ар­налған маусымдық күр­те­шелер (10,5 пайыз), қысқы комбинезондар (10,3 пайыз) ба­ғасы қымбаттаған. Бұдан бөлек, мектеп жа­сындағы балаларға арналған қысқы күр­те­шелер (9,7 пайыз), джин­сы (9,3 пайыз), шал­бар (9,1 пайыз), кол­готки (8,6 пайыз), ұл ба­ла­ларға арнал­ған жейделер (8,5 пайыз), спорттық кос­тюмдер (7,9 пайыз) бағасы да кө­терілген. Балалар аяқкиімінің бағасы да қым­баттаған. Балалардың қысқы етігі мен бә­теңке (15,9 пайыз), кроссовкалар (15 пайыз), жазғы сандалийлер мен туфли (13,4 пайыз), балалар маусымдық аяқкиімі мен қыс­қы аяқкиім (13 пайыз), қыздарға арнал­ған туфли (9,7 пайыз) бағалары өскен. Сон­дық­тан биыл ата-аналарға балаларын мек­теп­ке дайындау жылдағыдан қымбатқа түс­пек. Оның тағы бір себебі бар. Кеңсе тауар­лары бағасы 9,9 пайызға қымбаттаған. «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғам­дық саясат Институты шілде айында оқушы­ға ең қажетті деген құрал-жабдықтар мен киім-кешектің бағасын есептеп шығарды. Зерт­теуге ABDI, Glasman дүкендерінің он­лайн және бөлшек саудадағы киімдері мен оқу құралдарының бағасы алынған. Соны­мен, бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге керек? Институт оқушыға ең қажетті кеңсе тауарларының бағасы 13 885 теңге бо­латынын есептеген. Бұл бағаға баланың оқуына қажет 22 зат кірген, оның ішіндегі ең қымбаты – рюкзак (6 800 теңгеден бас­талады), ал ең арзаны – қарындаш пен ұш­та­ғыш (50 теңгеден басталады). Ал мектеп формасы мен спорттық кос­тюм орташа есеппен 69 980 теңге тұрады. Қыз­­­дардың киімі сәл қымбаттау – 71 980 тең­ге. Нәтижесінде, бір мектеп оқушысын мек­тепке дайындауға 83 865 теңге керек. Еліміз бойынша төрт және одан да көп­балалы 487,6 мыңға жуық отбасы бар екен. Ал көпбалалы отбасындағы әр ба­ла­ға берілетін жәрдемақы мөлшері 12 252 тең­­ге ғана. Бұл ақша бір баланың ең қажетті де­ген кеңсе құралдарын алуға ғана жетеді. Ал алда әлі күз, қыс, көктем айлары бар. Күз­дік, қыстық күрте, баскиім, қыстық аяқкиімге кететін шығын бұдан бөлек. Мектепке қажетті тауарлардың баға­сы тамыз айының соңына дейін қым­баттамайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан балаға қажетті заттарды ер­те­рек сатып алу керек немесе оқу жылы бас­талар алдындағы жеңілдіктер мен жап­пай сатылымдарды күту керек дейді ма­ман­дар. Осы орайда біз де оқушылардың мек­тепке қажетті заттарына зерттеу жүр­гізіп көрген едік. Мәселен, бірінші сыныпқа баратын баланың рюкзагы 7 000-10 000 теңге шамасында. Бұл жерде сөмкенің бағасы да оның үлкендігі, әдемілігіне қарай өсіп отыратынын ескеру керек. Ал кеңсе тауарларының бағасы әртүрлі. Оқушының күнделігі 230 теңгеден басталып, 3 500 тең­геге дейін жетеді. Оған ұсақ-түйек қалам­сап, қарандаш, ұштағыш, сызғыш, өшіргіш сынды заттарды қосыңыз. Ал дәптерлер 50 теңгеден басталады. Жазуға арналған қалың дәптер құны 300 теңгеден басталып, 10 мыңға дейін жетеді. Мектеп формасына келетін болсақ, ұл баланың жейдесі 5 000 теңге. Шал­бар 8 000, пиджак 9 000, кеудеше 8 000 мың­нан басталады. Ал шалбар-пиджак-кеу­деше жиынтығын 20 мың теңгеге сатып алу­ға болады. Қыздардың киімі де шамамен осын­дай бағада сатылып жатыр. Оқушыларды мектепке дайындау дегенде жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы еске түседі. Іс-шара биыл да жалғасын тауып отыр. Аталған нау­қан­ға кез келген адам қатыса алады. Қаты­сушы­лар мұқтаж отбасылар мен балаларға қол­дау көрсете алады немесе керісінше кө­мек сұрай алады. Одан бөлек, осы аптада 400 мыңнан ас­там баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді де­ген жағымды жаңалық тарады. Оқу-ағарту ми­нистрлігі Балалардың құқықтарын қорғау ко­митеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев: – Бұған дейін арнайы санаттағы бала­лар­ды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нор­маға министрлік ұсынысы бойынша өз­герістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек 37 389 теңге болады. Сондай-ақ жергілікті ат­қару­шы органдардың ұсынысымен көмек көр­сету тетігіне өзгерістер енгізілді. Ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер са­тып алатын. Сондықтан да тауардың көле­м­іне, сапасына байланысты мәселелер туын­дайтын, – деді. Министрлік өкілінің мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек ала­тын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күн­кө­ріс деңгейінен төмен отбасылардың бала­лары­на материалдық көмек көрсетіледі. Не­гіз­гі қолдау шараларын әкімдіктер жүзеге асы­ратындықтан, биыл олар қаржылай кө­мек алатын барлық балаға 37 389 теңге кө­ле­мінде қаражат бөледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәр­бие­ленушілері мен ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балалар және төтенше жағ­дай­ға тап болған оқушыларға да материал­дық көмек көрсетілетінін жеткізді. Құралай БОРАШҚЫЗЫ, «Гаухар» тігін фабрикасы директорының орынбасары: Кредитке киім алып жатыр

Мира ЖИЕНАЛИНА,көпбалалы ана: 8 балам мектепке дайын емес