- Advertisement -

Ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған Абыланов

269

- Advertisement -

Өлкемізде қазақ тіліндегі тұңғыш газеттің шығарылуына, қалыптасуына атсалысқан Сыдық Абылановтың өмірі халқымыздың тарихына қайғылы кезең болып енген 1937-1938 жылдардағы сталиндік қызыл террор кезінде «үштіктің» үкімін орындаған жендеттің оғынан үзілді. Ең озық ойлы, зиялылар қатарында құрбандыққа шалынған арыстың халқы үшін атқарған істері, жазып қалдырған шығармалары осал емес еді. Атақты ұстаз-ғалым Темірбек Қожакеев «Тараз туралы толғаныс» атты мақаласында Сыдық Абылановқа «белгілі ағартушы, алғыр журналист, қаламы жүйрік жазушы болды» деген баға берген. (Т.Қожакеев. Шығармалары, 1 том. Алматы, «Айғаным» баспа үйі, 2014 жыл.)

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде дәріс алған ұстазым алдымен атағанындай, Сыдық Абылановтың негізгі қызметі халық ағарту ісі болды. Қаламгер ретінде танылуыма денсаулығы сыр бергендіктен Орынбор қаласындағы Хусайния медресесін бітірудің сәті түспей, 1913 жылдың күзінде туған ауылына келіп, мешіт жанынан медресе ашып, ұстаздық ете бастаған, Орынбор қаласында 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап шығып тұрған қазақ ұлттық баспасөзінің қарлығашы, тұңғыш жалпыхалықтық «Қазақ» газетіне шағын хабарлар жазып, басылымның авторлары санатына қосылған кезінен басталады. Жазғандарына «мұғалім Сыдық Абыланов» деп қол қойып отырған. Оларды 2009 жылы «Арыс» баспасынан «Қазақ» газеті. 1914 жыл» деген атпен шыққан жинақтан тауып оқуға болады. 1914 жылғы 15 маусымда шыққан №66 санында жарияланған «Үлгілі іс» деген мақаласында Ботамойнақ- Алмалы болысының басқарушысы Дербіс Қалабаевтың 100 бала оқитын мектеп салуға бастамашы болғаны, оны халықтың қолдағаны, білім ошағының негізі салынып қойылғаны туралы жазады. Мақаланы оқи отырып Сыдық Абылановтың өзі ашқан медресеге тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қабылдағанын, төте оқудың пайдасын дәлелдей алғанын, осыған көзі жеткен елдің балаларын оқуға әкелгені, бірақ мектеп үйінің тарлық еткенін олардың бәрін оқуға қабылдауға мүмкіндігі болмағанын білуге болады.

«Қазақ» газеті оқу-ағарту, бала тәрбиесі, әдебиет пен мәдениет тақырыптарына жазылған қазақ зиялыларының мақалаларын көп беріп отырған. Сыдық Абыланов та өз жазғандарында мәдени-ағартушылық мәселелерді батыл көтеріп тұрды.

Өз ісінде оқытудың жаңа әдісі – төте оқуды қолданған Сыдық Абыланов көп ұзамай Әулиеата қаласына ауысып, Аса интернатында ана тілінен сабақ бере бастайды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысады. Патша үкіметі жүргізіп жатқан импералистік соғыстың қара жұмысына алынып, одан саяси көзқарасы қалыптасып оралады. Бұл кезде, яғни 1917 жылы Тұрар Рысқұлов Меркіде сауатты жастардан «Бұқара» атты ұйым құрған еді. Оған мүше болып Ысқақ Әсімов, Қарымбай Қошмамбетов, Жақаш Мамыров, Кенебай Бармақов, ағайынды Әшімжан және Үсіпәлі Нұршановтар, Жүзбай Мыңбаев, қырғыз Тұрдалы Тоқбаев, барлығы 30-ға тарта жастар енді. Саяси ахуалға байланысты ұйымның аты кейінірек «Қазақ жастарының революциялық одағы» болып өзгертіледі. Бұл ұйымға тыл жұмысынан оралған Сыдық Абыланов кейінірек қосылған. Бірақ, белсенділігімен тез-ақ көзге түсіп, одақ жанынан құрылған азық-түлік комитетінің жұмысына қызу атсалысып, ашаршылыққа ұшыраған жергілікті тұрғындар үшін қаржы, азық-түлік жинаумен айналысқан.

