Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, және-дағы кетейін деп кетпеймін!...
Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, және-дағы кетейін деп кетпеймін!...
Өмір бастан бара жатыр күнде өтіп, Мына бізге созғансумен қол ұшын. Өлмеген соң тірі жүру міндетім, Адамдығым – айқыны анық борышым. *** Жер үстіне жүрміз жаппай үйіліп, Былайынша ішіндеміз базардың... Өткен жолы бір ініме түйіліп, Осы жолы бір ағама сазардым. *** Көрінгенді қалай, қайтіп тілдеймін, Жаңсақ бассам болғаны да өзімнен. Өңге түгел өзімді онша білмеймін, Қараңдаршы – көрініп тұр көзімнен. *** Сұрғылт түстен сұр тұманның көйлегі, Бізден бөлек басшылардың сөйлемі. Әр нәрсеге бас қатырып жүргенде, Бір күндері өлтіреді ой мені, Бір жылдары тірілткенмен ой мені!.. *** Көкті сойды найзағай тіліп тұрып, Қарардаймыз шошына былай оған. Ашынғандар – Құдайын ұмытты құп, Тасынғанның біразы Құдай – адам. *** Өкпе артуды қойғандаймын жиі елге, Өз орнынан ата бермек сірә таң. Таппай далмын кісіңді де сүйерге, Таптырмастан арқа сүйер бір адам. *** Көне алмаппын әркімдердің «шартына», Шіркіндерден талай көңіл қалды да. Жоқты көрдім бұрылғанда артыма, Көпті көрдім үңілгенде алдыма. *** Әркімге де мүшел деген жас қауіп, Барша сезім әрбір сөздің бастауы, ұқ. Өз-өзіме үлгергенше дос болып, Айналамнан алайыншы дос тауып. *** Өлең жазу жасымнан ұлы ермегім, Шіренгенге ұқсай ма шіренгенім. Апанына тірліктің кіріп біттім, Жан бар ма қолтығыма кірер менің. *** Не жетпек сыйлы сөзге иланғанға, Ақындығым бұрыннан құп ермегім. Кімдерге батар дейсің қиналғанда – Өзімді тастап-тастап жібергенім. *** Бір басыңа қайтпекпін кінә тағып, Қайбірін дін-асылдың ұнаталық. Сенің орның – байқаймын жұмақ жақта, Менің орным, ұрыспашы, мына тамұқ. *** (Бар ниетім зәуімен тым аққала, Түсінбейді жайымды кім-ақ қана...) Кісәпірден, кәпірден емес едім, Мүмкін барып қалармын жұмаққа да. *** Қайбіріңе кісі боп көп елендім, Дәмсіздікті меңзердей мәні өлеңнің, Қалайда да нәпсіммен сәйкестендім, Үмітіме жалпаңдап дәмелі өңім. *** Шыдамаппын ауырдың қандайына, Өмір – майдан, шығарар күнде өтіне. Жазылған соң «мың сынақ» маңдайыма, Жансақтау да жатпақшы міндетіме. *** Көрінсем де намысымнан өлген боп, Тәуекелмен бірақ алға беттеймін. Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, Және-дағы кетейін деп кетпеймін!.. *** Ырзалықпен қарадық па өмірге, Дін атаулы жан дүниеме дауа ма. Арқа сүйеп көріп едім тәңірге, Жайсыздандым сүйенгендей ауаға. *** Теріс қарап міңгірледі ол маған, Пасық неме шірігінен мүңкітті. Пенде еді ол жөргегінен болмаған, Мұндайлардан жақсылықты кім күтті? *** Қиыннан бұл кезеңнің адамдары, Бар болсын қыршаңқысы, қызталағы – Қолпаштауға