- Advertisement -

Жаңғырту бағдарламасы жарқын істерге бастайды

125

- Advertisement -

Баршаға белгілі, биылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Nur Otan» партияcының кезектен тыс ХХІІ съезі өткен болатын. Осы алқалы жиында партия төрағасының тапсырмасы бойынша дайындалған саяси құрылымды жаңғырту бағдарламасы талқыланды. Жаңғырту аясында партияға жаңадан «AMANAT» атауы ұсынылып, бұл бастама қолдау тапты. Сондай-ақ партия Жарғысына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданып, жаңғырту бағдарламасы бекітілді. Ал енді осы өзгерістер саяси құрылымның жұмысына серпіліс әкелді ме? Бұл бағытта аймақта қандай жұмыстар атқарылуда? Біз осы сұрақтар төңірегінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Дауыл Ынтықбайұлы, соңғы съезде партияның атауы өзгерген еді. Атауы өзгергенімен жұмысында қандай жаңашылдық бар? Жалпы, партия әрекетін трансформациялау қалай жүргізілуде?

– Осы орайда, партия атауының неліктен «AMANAT» болып өзгертілгеніне тоқталып өтсем. Алдымен бұл термин қазақ, орыс, ағылшын және басқа да тілдерде бірдей оңай оқылады, ең бастысы, оның киелі мәні бар. «AMANAT» – тарихи және саяси сабақтастықтың символы ретінде, ең алдымен өзгерістер мен жаңаруды білдіретін жаңа бастама. Жаңартылған партия жаңа атауына сай келетініне сенімдімін.

Рас, атауы өзгергенімен жұмыс бағыты қаншалықты өзгерді деген заңды сауал туындайды. Съезден кейін жұмыс бағыты өзгеріп, алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойылды. Мәселен, кезекті жиыннан кейін партияны жаңғыртудың 7 басымдығынан туындайтын міндеттерді іске асыру қолға алынды. Біріншіден, халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру. Ақиқатында, бұл уақыт талабы. Екіншіден, партияластар арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Аталған бағытта партия филиалдарында жұмыс бір жүйеге келтірілген. Үшіншіден, партияның жұмысындағы ашықтық. Партия жанындағы барлық Қоғамдық кеңес отырыстары әлеуметтік желіде «тікелей эфир» арқылы көрсетілуде. Төртіншіден, партиялық бақылауды күшейту. Ол бойынша партия облыстық филиалының жанынан құрылған арнайы комиссия жаңа форматта жұмыс жасауда. Бесіншіден, партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау. Алтыншыдан, халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу. Бұл бойынша ұсыныстар әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Жетіншіден, «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жетілдіру. Қазіргі таңда жастар қанатының атауы «Жастар рухы» болып өзгергені баршаға аян. Өз кезегінде, мұндай өзгерістер жастарға да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.

– Жақында елдік маңызды шара – Референдум өтті. Яғни, Конституцияға өзгерістер енгізілді. Оның ішінде партияларға да жауапкершілік күшейіп отыр. Ол өзгерістер партияларға қандай өзгерістер алып келуі мүмкін?

– Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум жалпыхалықтық деңгейде өткізілді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі.

Жалпы, бұл Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылардың саны 5 мың адамға дейін қысқаруы оң өзгерістерге әкеледі. Әсіресе, жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырады.

Ал партиялар Парламентке өту үшін бұрын 7 пайыз дауыс жинау қажет болса, ол меже қазір 5 пайызға дейін түсті. Мұның барлығы алдағы уақытта саяси партияға бірігемін деген азаматтар үшін де, жаңа партия құрамын деген азаматтар үшін де жасалып жатқан оң өзгерістер. Бұл өзгерістер – жаңа партиялардың құрылуына және қазіргі бар партиялардың да жаңаша форматта жұмыс істеуіне, бәсекелестік ортаның қалыптасуына алып келетін болады.

