Жаңалықтар

Ел еңбектің игілігін көруде

Ел еңбектің игілігін көруде

Облыстағы іргелі Шу ауданының шаруалары орақ науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Басқа өңірлердегідей биыл ылғал мол болды. Судан тапшылық көрмеген соң егін бітік шықты. 18371 гектар күздік бидай, 25250 гектарға жаздық арпа, барлығы 43621 гектар масақты дәнді дақылдар еккен диқандар гектарына 18,7 центнерден өнім алды. Айтуға оңай болғанымен, бұл – қарапайым еңбек адамдарының ерте көктемнен бергі тынымсыз еңбегінің жемісі.

– Орақ науқанымен қатар, мал азығын дайындауды қатар жүргізген шаруалар 167900 тонна пішен дайындау қажет болса, 191245 тонна дайындап, жоспарды 114 пайызға орындады. 7000 тонна пішендеме және 47200 тонна сабан дайындалуы тиіс болса, меже 100 пайыз орындалды. 10000 тонна сүрлем дайындау жоспары тағы бар. Алайда жүгеріні ору күзде басталатындықтан техникаларын сайлап, басқа да керек-жарақтарын дайындап отырған шаруалар межеден шығатындарына сенімді, – дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Бақыт Бетбаев. Биыл шулық шаруалар 60830 гектарға көкөніс, дәндік жүгері, майлы дақылдар, бақша өнімдерін егіпті. 5 тамызға 14228 гектар алқаптың өнімі жиналып, 471446 тонна өнім алынған. Әзірге бұл 23, 4 пайызды құрайды. 231 гектар жерге егілген қырыққабат пен 713 гектар алқапқа егілген сәбіз толықтай жиналған. Қырыққабат гектарына 361,2 центнерден айналып, 8344 тонна, сәбізден гектарына 377,2 центнерден түсіп, 26894 тонна болған. 592 гектар алқапқа егілген қияр мен 1143 гектар алқаптағы қызанақ толық жиналып, гектарына 388,2 центнерден айналған. Қиярдан 22680 және қызанақтан 44371 тонна өнім алынған. 824 гектар алқапқа орналастырылған басқа көкөніс дақылдары да толық жиналып алыныпты. Мұнда да орташа өнім 383,1 центнерден айналып, 31567 тонна өнім жиналған. 13329 гектарға егілген пияздың 15 гектар өнімі жиналып, 564,7 центнерден айналуда. 1700 гектар картоптың 854 гектары, 12200 гектар бақша өнімдерінің 9856 гектары жиналған. Жоспарланған 1700 гектар картоптың 854 гектары жиналып, 232,7 центнерден айналуда. 12200 гектар алқаптағы бақша өнімдері гектарына 321,5 центнерден өнім беріп, 316870 тонна алынған. Бұл 80,7 пайызды құрайды. 2250 гектар алқаптағы дәндік жүгері мен 11080 гектар алқапқа егілген майлы дақылға әлі орақ түспеген. Аудандағы шаруашылық құрылымдарының егіннен, көкөніс және бақша дақылдарынан көңілдегідей өнім алып, мал азығының берік қорын жасауда биылғы көктен түскен мол ылғалдың әсері бар, әрине. Оның үстіне су үнемдеу технологиясының көптеп енгізілуі де пайдасын тигізуде. Мәселен, аудан шаруашылықтары су үнемдеу технологиясын 10060 гектарға енгізсе, оның 7799, 0 гектарына тамшылатып, 2261 гектарына жаңбырлатып суару құрылғысы орнатылған. Жаңажол ауылдық округіндегі М.Мирисмиайлов жетекшілік ететін көкөніс, көпжылдық шөп және бақша өнімдерін өсіретін «М.Бахрам» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 370 гектарға тамшылатып, 270,0 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын орнатқан. Далақайнар ауылдық округіндегі Д.Тұрғанбаев жетекшілік ететін көкөніс, көпжылдық шөп және бақша өнімдерін егумен айналысатын тағы бір іргелі шаруашылық «Ақ-Қайнар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 427 гектарға тамшылатып, 188,0 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп, жемісін көріп отыр. Су үнемдеу технологиясына ден қойып отырған шаруа қожалықтары да аз емес, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де бар. Бірлікүстем ауылдық округіндегі И.Сербаев басшылық жасайтын «Сиқымбай» шаруа қожалығы пияз өсірумен айналысады. Шаруа 182,0 гектар алқапқа тамшылатып, осынша жерге жаңбырлатып суару технологиясын орнатқан. Ал Ескі Шу ауылдық округіндегі А.Аяғановтың басшылығындағы «QуzуIshazher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1732 гектарға тамшылатып, 10,0 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын орнатыпты. Халық саны жағынан Қордайдан кейін екінші орын алатын Шу ауданының шаруалары мен тауар өндірушілерінің бүгінгі қарқынына қарағанда жерлестерін, тіпті 120 шақырым жердегі Мойынқұм ауданының тұрғындарын да азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері бар сиықты. Бұлай дейтініміз – шалғай өңірдің тұрғындары азық-түлік тауарларын көбіне тоғыз жолдың торабындағы Шу қаласындағы базарлар мен сауда орындарынан алатынын білеміз. Араға алыпсатарларды араластырмай, «Алқаптан сөреге» жобасын басшылыққа алып, өнімдерін бірден сауда орындарына өздері өткерсе, ерте көктемнен басталып, жаз бойына жалғасқан тынымсыз еңбектің жемісін көреді. Ең бастысы– бағаның шарықтап кетуіне жол бермей, халықтың алғысын алады.

Амангелді ӘБІЛ

Шу ауданы.