келгенде сараң бәрі, Кемітуге келгенде ұста бәрі! *** Жалпақ жұртқа жасаппын қайыр қандай, Бәсекелес менімен шайыр қандай. Қолдан келіп тұрғанда өлең жаздым, Жақсы менен жаманды айырғандай. *** Қай ойымды қайтарып алғандаймын, Алдымды орап өмірден озып кеткен. Жоқ күнімді несіне армандаймын, Бір жылдары өмірден озып көптен. *** Өткен жолы өтті өмірден бір құдам, Қу тірлікке қолын сілтеп, түге – деп. Келген кезде кемеңгерлік тұрғыдан, Жұрттың дені рухани мүгедек. *** Жас ұлғая салқын тартты күлкім де, Мойындайық растан деп шынды бұл. Аяқ алып жүре алмайсың бұл күнде, Адамдардан екіжүзді, мыңқұбыл. *** Мезгілімен суықтады күз күні, Өтер күннің қыр соңынан көп ердім. Қалайда да тіршіліктің тізгіні, Қолында ғой табиғаттай шебердің. *** Сөзімді айттым баршаңызға қаратып, Қаламыма іліккеннен жыр тағы. Жаратылыс бәрін өзі жаратып, Ақырында бәрін ептеп құртады... *** Екпіндесем аласұрған күй кешіп, Өлең жазып басылғандай бар жыным – Түйсігімнің үйірімен үйлесіп, Қаламымның қарымына арзыдым. *** Үміттің де, күдіктің де орны бар, Сенімнің де, сезімнің де орны бар. Барлық ұғым басы барға жол сілтеп, Басы жоқты шатастырып қор қылар. *** Кімдеріңді тұтар екен жұрт үлгі, Күнәһарлар... мекен еткен күн астын. Әрбір адам мінезден ғой біртүрлі, Біртүрліден өлеңі де Ілиястың. *** Қашқақтасам зілі түрпі әзілден, Көңіл құлпын ой-кілтпен жай аштым. Қай жағыма дайындалдым қазірден, Құр толтырып жүре бермей ай астын. *** Қабағыма қарар ма екен көп – шулы, Қашқан құтты беретіндей кім құрап. Өміріме өкпелімін өксулі, Өлеңді де қайтпекшімін мың құрақ. *** Ұстай-ұстай зар біткеннің бір ұшын, Сезгендеймін шексіздіктің бұрышын. Бүйтіп сүйген өмірім де бар болсын, Тағдырым ше, одан әрі құрысын. *** Пиғылдары тұрмаса да күрт түлеп. Бір-бірінің артын ашып жұрт күлед(і), Жүре бермек бірін-бірі шұқылап, Жүре берсін бірін-бірі түрткілеп. *** Бұралқы иттің құйрығы бұлғақтайды, Тұрғандай мына менен ас дәметіп. Мен қатсам да, ит маған тіл қатпайды, Қартайған-ау бірталай жастан өтіп... *** Жұрт өзіне мейірімі түскен сайын, Түсіреді рахымын өзгеге кем. Сусын да күнделікті ішкен шайың, Тұр байлықты сондықтан көздеп әлем. *** Жүрміз ғой барлығымыз аман бүгін, Мен туралап келтірсем айтарымды. Бетке де айттым жаманның жамандығын, Болсын деп қай істің де қайтарымы. *** Тұр дүниенің мұрыны қусырылып, Байқап тұрмын түрі жоқ ешкімді аяр. Басталды, әне, өкпемнің шу-сырылы, Өмір деген тіріге бес күнгі аял... *** Көре-көре өзінің әбестігін, Көре-көре өзінің зұлымдығын. Ендігіәрі күнәға батпастаймыз... Сайтан өліп қалды деп мен естідім. *** Кей жазғаным дәлдірүштің шатпағы. Басбіреуі туындымнан ең мықты. Ширыққанда, ой шіркінім қаптады, Іштен