- Advertisement -

Кісінің қаза болғаны да той ма?

264

- Advertisement -

Адам баласы бұл дүниеге еріксіз келген соң, күндердің күні болғанда еріксіз кететінін де ойлап, таразылап жүргені мақұл секілді. Адам баласы Жаратушының кімге қанша ғұмыр беретінін, өзінің де қанша жасайтынын білмейді. Мүмкін, өмірдің мағынасы да осы білмеуде тұрған шығар. Бірақ, ұзақ жасқа келіп, о дүниелік болған кісі туралы: «Е, е, ол кісінікі той ғой» деп жатады. Менің айтарымда осы төңіректе.

Қазір осындай сөзді көп естиміз. «Е, жасапты ғой, той ғой» дейді. Осы сөз қаншалықты дұрыс? 2009 жыл болуы керек, облыстық жастар газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Бас редактор Болат Бекжановтың үйіндегі Жалғат жеңгейдің әкесі 100 жасқа жақындап (бәлкім асты ма екен) өмірден озды. Редакция болып көңіл айтуға бардық. Белгілі жазушы Әлдихан Қалдыбаев ортамызда. Әлдекең ол кезде бізбен бір ұжымда жұмыс істеп жүрген. Қазақы дәстүрмен көрістік. Жасаған кісі ғой. Ішке кірдік. Қарияның біраз қыздары бар екен. Солар дауыс салды. Әсіресе, Жалғат жеңеше жоқтау айтып ұзақ жылады. «Сабыр, қарағым. Жүре тұрғанда болар еді. Алланың жазуы» деп жатыр топ басшымыз Әлдихан қария. Сонда Жалғат жеңеше: «Ағай, әкемді аз жасады деп емес, әкемнің қайталанбас асыл қасиеттері, жылы сөз, жанашырлығы еске түсіп жылап отырмын», – деді. Сыртқа шығып, көлікпен қайтып келеміз. Сонда Әлдихан аға: «Жалғат ауылды жерге келін болып түскен, қазақы мінезге бай адам. Сол қазақылығын көрсетіп отыр, жастар», – деді. Біз сонда үлкен жазушының ойымен келістік.

Жақында Дөске атты нағашы атам 96 жас жасап өмірден қайтты. Тұла бойы қазақылыққа тұнған, өз перзенттерінен, немере-шөберелерінен бөлек, жиені біздерге де мейірім шуағы мол адам еді. Анамыз бақилық болса да, төркіні бар. Төркінінде төбедей болып отырған Дөске нағашы атам бар деуші едік. Нағашы атамызға еркелеп, құшағына жылынып, өзімізше қуанып, мәз-мейрам болып қайтатынбыз. Қазақы құндылық, ізгілік, кісілік қасиеттерді осы кісіден көрдік. Өйткені, бұл кісінің көрмегені жоқ. Ағасы Сықақ соғыстан оралмаған. Сықақтың үйіндегі Пашира жеңгесін сол кездегі қариялар осы Дөскеге әмеңгерлікпен қосқан. Өйткені, екі жетім перзент жыламасын деді. Ағасынан қалған перзенттер жыламауы үшін, Дөске ата өзінен жеті жас үлкен жеңгесіне үйленді. Сондықтан 96 жасында қайтса да, қимадым. Жаным қиналды, жүрегім езілді. Қимауға жоғарыдағыдай жағдайлар себеп қой. Сөйтсем, аса құрметтейтін сыныптасым маған «96 жас той ғой» деп жазыпты. Басқа-басқа, сол кісінің сөзі қатты батты. Айтылар сөз айтылып кетті. Атылған оқ. Бірақ, ол сыныптасым сол сөзді айтуымен де мені тәрбиелеп отыр.

Қазақта Абайдан асырып сөз айтқан кісі бар ма? Сол Абай хакім: «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» демеді ме? Бұл жерде «жасы келіп қайтса, ол – тоймен тең» деп тұрған жоқ қой.

Біздің бала күнімізде өлім деген нәрсе аса қасіретті көрінетін. Ауылдағы 85-90 жасаған қариялар бақилық болса да барша ел, ауыл күңіреніп кететін. Өлім дегеннің ауыр нәрсе екенін біз осылай сезініп өстік. Ол кезде жастардың өлімі сирек еді. Оқта-текте жол апатынан көз жұмбаса, он екіде бір гүлі ашылмағандардың қайтқан кезін көрмеуші едік. Көбінесе, жасы келген кісілер бақилық болатын. Көз алдымызда жүрген сол қазыналы қарттар бақилық болса, түсінбей қалушы едік. «Пәленше ата, Түгенше апа қайда кетті? Неге адамдар өмір сүріп келіп, жоқ болып кетеді» деп түсіне алмай дал болушы едік. Сонда ата-апалар жарты шақырым жерден айқайға басып боздап, жоқтау айтушы еді. Өмірден қайтып жатқан қарияның жақсылығын, асыл қасиеттерін жырға қосып егілгенде бүкіл ауыл азан-қазан болушы еді. Қазір дәл осы қасиетімізді жоғалтып алғандаймыз. Онан соң кісісі қайтқан үйге ауылдастары, көршілері, жақындары табақ жасап апаратын. Табақ жасау деген не? Үлкен бір табақ ет асып, ыстық сорпасын бұрқыратып кісі қайтқан үйге апарасыз. Сол марқұмның ұл-қызы, келіні, немерелерімен бірге отырып, әлгі табақтағы асты жеп, артынан құран бағыштайсыз. Немесе білетін кісі оқыған құранға қол жаясыз. Бұл деген – кісісі қайтып, қайғы жұтқан үйге салмақ салмау, қайтқан кісінің әруағына құрметіңіз саналады. Қайтқан кісінің ұрпақтарымен ынтымақ, бірліктің жалғасы – міне осындай құрметтермен қалана беретіні анық.

Қазіргі таңда жасы сексен, тоқсаннан асқан кісі бақилық болса, топырағы кеппей жатып, тіпті жаназа болмай жатып, сол төңіректе ішімдік ішілетін жағдайға жеттік. Оның сылтауы – сексен, тоқсан жастан асу деген – той. Осылай қабылдайды. Ертеректе біздің ауылда Мақажан деген кісі 96 жасында өмірден қайтып бара жатып, баласына: «Мен бақилық болсам, қырық күнге дейін үйімде ешкімге арақ бермейсің» деп аманат етіп, уәдесін алады. Аз уақыттан соң қария қайтқанда ауылдың кейбір адамдары: «Жүзге келген кісіге неге арақ бермейді?» деп кінәлаған екен. Ол кезде діннің шет қалып, КСРО кезіндегі құдайсыздық белең алған уақыт қой. Сонда да ұзақ жасаған қария ұрпағына қырық күн үйінде ішімдік ішілмеуін ескертіп тұр. Қандай көрегендік десеңізші. Сөзімнің түйіні, адам баласы ұзақ жасаса, өзінің ғұмыры. Біреуден тартып алған жоқ. Алланың маңдайына жазған жазмышпен жүреді. Оған бола «Мынау кісі пәлен жасап қойды, шайтан болып кетті ме?» деп әзілдеп болса да айтуға болмайды деп ойлаймын. Себебі, адамның қанша жасауы Жаратушының тарапынан болатын шешім. Адам баласының қолынан келмейді. Сондықтан ұзақ жасағандарға да «Бұл – той ғой» деп емес, қаза деп қараған дұрыс.

Сіз не дейсіз?

 Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support