- Advertisement -

Әлем чемпионы Данияр Смаиловқа құрмет

68

- Advertisement -

Ынтымақ ауылдық округі, Мәдімар ауылдық клубында даңқты жерлесіміз, Ресей Федерациясы Татарстан Республикасында өткен ұлттық ат спорты – аударыспақтан Әлем чемпионы атағын жеңіп алған Данияр Смаиловпен кездесу өтті.

Данияр Жамбылұлы 1982 жылы 2 қыркүйекте Байзақ ауданы, Мәдімар ау Данияр Жамбылұлы 1982 жылы 2 қыркүйекте Байзақ ауданы, Мәдімар ауылында дүниеге келген. Спорт шебері, 2010 жылы «Әулие ата» спорты клубына мүше болып қабылданып, сол уақыттан бүгінгі күнге дейін аударыспақ пен көкпардан бірнеше жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтар болсақ, 2011, 2012 жылдары аударыспақтан өткен Қазақстан Республикасының чемпионаттарында қола жүлдегер болса, 2013 жылы ел чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Даниярдың өзге де жетістіктері жетерлік.

Жеңімпазды жерлестері ауыл клубы алдындағы кең аланда музыкалық салтанатпен қарсы алып, облыс жұртшылығы мінгізген темір тұлпарына көрімдік ретінде кілем жапты.

Алтын айдарлы алыбын ағайындары ыстық құшағына алып қызу құттықтап, мауқын басқан соң ауылдың абыз қариясы Төлен Мырзахметұлы ақсақал батырға ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Батыр жігіт клуб сахнасының төріне шақырылып, ауыл әкімі Мейірбек Ноғаев ізгі тілегін арнап құттықтау хат табыс етті. Сондай-ақ ауыл тұрғындары атынан қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Батырдың анасы Сенкүл апаға қамзол беріліп, басына орамал жабылды. Мерейлі сәтте 80 жастан асқан қарт әже Құрал Ахметова, батырдың нағашысы А.Нысанбаев, жергілікті қаламгер ақын А.Әлмақашұлы және бірнеше құрдастары балуанды тарихи жеңісімен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

Бағдарлама барысында жас әншілер Берік Жарымбетов пен Мырзақас Кейсеков бірнеше патриоттық әндерін орындап, кеш ажарын аша түсті. Жерлесінің ерлігіне қанаттанған қаламгер жастар да қарап қалған жоқ. Ақын Мейірхан Райымбек Нағашбекұлы Данияр ағасына жүрегінен жарып шыққан жыр шумақтарын тарту етті:

Данияры, батыры бар Алаштың,

Дара шаптың, додада дара бастың.

Құлағында жылқының ойнақ салып,

Көк серкені талайдан ала қаштың.

Қабанбайдай қонғанда қарагерге.

Қайысқандай болады қара жер де.

Ат үстінде жүріп-ақ таныттың ғой,

Әулиеатаның атағын бар әлемге.

Табаныңды ағатай, төрге тіре,

Төрге тіре еңсеңді елге тіре.

Аударыспақ ойында…

Мойындаттың,

Қазақ деген ел барын жер бетіне.

Бөтен ізді көрінді баспағаның.

Туған жерді жадыңнан тастамадың.

Елдің бәрін аударып жүре берші,

Ауып кетпей ешқашан баста бағың!

Кездесу аяғында ауылдың батагөй қариясы Рысбек Қосыбаев жиналған халық атынан бата берді. Соңынан Данияр Смаилов сөз алып, өзін құрметтеген жерлестеріне шынайы ризашылығын білдірді.

Айдос ІҢКӘРБЕКОВ,

Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп жүргізушісі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support