– Шынында, соңғы уақытта «AMANAT» партиясы бірқатар бастамаларға ұйытқы болып жүр. Оның ішінде, біз білетін «Жер Аманаты» және «Ауыл Аманаты» жобалары. Осы жобалар туралы тарқатып айтып өтсеңіз.

– Халқымызда «Жер – елге аманат, Ел – ерге аманат» деген сөз текке айтылмаса керек-ті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі. Президенттің қоғамдық тірегі ретінде партия бұл мәселені шешуге атсалысуға кірісіп кетті. Осы орайда, «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Қазіргі таңда ол комиссия пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен белсенді айналысуда.

Аталған комиссия біздің өңірде де құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінгі күні 20,1 мың гектар жер ауыл меншігіне беріліп, тұрғындардың мал жаюына жағдай жасалды. Бұдан өзге шаруа қожалық өкілдеріне өз жерлерін жайылым жер ретінде беруіне де партия мұрындық болды. 500 гектар жеріне дейін берген жомарт азаматтар бар.

Айта кетерлігі, облыста прокуратура және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің бірлескен зерделеуі барысында 683,6 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Оны шешудің бірнеше жолдары бар. Мысалы, 5 шақырымдық радиуста орналасқан жайылымдарды қайтарып, елді мекенге бекіту қажет. Сондай-ақ шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға келісімге меморандум жасау да тиімді. Сол секілді игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудың маңызы зор. Партия облыстық филиалы алдағы уақытта бұл жұмыстарға белсене араласа беретін болады.

2019 жылдан бастап «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы іске асырылғаны баршаға мәлім. Тың бастама өңірде нәтижелі іске асырылды. Енді ол жобаны 2023 жылдан бастап республика деңгейінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондықтан партия тарапынан «Ауыл аманаты» жобасы өз жұмысын бастады. Ондағы мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу.

Жоба аясында партия орталық аппараты жанынан ақпараттық марафон ұйымдастырылуда. Топ мүшелері еліміздегі ауылдарды аралап, тұрғындармен жүздесетін болады. Сапар барысында «Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қайдан алуға болады?», «Кооперативті не үшін құру керек?», «Мемлекет техниканы лизингке алуға көмектесе ме?» деген сұрақтарға нақты жауап беріледі.

– Жасыратыны жоқ, қоғамдық мәселелерді ашық айтатын диалог

алаңдары жоқтың қасы. Дегенмен партия жанынан «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастағандығынан хабардармыз. Осы туралы да кеңірек білгіміз келеді.

– «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы республикада алғаш рет қолға алынса, өңірлер арасында біздің облыс ең бірінші болып өткізгенін тілге тиек ете кеткен жөн. Жалпы, бұл алаңның ерекшелігі – қоғамдағы түйткілді мәселелерді, халықтың проблемаларын қозғап, оның шешілуіне ықпал ету. Партия облыстық филиалы тарапынан аталмыш жоба тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Қоғамдық диалог алаңының алғашқы жиынында «Жастар және жұмыссыздық» тақырыбы қозғалды. Оның себебі, кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде көшеге шыққандардың көпшілігі осы жастар болатын. Олармен сұхбаттасу барысында жұмыссыздық, жағдайының төмендігінен көшеге шыққаны анықталған екен. Бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне қоғам болып барынша атсалысуымыз қажет. Проблема жастарға келгенде сенің немесе менің шешетін мәселем деген қасаң ой мен қағида болмауы қажет. Аталмыш ой сол «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының алғашқы отырысында айтылды.

Алаңның кезекті отырысында жайылымдық жер мәселесі талқыланды. Келелі кездесуде жауапты мамандармен қатар, ауыл әкімдері, шаруа қожалық иелері қатысты. Шарада тараптар ойларын ашық айтып, пайымды пікірлерін білдірді. Ол бойынша жауапты тұлғаларға партия тарапынан ұсыныстар да берілді.

«TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында алдағы уақытта қоғамда орын алып жатқан өзге де өзекті мәселелер талқыланатын болады.

