- Advertisement -

Кешегі – директор бүгінгі – шаруа

78

- Advertisement -

Қай ауылда болмасын егін егіп, төрт түлік мал бағып, бау-бақша өсіріп, отбасына қосымша табыс түсіріп отырған ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер де бар. Солардың бірі – Қызтоған ауылының тұрғыны Жеміскүл Тәжібаева. Зейнеткер ана үй іргесіндегі 25 сотық жерді тиімді пайдаланып, қияр, қызанақ, картоп, сәбіз, пияз, асқабақ, қауын, қарбыз, басқа да бау-бақша және көкөніс өнімдерін өсіріп, «Ауылда жұмыс жоқ» дейтіндерге үлгі көрсетіп отыр.

Бақшадан алған өнімнің өздерінен артылғанын ауылдастарына қолжетімді бағаға сатады. Судан тапшылық жоқ, ауылға келіп жатқан арықтан алады. Мұнымен қоса, төрт бие, алты сиыр сауады. Күбі пісіп, қымыз дайындап, оны да саудаға шығарады. Құрт-ірімшік дайындайды. Тіпті отыз тауықтың да жұмыртқасын сатып алатындар бар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деген осы. Құдай қосқан ер-азаматы Еркінбек Назарбеков екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсірді. 19 немере, екі шөбере өсіп келеді. Балалалар қара шаңыраққа келгенде қауын-қарбызға, басқа да көкөніс өнімдеріне, ағарғанға қарық болып жатады.

– Жақында шаруа ананың тірлігімен жете танысып, бақша және көкөніс өнімдерін егетін жерін ұлғайтып, тамшылатып суару технологиясын енгізуді ұсындым. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қарастырылған жеңілдіктерді түсіндіріп, ауыл әкімдігі тарапынан қандай да бір қолдау, көмек көрсетіле беретінін айттым. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, мектепті жемісті басқарған зиялы кісі ғой, апамыз ұсынысымызды қабыл алды, – дейді Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев.

– Жеміскүл Порымқызы Қошқарата ауылында 1956 жылы дүние есігін ашып, орта мектепті үздік бітіріп шығады. Педагогикалық жоғары білімі бар ол, Еркінбек Назарбековпен отбасын құрады. 1978 жылы Қызтоған ауылындағы С.Мұқанов атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасып, ұстаздық еңбек жолын бастайды. 1999 жылдан бастап, 15 жыл бойы мектеп директоры болып, жемісті еңбек етті. Аудандағы шалғай ауыл саналатын Қызтоғандағы білім ошағы алдыңғы қатардағы мектептердің бірі болды. Жыл сайын «соңғы қоңырау» салтанатында өздерін білім нәрімен сусындатқан алтын ұяларына атбасын бұратын түлектер ең бірінші Жеміскүл апайларының үйіне келіп, сәлем береді, кешегі директорларының қолынан қауын-қарбыз жеп, қымыз ішеді.

Амангелді ӘБІЛ

 Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support