Әулиеатада кеңес өкіметі орнағанда Сыдық Абыланов уездік халық ағарту комиссариатының мүшесі болып тағайындалып, жаңа мектептер, оқу коммуналарын ашу жолында көп еңбек сіңіреді. Аса интернатының жанынан «Коммуна» үлгі мектебін ашқан. 1920 жылдың мамырында уездік халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.Осы қызметте жүргенінде, 1922 жылы Түркістан коммунистік партиясы Әулиеата уездік-қалалық партия комитеті қазақ тілінде газет шығару мәселесіне қатысты оң қаулы қабылдаған, бірақ кәсіби журналист табылмағандықтан Ташкенттен Әулиеатаға келген Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская қолқа салған еді. Оның екі тілде шыққалы жатқан газетке редактор болуға көнуіне 1918 жылдан партия мүшесі, 1920 жылдың 7 желтоқсанында Ташкент қаласында алғашқы саны жарық көрген «Ақ жол» газетінде мақалалары шығып тұратын Сыдық Абылановтың үгіті де әсерін тигізгені даусыз еді.

Келіскен істің нәтижесі де көп күттірген жоқ. 1922 жылдың 1 мамырында уезде орыс тілінде шығып келе жатқан «Вольная беднота» газетінің қазақша қосымшасы «Кедей еркінің» алғашқы саны шығарылды. Онда жарияланған өлеңнің де авторы Сыдық Абылановтың өзі болатын. Кейін де Сыдық Абыланов газет жұмысы қалыптасып, бір арнаға түсуіне бағыт-бағдар беріп, ара-тұра аз уақыт болса да, бас редакторлығын қосалқы қызмет ретінде атқарып отырған.

Басылым 1924 жылдың тамыз айынан «Еңбек» деген ат алып, қазақ тілінде дербес газет ретінде шыға бастады. Бұл тұста да Сыдық Абыланов басылым жұмысына қызу атсалысты, өз мақалаларын жариялап тұрды Әулиеата халқына Сыдық Абыланов алғашқы қазақ мектептерін көптеп ашқан оқыған азамат ретінде жақсы танылды.Осыған сай ел құрметіне де бөленді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жариялылық заманы туған, «Ақтаңдақ беттер» деген термин қолданыла бастаған шақта облыстың Әулиеата уезі атанған кезінде ел ісіне араласқан кісілердің бірі – Ботамойнақ-Алмалы болыстық атқару комитетінде хатшылық жұмыс атқарған Ұзақбай Жамаевты іздеп барып жолыққан едім. Көп жасап, Байзақ ауданының Көкбастау ауылында бертінде өмірден өткен бұл кісі Сыдық Абылановпен бірге істеген жылдарынан естеліктерімен бөлісті. Білімді, кіммен болса да тез тіл табысып кететін адам болғаны, ана тіліне қоса орысша, татарша жақсы сөйлейтіні туралы айтып берген. Кіндігі кесілген жер қазіргі Тараз қаласына таяқ тастам жердегі Ботамойнақ ауылы екен. Патша заманында Ботамойнақ-Алмалы болысындағы №7 ауыл атанған. Бүгінде Байзақ ауданының Ботамойнақ ауылдық округіне қарайды. Сыдық осында көпбалалы шаруа отбасында 1894 жылы дүниеге келген. Сегіз жасынан жалшылықта болып, байдың малын баққан. Етінің тірілігімен Әулиеата қаласындағы төрт сыныптық татар мектебінде оқып, үздік бітірген. Одан кейін Орынбордағы медресенің төртінші курсын тәмамдаған соң елге оралып, бала оқытқан.

