Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы азық-түлік картасын енгізуді ұсынды

«AMANAT» партиясы азық-түлік картасын енгізуді ұсынды

«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері азық-түлік бағасының өсу мәселесін талқылады. width=

29 шілде мен 5 тамыз аралығында баға өзгерісін бақылап жүрген партияның мониторинг топтары 1 747 нысанда 1 126 рейд жүргізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесі бойынша бағаның ең жоғары өсімі 5 өңірде: Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Атап айтқанда, аманаттықтар Маңғыстау облысында Үкімет бекіткен шекті бағадан қырыққабат –117%-ға, сәбіз – 60%-ға, пияз    35%-ға қымбаттағанын анықтады. Қарағанды облысында қант бағасы орта есеппен 30%-ға өсті. Батыс Қазақстан облысында қарақұмық жармасы 38,7%-ға қымбаттады. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімін тежеу үшін әкімдіктер сауда нысандарына «айналым схемасы»  арқылы жеңілдікпен қарыз беріп жатыр. Несиелеу мақсатында жалпы сомасы 86,4 млрд  теңге бөлінді. Сондай-ақ әр облыста тұрақтандыру қорлары құрылды.

  Алайда партия мүшелері баға өсімімен күрес мәселесінде «айналым схемасының» тиімділігі байқалмай отырғанын айтып жатыр. Бұл ретте, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов ел Президентінің таяудағы тапсырмасын еске салды.

Айта кету керек, бұған дейінгі кеңес отырыстарында және депутаттық сауалдарда партиялықтар халықты баға өсімінен қорғау үшін «айналым схемасының» орнына тұрғындарды қолдаудың атаулы шараларын пысықтауды ұсынған болатын.

Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және сату тізбегіндегі делдалдар санын заң жүзінде екіге дейін шектеуді және көтерме жеткізушілер үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары сауда үстемесін 15% мөлшерінде бекітуді ұсынды. Сонымен қатар  партия тәжірибесі азық-түлік картасын енгізуге көмектесетінін жеткізді.

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов негізгі азық-түлік өнімдерінің қымбаттауын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, Қазақстандағы азық-түлік қымбатшылығының бір себебі – жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуымен, әлемдегі баға өсімімен және сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауымен байланысты.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ екеніне сендірді. Оның айтуынша, мемлекеттің азық-түлік қоры жеткілікті. Ол сондай-ақ  кеңес мүшелеріне ішкі нарықтың қантқа қажеттілігі толық қамтамасыз етілетінін хабарлады. Тамыз айының басында қор 31,6 мың тоннаны құрады. Зауыттар 40,7 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Импорт 42,2 мың тоннаны құрайды.

Сонымен қатар  отырыс барысында кеңес мүшелері әуе және теміржол билеттерінің қымбаттауына, сондай-ақ дәрі-дәрмек бағасының өсуіне байланысты пайда болған мәселелерді талқылады. Партиялықтар мониторинг топтарының дәріханаларға рейд жүргізу тәжірибесін жандандыруды ұсынды. Отырысты қорытындылай келе, Кеңес төрағасы мемлекеттік органдардың іс-шараға дайындығын сынға алды.