Ойшыұлына арналған ойшылдар ойыны
Ойшыұлына арналған ойшылдар ойыны
Жарысқа Алматы, Тараз қалаларынан, облысымыздың Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, сонымен қатар, Меркі ауданынан барлығы 40 ер және 4 әйел шахматшы қатысты. Қатысушылардың арасында 3 спорт шебері, 10-нан астам шахматтан спорт шеберлігіне үміткерлер болғанын ескерсек, аталған турнирдің өте тартысты өткеніне көз жеткіземіз. Турнир швейцариялық жүйемен 9 турда өтіп, әр ойыншыға 1 партияға 15 минут уақыт берілді. Ал жеңімпаздар тек соңғы турда анықталды. 8 турдан кейін 6,5 ұпаймен спорт шеберлері Шыңғыс Серікбай мен Айтқазы Баймұрзин алда келе жатты. Бірақ Шыңғыс Серікбай мен Бақытжан Кембаев екеуі 7 ұпайдан алып, алға озды. Сонымен коэффициент бойынша 1-орынды Шыңғыс Серікбай, 2-орынды жерлесіміз Бақытжан Кембаев жеңіп алса, 3-орынға А.Баймұрзин жайғасты. Жеңімпаздар мен 1-3 орын алған жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен, сонымен қатар, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы медаль, дипломдарымен марапатталды. Әйелдер арасында тараздық Нұргүл Иманбекова жеңімпаз болса, 2-орынға жерлесіміз Ақерке Сейітқазиева ие болды. Ал 3-орынға Тараздан келген шахматшы Бибісара Абылайқызы көтерілді. Бұл спортшылар да орындарына қарай марапаттар алды. Жарыстың өтуіне «Меркі» шипажайының директоры Серік Мақажанов, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-ның директоры Дастан Айтөленов демеушілік жасап, спортқа жанашырлықтарын танытты.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист.
Меркі ауданы.