Қыс мезгіліне дайындық қалай?
Қыс мезгіліне дайындық қалай?
Кеңесте сөз алған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев қысқы жылыту маусымына дайындық жайын айтып өтті. Оның айтуынша, орталық және автономды қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың дайындығы, техникалық жай-күйлері, негізгі және резервтік отын қорларымен қамту мәселелері бойынша бірқатар кемшіліктер бар. Бүгінде оларды реттеу үшін тиісті тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі қазандықтарды дайындыққа келтіру жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс екендігін ескертті. Сондай-ақ тұрғындар көмір тапшылығы және баға өсімі қалыптаспай тұрған кезде отын қорын реттеп алудың маңыздылығын, Жаңатастағы орталық қазандыққа мазут жеткізуде мәселе болмауын, бұған дейінгі қателіктерден сабақ алу керектігін баса айтты. Аймақ басшысы Тараз қаласындағы жылу беру кәсіпорындары мен жылу жүйелеріндегі жөндеу жұмыстарының сапалы, мерзімінде аяқталуын, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы нысандардың және көпқабатты үйлердің тиісті мерзімде толығымен дайын болуын бақылауда ұстауды тапсырды. Күн тәртібінде келесі кезекте әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі қаралды. Бүгінде Жамбыл облысы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны 915200 адамды құраған. Сақтандырылмаған халық саны 235 372 адам, яғни 20,4 пайыз. Аударымдар мен төлемдердің тұрақсыздығына байланысты 42 070 адам жүйеден шығарылмақ. – Соңғы 12 айда 171,3 мың адамнан медициналық сақтандыру жарналары түспеген. Сондай-ақ, 42,1 мың адамның тұрақты жарна төлемеуінен мәліметтері көрінбей қалуда. Олардың қай елді мекеннен және кім екенін анықтау мүмкіндігі болса, аудан әкімдері әр азаматтармен жұмыс жүргізуді жолға қою керек. Сақтандарылмаған тұрғындардың санын азайту үшін жан-жақты жұмыстарды ұйымдастыру маңызды, – деді Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімі медициналық көмектің сапасыздығы мен ақ халаттылардың мәдениеттілігіне қатысты тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтіп, денсаулық сақтау басқармасына нақты міндеттер жүктеді. Кеңес соңында медициналық сақтандырылмаған азаматтардың санатын анықтап, оларға жарна төлеу қажеттілігін түсіндіру мәселесіне ерекше маңыз бөлу керектігі айтылды. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық көмек пен дәрігерлердің қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіп, нәтижесі бойынша шара қабылдау керектігі де қатаң тапсырылды.
Гүлжан РАХМАН