– Әр саланы жіті зерделеу бойынша партия жанында қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Жалпы, оның қандай тиімділігі бар?

– Партия облыстық филиалының қоғамдық кеңес отырыстарында әрдайым өңірдегі өзекті мәселелер мен оның шешілу жолдары талқыланып отырады. Құрамдарына депутаттардан бөлек қоғамдық пікір көшбасшылары мен белсенділер тартыла отырып, жаңартылды. Бүгінде өңірлік деңгейде 64 қоғамдық кеңес жұмыс атқарып келеді.

Өткен жылы кеңестердің 482 отырысы өтіп, онда Жол карталарының орындалу барысы, қоғамдағы өзекті резонансты 594 мәселе қаралды. Жергілікті атқарушы органдарға 2 мыңға жуық ұсыныстар берілді. Осы орайда, кеңестердің атауы мен қаралатын мәселелердің қайталайтыны ескеріле отырып, олардың саны аймақтық деңгейде 12-ден 9-ға, аумақтық деңгейде 9-дан 5-ке дейін оңтайланды.

Бұл өз кезегінде кеңес отырыстарында қаралатын мәселелерге терең үңілуге және берілген ұсынымдардың сапалы іске асуын талдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Кеңестерде қаралатын мәселелерді қоғам талқысына сала отырып, ашық өткізу тәжірибесін қолға алатын боламыз.

– Ашығын айтсақ, халық қандай да бір мәселесін шешу үшін партияға арқа сүйейді. Бұл тұрғыда сіздерде қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейтінін білеміз. Жыл басынан бері ол бөлме қандай жұмыстар атқарды?

– Партия халық пен билік арасындағы алтын көпір болғандықтан, бұқара базынасы билік назарында болуы тиіс. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізген болатын. Сондықтан «AMANAT» партиясы халықтың проблемаларын шешу бағытындағы жұмыстарды бұрынғыдан да күшейтуде.

Партияға мұң-мұқтажымен, түрлі өтініштерімен келіп, көмек сұрайтындардың легі күннен күнге өсуде. Себебі мұнда сізді тыңдайды, мәселеңіздің оңтайлы шешілуі бойынша нақты жұмыстар жасайды, азаматтың мәселесіне қатысты тиісті құзырлы органмен лезде байланыс орнатады, Қазақстан Республикасы заңнамаларына сай жан-жақты түсініктемелер мен бағыт-бағдарлар беріледі.

Сондай-ақ, партия филиалдары азаматтардың өтініштері түскеннен бастап түпкілікті шешім тапқанға дейін қарауын қамтамасыз етеді.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында 2795 өтініш түсіп, оның 1504-і немесе 54 пайызы оң шешілді. Сондай-ақ 1278 өтініш бойынша түсініктемелер берілді. Қалған 13 өтініш мерзіміне сәйкес орындалуда. Өтініштердің оң шешім табуына партияның аймақтық, аумақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері тарапынан жүргізілген қатаң бақылауы да оң ықпал етуде. Соның нәтижесінде азаматтардың мәселелері шешіліп, өз ризашылықтарын да білдіруде.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта жаңғыртуды, сонымен қатар, халықпен кері байланыс орнату мақсатында еліміздің шалғай елді мекендерінде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізуді тапсырған болатын.

Осыған орай, «АMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сәуір айынан бастап облыстың шалғай 86 елді мекенінде мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізілді. Қабылдаулар барысында тұрғындар тарапынан елді мекендегі қордаланған, өзекті мәселелер бойынша 511 өтініш түсті. Барлық мәселе партияның назарында, жіті бақылауында тұр.

– Бүгінгі қоғам «AMANAT» партиясының бірқатар жобаларымен таныс. Айтпағым, одан өзге жобалар қарастырылып отыр ма?