емес, сырттан іздеп кеңдікті. *** Сиқыр сезім сөйлей берер көп тілде, Сезімталдық – түсінгенге сор қалың. Дін-ислам, қадіріңе жеттім бе – Жетпедім-ау деп Құдайдан қорқамын. *** Кейде бар ғой таңғалмасқа таң қалдым, Өлмейтіндей өліп-өшкен жандардың, Түкке алғысыз талабынан шошыдым, Жайын сізге айта салсам осының. *** Бой ұрғаным жақсы ма сопылыққа, Етегінен ұстайын енді ненің? Шаршаппын опырылып, опынып та Құшағына сыймастан кең дүниенің. *** Көресімді көрсетсе Құдай маған, Шыркөбелек орнымда шыр айналам. Тепкісіне өмірдің көнеді адам, Хақтың да әміріне шыдайды адам. *** Қазір маған сілтемесін жөн ешкім, Өміріме араласпасын жердегі. Мен Құдайдың ойыншығы емеспін, Сайтанның да бола алмадым ермегі. *** Бар сырымды, елім, саған ақтардым, Долбарымның айтып қойсам нақты алдын, Қарапайым халықтікі – жай өмір, Мына өмірің өмірі үстем таптардың. *** Ешкім сөзін айтпайды тақтан асып, Жүрсің сен де әркіммен бақталасып. Бөліп берер ешкімге дәнемең жоқ, Неменеңе көкисің, мақтанасың. *** Тірі кезде шығатұғын төр бөлек, Кеми түссек, кіретұғын көр бөлек. Сонша өліп-тіріліп ек, пайда жоқ – Бет алдыңа баратырмыз өрмелеп. *** Жерге тастап көрмеппін еш сөзімді, Айтар сөзім әрі тәтті, қатты да. Кейде өмірің өзге етеді өзіңді, Кейде жақын тұтқызады жатты да. *** Кісімсініп неменеңді қираттым, Әсте-әсте ұятына толады ар. Астында анау інім жатыр зираттың, Қоңсылары тату-тәтті молалар. *** Құдайдікі – мынау мұңлы ғұмыр, ұқ!.. Сайтандікі – санамдағы сыбыр, ұқ!.. Көтерем деп небір ойдың салмағын, Бір күндері кетер ме екем жын ұрып. *** Жас кезгідей тұру қайда шалқайып, Әрең алып жүрмін бе әзір өзімді-ей, Сыртқы түрім тұрғанменен қартайып, Көңілім менің 41-дегі кезімдей! *** Қай ісіме ырзалықтан күлемін, Ойсыздікі – гүл жайнаған бұл өмір. Өз орнына қашан түспек жан дүнием, Қашан дұрыс дүрсілдердей жүрегім. *** Сенбеу керек еш сөзге барып көрмей, Сөз құралмас біртіндеп әріп термей. Мен жоқ кезде менің бар өлеңімді, Жанғазы ұлым өлтіріп дәріптердей. *** Баратқандай бір жаққа заман да «өрлеп», Болымсыздар тартқандай бар азабын. Бар қызығын өмірдің арам көрмек, Уақыт жалап адалдың жара жанын. *** «А-на оңбағыр тұқымынан аярдың, Мынаусының нағашысы жәдігөй». Қайбіріне құшағымды жая алдым, Ішкі түйсік деуін маған деді ғой! *** Жатырмын сол баяғы үйде тұрып, Жас кезде адам біткен салқам-сері, Жас кезде адам біткен емін-еркін, Қартайса, күн өткізбек үйде отырып. *** Қай «жырымды» айтайын өзге саған, Пысық ұқпақ тұрмыстың түзік хәлін. Өзіме ыстық білгелі ес босағам, Төреңнің де төріне қызықпадым. *** Жарар еді жалғаннан жалықпасам, Қай сорымнан басымды алып қашам, Өз орнымды кей шақта білмей қалам, Шарпуымен шабыттың «шалықтасам». *** Көрінгенді жақсының сөкпейді іші, Кімнің хәлін қатырмақ өзі бейбақ. Басқаларды ойлауға жетпей күші, Әр пендең жүр бұл күнде өзін ойлап. *** Маған ол ше, көрсетті білген пейлін, Жармасқанда жағама қатты қайғым. Құп сағынып қазірде жүргендеймін, Бөрі тектес баласын Сәттібайдың. *** Өзім жүрмін көлемінде кеуілдің, Әрбір ісіме беріп жиі таза мән. Өлең маған сіңіскелі елу жыл, Мен де өлеңге айналғалы не заман! *** Ақылы ерте жатып, кеш тұратын, Қоғамың саналардай сірә қорға. Көп көптің жады-есіне ешбір хәкім, Жарытып жасай алмас реформа. *** Бойыңдағы жігерді өзің бекіт, Сонда ғана келердей жөнге өлермен. Игілікті көретін өзіңнен күт, Ағаттық күту оны өзгелерден. *** Түпкірлеп кім ойламас теңге жайын, Доллар – мықтың ақшадан ең қожайын. Ғаламды тырп еткізбей билеп тұр ол, Уақыт сайын қанатын кеңге жайып. *** Сен де сүрдің өмірді, мен де сүрдім, Бетін ашып тастасам демде сырдың. Сен деген өктемдіктің өкілісің, Мен бе, мен өлең жазсам кең көсілдім. *** Шамамның жеткенінше мен де өзіңдей, Ретсіз басыма сөз келтірмеймін. Кәдімгідей көлпалмын кең кезімде-ей, Мәрттігімді жайдан жай өлтірмеймін. *** Ғұмыр бізді қойды ғой детектетіп, Қай жағына қадамды бастық нағыз – Біресе қара жердің үстіндеміз, Біресе қара жердің астындамыз. *** Көз салмадық тіріміз, тірімізге, Басыбайлы құл болып пәленге ана. Былайша біріміздің бірімізге, Бөліп берер «дүниеміз» сәлем ғана. *** Мендік өлең ар-нама да, зар-нама, Сәл шатақтау маған тартқан мінезі. Өлеңіме керек емес жарнама, Өзін-өзі жарнамалап тұр өзі. *** Өзекті мәселеден өмір деген Қанын жалар бейбағың битін сығып. Өзім де қазір сирек көңілденем, Жүргендіктен күніге итім шығып. *** Бар үмітім оянса мида, қанда, Тапты өзін өрелі ойым өмірден тек. Шабыт – күшім бойыма сыймағанда, Онысымен қоямын көңіл емдеп. *** Шыбын жаным жүр он екі мүшемде, Әсіресе рух бойғы күшімде. Әркімменен тайталасқа түсем де – Мұның жөні өмір сүру үшін бе? *** Ширыққанда шығамын демде қызып, Дүр сілкінер мейілінше көңіл – хәлім. Назар салсаң ойларға мендегі үзік, Сәл де болса ұқпақсың өмір мәнін, Оқырманым! *** Жаппар ием, Құдайдансың әйгілі, Ауып біткен құлдарың көп жерде есі. Көтере алар заттан ғой деп қайғыны, Үйіп-төгіп бізге уайым бермеші, Жаратқан ием! *** Әрбір күнім алдына асығулы, Желаяқтың артынан құп еремін. Ойлар шаба бастаса басыма улы, Бірталайын ұмытып жіберемін. *** Дәурен де артта қалды арақ ішкен, Шақтар да бастан өтті шарап ішкен. Шашылады, ақыры басылады – Жастық шақ қайда бармақ қара күшпен. *** Қыруар уақыт өтеді қыр асқанша, Бастағы дерт – о бастан қалың қайғым. Құл екенім өзіңе рас болса, Қалайша, Құдай, саған жалынбаймын.
Ілияс АХМЕТОВ.
Шақпақата ауылы,
Жуалы ауданы.