- Advertisement -

Жүректегі жазулар

76

- Advertisement -

Қоғамда әр саланың өз озаттары, алдыңғы толқын ардагерлері болады. Журналистика саласында да алдыңғы толқындардың соқпағы, сара жолы бөлек. Осындай ғажайып журналист, жастарға үлгі болған қаламгердің бірі – Әбділда Сәрсенбі. Ол кісінің 27 жасынан бастап біздің «Aq jol» газетінде 11 жылға жуық тілші болғаны – қара шаңырақ газет үшін мақтаныш. Онан соң тіл басқармасында, Жамбыл теміржол бөлімшесінде және локомотив жөндеу депосында аудармашы болып қызмет атқарғаны да көпшіліктің есінде. Кейіннен қос жанары көрмей қалып, ұзақ жыл емделгені де елдің жадында. Жұрт сонда Әбділданың қайсарлығына таңғалған. Әбекең қазір де тыным көріп жүрген жоқ. Кітаптан соң кітап жазып, қаламының жүйріктігін дәлелдеуде. Осы кезге дейін «Жамбыл локомотив депосының тарихы», «Журналист жазбалары», «Азия мен Еуропаны жалғаған болат жол» атты кітаптары жарық көрген.

Жақында Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан Әбділда Сәрсенбінің «Жүректегі жазулар» атты публицистикалық кітабы жарық көрді. Қаламгер 280 беттік кітабында кеңінен толғанған. Мұнда Әбекеңнің әр жылдары жазған публицистикалық туындылары мен мақалалары, ой-толғамдары сәтті қамтылған. Сонымен қатар қаламдас әріптес замандастары мен іні, қарындастарының жақсы лебіз, өлең жолдары да топтастырылған. Бір сөзбен айтқанда оқылымды, ойлы, тұшымды дүние болып, жұп-жұмыр кітап шыққан. Кітаптың алғы сөзін Атырау қаласының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбілхан Сейтімұлы мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент сыйлығының иегері Жұмабай Құлиев бірлесіп жазыпты. «Осы «Жүректегі жазулар» атты ғұмырнамалық кітабында Әбділда жүрегін тебіренткен ойларын, басынан өткен ғұмыр шежіресін ұрпағына ақжарма көңілмен сыр етіп айтады. Міне, өмір жалғасы, тіршілік арқауы, ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?» деп жазылыпты алғысөздің бір тұсында. Ал Жұмабай Құлиев болса:

«Өмір жолың ақ Таластан басталып,

Бір қиырдан бір қиырға қашты алып.

Қарияларға құлақ түріп есейдің,

Даналардың кітаптарын жастанып», – деп ағынан жарылады.

Ал Әбділда Сәрсенбі «Ұшқыр қалам іздері» атты бірінші бөлімінде бірнеше сәтті мақала, суреттемелер ұсыныпты. Оның ішінде өмірден ерте өткен өз бауыры туралы «Еңбегі еленген Ерділда» атты жазбаны толғанбай оқу мүмкін емес. Жазбаның бір тұсында інісінің еңбеккеш механизатор, білікті маман, нағыз шабандоз көкпаршы екенін айта келіп: «Сол күні керемет салым көкпар болды. Ойық және Шәкіров ауылдары бір команда, Тамабек ауылы бір команда. Әлгінде жоғарыда аттары аталған Марат, Ғабит, Аманбай, Данияр, менің інім Ерділда қайта-қайта салым салып жатты. Бір қызық оқиға осы кезде басталды. Салым көкпарда жеңіліс тауып жатқанына ашуланған болуы керек, Ойық ауылынан келген екі шабандоз жігіт ойын бітпей жатып- ақ көкпарды өз ауылдарына ала қашты. Мұны күтпеген біздің ауылдың көкпаршы жампоздары алғашында абдырап тұрып қалды.

– Әлі ерте ғой, күн батқан жоқ.Үйді үйге алып қашатын уақыт болған жоқ қой, – десті кейбір жігіттер. «Ерділда қуып барады екен. Ерділда аман тұрғанда оларды алысқа жібере қоймас», – деген сөздерді де құлағым шалып қалды. Құдай қолдады ма, әлде бауырым шын мәнінде керемет көкпаршы ма, ойламаған жерде алып қашып кеткен көкпарды жарты сағатқа жеткізбей ауылға қайтып әкелді. Сонда Ерділда «Дегенмен сары айғырдың арқасында Ойықтың қырына жеткізбей, қуып жеттім. Екі жігіт көкпарды тақымдарына қатар басып алып, ортаға кіргізбеуге әрекет жасап бақты. Сонысына қарамай, ебін тауып, тақымынан көкпарды төмен қарай сілкіп-сілкіп жіберіп, суырып алдым да аттың басын кері бұрдым. Сары айғыр жарады. Алдымнан қарсы шығып қуалай жүріп жабысқандар тақымымнан көкпарды ала алмады. Себебі көкпарды үзеңгінің таралғысының астынан өткізіп, орай басып алып едім, – деді інім сонда марқайып, масаттана сөйлеп» – деген жолдарды толғанбай оқу мүмкін емес. «Дос туралы сыр» естелігін де, «Өнермен өрілген өмір» атты Кенен Әзірбаев атындағы облыстық драма театрының талантты актері болған Спандияр Мұқышұлы жайлы эссесін де үлкен әсермен оқыдық.

«Қаламгер жайлы толғаныстар» атты кітаптың соңғы төртінші бөлімі де керемет. Бұл бөлімде қаламгердің замандастары мен әріптестері Әбділда жайлы толғана жазады. Мәселен, замандасы Еділ Әлиев: «Сен бәйгеде үнемі біріншісің» дейтін құрдастары. Оның да себебі бар. Әбділда 17 рет бәйгеге қатысып, 15-інде мәреге шашасына шаң жұқтырмай келген. Олардың ішінде «Ақатайдың қарасы», «Махамбеттің торысы», «Сәрсенбінің торқасқасы» шығармалары бар» – десе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет: «Ол облыстық «Aq jol» газетінің бетінде айқын да айшықты қолтаңбасын қалдырды. Оның журналистиканың мақала, эссе, суреттеме, репортаж, очерк, сын секілді түрлі жанрларында жазған туындылары оқырман көңілін алуан-алуан әсерлерге бөлеп, өз кезіндегі өңір тыныс-тіршілігінің қантамыр бүлкілін тап басуымен ерекшеленетін еді», деп толғанады.

Әбділда Сәрсенбінің жаңа кітабын қысқа мақалада түгел айтып тауыса алмаспыз. Бұл кітапты қолға ұстап оқу керек. Себебі, ол жақсы қаламгердің жүрегімен жазылған жазбалар ғой.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support