– Расында, бүгінгі күні партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға!», «Халыққа көмек» жобалары нәтижелі іске асып келеді. Аталған жобалардың барлығының мақсаты айқын, жоспары жұмыр. Кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Әлбетте, іске қосуды көздеп отырған бұдан өзге де жобаларымыз жоқ емес. Нақтырақ айтқанда, «Жас кәсіпкер» жобасы. Оның мақсаты – көпбалалы немесе аз қамтылған отбасының балаларын отбасылық кәсіпке негіздеу және жастарды еңбектенуге үгіттеу, кәсіпкерлерді мейірімділікке тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын арттыру. Сондай-ақ «Үлгілі ауыл» жобасын айтуға болады. Халқымыздың берекесі қаймағы бұзылмаған ауылда жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Сондықтан біз ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, ауыл азаматтарын бірлікке, ынтымаққа шақыру мақсатында осындай жобаны қолға алсақ деп отырмыз.

Бұдан өзге мектеп жасындағы оқушыларды, колледж бен жоғары оқу орнындағы студенттерді қоғамда өз орындарын табуына көмектесу, бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін тағы бір жобаны бастасақ деп отырмыз. Ол жобамыз «Салиқалы ұрпақ» деп аталады. Әулиеата жері тасын түртсең тарихы көрінетін өңір ғой. Өкініштісі, кейбір жастар өзі тұратын өңірдің тарихынан бейхабар болып жатады. Бұл орайда, «Киелі мұрамызға тағзым» жобасын іске асырсақ деген жоспарымыз бар. Оның аясында жастарға қасиетті жерлерге экспедициялар ұйымдастырып, оларды киелі жерлер туралы мағлұматтармен қамтысақ деген ой.

Айта кетерлігі, аталған жобалардың барлығы болашақтың еншісіндегі бастамалар, жоспарымыздағы дүниелер.

– «AMANAT» партиясы ауыл әкімдерін оқытты. Осы туралы кеңінен айтып берсеңіз.

– Ауыл әкімдерін оқытуды алғаш болып «AMANAT» партиясы қолға алды. Оларды оқыту – бүгінгі қоғамның талабы. Айта кету қажет, өңірдегі 156 ауылдық округ әкімдерінің (оның ішінде Жаңатас, Қаратау, Шу қалалары) 72-сі тікелей сайлау жүйесімен сайланған әкімдер. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс XXII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2022 жылғы 11-20 шілде аралығында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқытып шықты.

154 ауыл әкімі мен 10 партия аудандық филиалының атқарушы хатшылары халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы біліктілігін жетілдіру курстарынан өтті.

Оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды, ауылдың мамандануын анықтауды үйренді. Сондай-ақ ауыл әкімдері ауылда әлеуетті табысты бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді.

Бұдан өзге ауыл әкімдері ауылдардағы үй шаруашылықтарының табыстарын нақты арттыруға қол жеткізу, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құру бойынша біліктіліктерін арттырды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру, туризмде жұмыспен қамтуды және халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік табыстың өсуін ынталандыру бойынша өзара тәжірибе алмасты.

– Жақын арада ғана «Jas Otan» жастар қанаты «Жастар рухы» болып атын өзгертті. Сіздіңше, бұл жастарға қандай жауапкершілік жүктейді немесе нендей өзгерістер алып келеді?

– Партияны дамытудың кезекті кезеңі оның жастар қанатын жаңғырту болып саналады. Партиямен қатар жастар қанатының да жұмысы жаңғырып, атауы «Жастар рухы» болып өзгертілді. Ал «рух» сөзі халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Бұл атау өте терең мағынаға ие, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа атау ұйымның жұмысын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Яғни, жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс. Сондай-ақ жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналуы қажет.

Меніңше, оларға қандай да бір жауапкершілік жүктеуден бұрын «мүмкіндік» беруіміз керек. Яғни, еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституциямызға енгізілді. Демек, жастардың бүгінгі қоғамға деген көзқарасы өзгеріп, бастамашыл топтың алдыңғы қатарында солар жүруі тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support