- Advertisement -

Ғибратты ғұмыр иесі

240

- Advertisement -

«Әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары қызмет жасаса, елдік қасиеттеріміздің еңсесі көтеріліп, ұлы дәстүрлеріміз одан әрі дами бермек. Көпке ақылын айтып, жұртқа жағымды мінезімен көрінетін қарияларымыз қай жерде де бар. Тыңдар құлақ, көрер көз болса, оларды тауып, ортаға тарту керек. Орайы келгенде кеңесіп, ел болудың пайымын бірлесе ойластырса, халықшыл қасиетіміз жаңаша қырынан жарқырай көрінеді.

Осы ретте ұлы Абай ақынның:

«Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейінгі толқын – інілер.

Кезегімен өлінер,

Баяғыдай көрінер» деп ой толғағанын айтпай кетуге болмас. Ел ішінде атақ-абыройы асқан, тәуелсіз Қазақстанның өсіп- өркендеуіне мол үлесін қосып жүрген ардақты азаматтың бірегейі Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Жарас Мұратайұлы.

Еңбек ардагері, ұзақ жылдар қаржы және салық органдарында жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленген асыл азамат – Жарас Мұратай биылғы 9 тамызда 85 жасқа толғалы отыр. Еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу арқылы біз аға буынға қарап келер ұрпақты бой түзеуге шақырамыз. Осындай өнеге тұтар тұлғалардың қатарынан табылған әрі қоғамдық ортада асқақ азаматтығымен ерекшеленетін қария Жарас Мұратайұлының ел үшін еткен еңбегі, азаматтық келбеті кім- кімге де үлкен үлгі-өнеге.

Қарап отырсақ, Жарас Мұратайұлының да бар саналы ғұмыры өткен кеңестік кезеңде және еліміз тәуелсіздік алған тұстағы жылдарда жарқырай көрінді. Сексеннің сеңгіріне аяқ басса да елдің өсіп-өркендеуіне әлі де елеулі үлес қосып келеді.

Жарас Мұратай 1937 жылғы 9 тамызда Жуалы ауданының Қошқарата өңіріндегі Шаңылақбасы аталатын ауылда туған. Ата-бабаның ескі қонысы болған Талдыбұлақ ауылындағы аядай ғана мектепті бітірген албырт жас Жамбыл есеп-санақ техникумын 1956 жылы үздік аяқтайды.

– Ол соғыстан кейінгі қиын жылдар еді, – дейді Жарас Мұратайұлы. – Жамбылдағы есеп-санақ техникумын бітірген соң М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, сынақтан сүрінбей өттім. Елдің тұрмысы ауыр болды. Әрине, ол жағдай біздің де отбасыны айналып өткен жоқ. Тұрмыс жағдайына байланысты маған Мәскеу университетінде оқу бақыты бұйырған жоқ, есесіне Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, оны қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп шықтым, – дейді ол.

Иә, ештеңе де өздігінен, кездейсоқ болмайды. Жарас ағаның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Әкесі Мұратай 1943 жылы соғыстан жараланып оралды. Онда бір ауыл Шаңылақбасы деп аталатын ескі қоныста отыратын. Осы ауыл мен Талдыбұлақ ауылының арасы 12 шақырым. Балалар мектепке жаяу-жалпылап, кейде есекпен барады. Сол арманшыл балалардың арасында бала Жарас та болды. Жастайынан қолеңбегіне араласқан бала Жарас білім алуды да ұмытқан жоқ. Бала кездегі асқақ арманы оны биіктерге жетеледі. Жігерін жаныды. Әкесінің Әзтай, Несіпбай,

Қали дейтін үш бірдей інісі сұм соғыстан сол күйі оралмады. Міне, Жарас аға соның бәрін жүрегінен өткізді. Отбасында ең бірінші үлгі әке болса, шешесі Қанымқыз да ұлына бар мейірімін үйіп-төгіп, ақыл-парасатымен болашаққа бағдар бере білгені даусыз.

Жарас аға еңбек жолындағы алғашқы қадамын кассирліктен бастап, біліктілігін арттыра жүріп бақылаушы-ревизор, аға инспектор секілді қызмет сатыларынан өтіп, ұзақ жылдар өз облысымызға қарасты бүгінгі Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарының қаржы бөлімдерін басқарды. 21 жыл бойы осы аудандарда аудандық советтің депутаты болып сайланды.

– Луговойда біраз жыл жұмыс істеген соң 1980 жылы Жуалы аудандық қаржы бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Сол жылдары ауданның бюджетін де ешқан дай бос қалдық қаржы болмай шықты. Ауданның бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкинмен ақылдаса отырып, аппаратты жинап бірлесе жұмыс істедік. Жиналған қаражат есебінен Күреңбел, Жетітөбе, Тайыр Тастандиев атындағы орта мектептер, аудан орталығында қоғамдық монша салынды. Бірқатар көшелер асфальтталып, жарықтандырылды. Біз совет дәуіріндегі жүйемен жұмыс істедік. Сол кезеңде барлық жұмыстың сапасына көп мән берілетін, – деп еске алады Жарас Мұратайұлы.

