40 команда еске алу турнирінде бас қосты
40 команда еске алу турнирінде бас қосты
Доп додасының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев бүкіл аймақ аяқдопшыларын «Алмаз» спорт кешенінде жинап, ұлы Алмазға арнап еске алу турниріне тікелей мұрындық болған ауылдың Құрметті азаматы, спорт жанашыры, меценат Әділ Байұзақовқа ризашылығын білдірді. Келесі болып сөз алған марқұмның туыс-туғаны қыршыннан қиылған азаматтың өмір жолына тоқталып, арнайы келген команда ойыншыларына алғыстарын білдірді. Ауылдың азаматы, кәсіпкер Әділ Байұзақ та сөз алып, ауылға деген сүйіспеншілік пен адалдық адам баласының жүрегінде орнауы керектігін, турнир адамдар арасын жақындастыратынын, жастарға қолдау білдіру басты міндет екенін айтты. Турнирдің алғашқы күнінде 16 жасқа дейінгі 13 команданың жасөспірімдері сынға түсті. Алғашқы ойындарда шапшаңдығымен көзге түскен «Пионер» командасы ақтық сыңға сүрінбей жетіп, тараздық «Дос-нар» командасынан басым түссе, екінші және үшінші орын «Қаракемер» мен «Шайдана-Алмаз» командасына бұйырды. Көрермендер таңдауымен Алихан Бадан (Пионер) «Үздік сұрмерген», Заңғар Аманалұлы (Шайдана) «Үздік ойыншы», Қадырбек Амангелді (Шайдана) «Мәдениетті ойыншы» номинациясының жеңімпазы атанып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал ересектер арасында өткен турнирге 27 команда қатысты. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған доп шеберлерінің кім мықтыны анықтауы оңайға соқпады. Дегенмен Байзақ ауданынан келген «Қостөбе» командасы ақтық сында тараздық «Омега» командасын 2-1 есебімен тізе бүктірсе, үшінші орынға тұрақтаған «Шайдана-Алмаз» командасы «КГИ» командасынан басым түсті. Доп додасына жиналғандар «Сәтбай ата» мешітінде «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол командасы ұйымдастырған ақ дастарқаннан дәм татып, марқұмның рухына бағышталған құранға қол жайды. Кеш қарая аяқталған облыстық ашық біріншілікте Қайсар Абдиеев (Омега) «үздік қақпашы», Ерікжан Досымов (Шайдана) «Үздік қорғаушы», Рахат Саттаров (КГИ) «Үздік шабуылшы», Санжар Сейсенғалиев (Омега) «Үздік жаттықтырушы», Арман Сеңгірбай (Қостөбе) «Үздік гол», Анушервон Муртозозада (Шайдана) «Мәдениетті ойыншы», Бағдат Пірімқұловтар (Шайдана) «Шебер гол» номинациясының жеңімпазы атанды. Барлық жүлде алған командаға қаржылай қоржын, бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
Жамбыл ауданы.