Сыдық Абылановты көзі көрген тағы бір адам – басылым «Еңбек туы» аталатын кезде қызмет істеген ақын Әшірбай Есмұрзаев. Онымен ең алғаш танысқанымда облыстық газет редакциясының мекенжайы қазіргі Төле би көшесінде, «Жамбылстрой» тресінің ғимаратында болатын. Жасы біразға келіп қалған, соғыс ардагері Әшірбай ағамыз менің Байзақ ауданынан екенімді біліп, ішінде Абыланов та бар осы өңірден шыққан біраз танымал азаматтармен таныс-біліс болғаны жайлы әңгіме тиегін ағытқаны есімде. Кейін газет шежіресін жазу қамымен, сарғайған тігінділерді ақтарған кезімде Ә.Есмұрзаевтың «Қажымұқан Жамбыл жерінде» деген қызықты мақаласын оқыдым. Онда атағы дүниежүзіне таралған палуанның 1923 жылы Әулиеатаға келуі туралы баяндалған. Өнер көрсеткен Қажымұқан Мұңайтпасов өзін төбесіне көтере құрметтеген жұрттан түскен ақшаны уездік оқу бөлімінің меңгерушісі Сыдық Абылановқа тапсырып, жетім балалардың қажетіне жұмсауды айтқан екен.

Халқымыздың мақт анышы болған қаһарман қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы да Сыдық Абыланов туралы жазған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Аса интернатында (кейін Карл Маркс атын алған, 1992 жылдың 17 сәуірінен Керімбай атындағы №12 мектеп) оқығаны жайлы «Үш интернат» деген шағын әңгімесі де бар. «Ұшқан ұя» кітабында да ұстазын ілтипатпен еске алады, жақсы пікірлер айтады: «Сыдық Абылановты ауыл адамдары ізетпен қарсы алып, құрмет көрсететін. Адал, ақпейіл, турашыл, жұрт қамын ойлайтын, естияр жігіт деп мақтаушы еді оны».

Сыдық Абыланов 1933 жылға дейін Ташкентте, Қарақалпақстанда, Ақтөбе мен Петропавловскіде, Қызылордада оқу- ағарту салаларында басшылық қызметтер атқарған. Қай қызметте жүрсе де баспасөзбен байланысын үзбеген, ре спубликалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде сан алуан тақырыпқа арналған мақалаларын жариялап отырған.Қызылорда қаласында 1926 жылы оның «Он алтыншы жыл» деген пьесасы жеке кітап болып басылып шыққан. Профессор Бейсенбай Кенжебаев «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиеті» деген еңбегінде: «пьеса сол тұста жазылған пьесалардың ішіндегі тақырып, мазмұны жағынан болсын, күрделілерінің, тәуірлерінің бірі болды. Қазақ драматургиясының іргетасы осындай шығармалардан қаланды» деп жазып, жоғары баға берді. Қарақалпақстанда қызмет істеген жылдары Абыланов «Күндеспейтін қатындар» комедиясын жазып, ол кітап болып шыққан. Қос бірдей драмалық туынды ұлттық кәсіби театрдың негізін салушы атақты режиссер, актер, драматург, театр және қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің де тарапынан жоғары баға алған. Оның режиссерлігімен сол кезгі театрлардың барлығында қойылған.

Көп қырлы қызметімен танымал болған Сыдық Абыланов 1937 жылы 1 тамызда республикалық радиокомитет төрағасының орынбасары қызметінде жүргенінде «халық жауы» деген айып тағылып, тұтқындалды. 1938 жылдың 28 ақпанында КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясының Алматы қаласында өткен көшпелі сессиясының үкімі бойынша атылған. Арада жиырма жыл өткенде 1958 жылдың 29 шілдесінде ғана КСРО Жоғарғы соты ол жөніндегі әскери коллегияның үкімін іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан жойды.

Қысқа да жарқын ғұмырын ағартушылық іске арнаған қоғам қайраткері, қаламгер ретінде де жарқын із қалдырған Сыдық Абылановтың ғұмырбаяндық деректері «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 1 томына (Алматы, 1998 ж.) енген.

 Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

ардагер журналист,

Байзақ ауданының  Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support