Кейіннен Жарас аға Жуалы ауданы бойынша салық басқармасының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар ауданға сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Білікті басшылығы мен адал еңбегі «КСРО қаржы жүйесінің үздік қызметкері», Мемлекеттік сақтандыру саласының 70 жылдық мерекелік медальдарымен атап өтілді. Зейнетке шыққаннан соң «Қазпоштаның» аудандық филиалын басқарды. 1999 жылы «Отан» республикалық саяси партиясы құрылғанда оның аудандағы өкілдігін ашуға атсалысып, оның алғашқы атқарушы директоры болды. Айта берсе, Жарас ағаның басшылық жасаған мекемелерінде атқарылған оңды істер жетерлік.

«Қарияларымыз – қазынамыз» демекші, істің көзін тауып, ұжымды ұйымдастыра білетін ерекше қасиетінің арқасында Жарас Мұратайұлы құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де Жуалы аудандық ардагерлер кеңесіне 15 жыл бойы төрағалық етті. 2003-2018 жылдардың ішінде аудандық ардагерлер ұйымы өңірдегі іргелі құрылымға айналып, Жарас ағаның басқаруында көптеген игілікті істердің бастауында тұрды.

2010 жылы Жуалы төрін думанға бөлеген даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы болды. Әрине, бұл тойдың басы-қасында ауданның қадірменді қариялары жүріп, Жарас аға «Бауыржан Момышұлы атындағы» қайырымдылық қорына төрағалық етті. Одан соң 2012 жылы өткен Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы, сонымен қатар, Батырбек датқа Рысбекұлының кесенесінің, ескерткішінің бой көтеруі сынды игілікті істерде Жарас Мұратайұлының ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді.

Ұзақ жылдар халық үшін атқарған еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Алғыс хатымен 5 рет, 2 рет республикалық ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталды. Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Сауап» медалімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық және 25 жылдық медалімен, Астана қаласының 20 жылдық мерекелік медалі де Жарас ағаға берілген жоғары марапаттар.

Сонымен бірге Жарас ағаның есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітабына енгізілген. Жарас Мұратайұлы бар күш- жігерін, өмірлік бай тәжірибесін аудандық ардагерлер ұйымының жұмысына арнады. Оның белсенді басшылығымен ұйым тұрақты жұмыс істейтін іргелі құрылымға айналды. Ардагерлер кеңесінің күнделікті жұмысы қариялардың тыныс-тіршілігіне арналды. 2017 жылы «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының құрылғанына» 30 жыл толды. Бұл айтулы датада да бірқатар іс-шаралар атқарылып, аудан ардагерлерінің үлкен тобына ұйымның 30 жылдық мерекелік медальдары берілді.

Иә, өзі де ақсақалдықтың асқары саналатын 85 жасқа келсе де, Жарас Мұратай жас кезінде тәлім мен тағылым алған аға буынның ақылы мен шарапатын ұмыта қойған жоқ. Жарас ағаның қызмет бабында, дәлірек айтқанда, қаржы саласындағы қызметінде Жамбыл облыстық қаржылық тексеру комиссиясының басшысы Ықсан Керімқұловтың, қаржы басқармасының басшысы Қаджан Спамбетованың ақыл-кеңес беріп, жол сілтегені оның жадында мәңгілік қалып қойды. Өзі де кезі келгенде жастардың талай буынын тәрбиеледі, үлгі-өнеге көрсетті, қолынан келген қайырым-көмегін аямады. Оның тәрбиелеген шәкірттерінің ішінен Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болған, ал қазір Жамбыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мұхтар Тіленшиев пен ұзақ жыл аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарған Гүлбара Бекмұрзаеваны айтсақ та жеткілікті.

Бүгінде Жарас аға өз әулетінің немесе бір ғана Жуалы ауданының емес, Жамбыл облысының қадір тұтатын азаматына айналып отыр. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демеуші ме еді қазақ атамыз. Жарас ағаның әкесі Мұратай Дербісәліұлы 33 жыл бойы Қошқарата, Боралдай, Күреңбел, Амансай ауылдық кеңестерінде төраға болды. Мұратай қария сөзге шешен, домбыраны шебер тартатын, ақыл-парасатымен де, әзіл- қалжыңымен де елді аузына қаратып отыратын көзі де, сөзі де өткір кісі екен. Өмірден өткенше сәйгүлік аттар жаратып, оларды бәйгеге қосып, көкпар тартып, саятшылық құрған. Жуалы өңіріндегі елдің аузында Мұратай мен Айымбектің сөз қағыстырып, айтысқаны сақталған.

Міне, Жарас аға да ата жолын қуып, қанындаы тектілігімен, қазақ азаматына тән қайраткерлігімен бар саналы ғұмырында басшылық қызметтерде болып, елге адал қызмет етті. Абыройдың ең үлкені – елдің алғысы, халықтың берген бағасы. «Жақсы қартая білу де – өнер» демекші, сексеннің сеңгіріне сергек жетіп, ауыл- аймақтағы ел-жұртқа ес болып отырған Жарас Мұратайұлының ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа өнеге екені даусыз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты.

Шәкен Айманов атындағы сыйлықтың иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support